Әлем кубогының жеңімпазы атанды
Түркістанда басталған қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Әлем кубогында Қарқаралы ауданы Тегісшілдік ауылының тумасы Қайырғали Төлепберген чемпион атанды. Танымал бапкер Қанат Мұхтаровтың шәкірті 74 келі салмақ дәрежесінде белдескен болатын.
Дүниежүзілік додаға Қазақ- стан, Грузия, Польша, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Үндістан, Қытай, Әзербайжан және Монғолия елдерінен жүзден аса спортшы қатысты. Жарыстың бірінші күні 55, 60, 66, 74, 82 келі дәрежесіндегі, ал екінші күні 90, 100 және 100 келіден жоғары ауыр салмақ дәрежесіндегі палуандар күш сынасты.
Әлем кубогында жеңіске жеткен балуандарға 500 мың теңгеден, екінші орынды еншілегендерге 300 мың теңгеден және үшінші орын иегерлеріне 200 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал «Түйе палуан» бәсекесінде жеңіске жеткен абсолютті чемпионға темір тұлпардың кілті табысталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса елінде қазақ күресі федерациялары құрылып, секциялар ашылып, кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық күресімізден жыл сайын әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп тұрады.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz
Сурет Қарқаралы ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінен.