Жаңалықтар

Әлем күткен аламан басталды

Төрткіл дүние көз тіккен әлем чемпионаты басталды. Өткен жексенбіде 60 мың жанкүйер сыятын «Эль-Байт» стадионында доп додасының ашылу салтанаты өтті. Шараға Қатар мемлекетінің әмірі Тамим бин Хамад Аль Тани қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Биыл чемпионатта 32 құрама бақ сынамақ. Ойындарды «Qazaqstan» мен «Qazsport» арнасы бір ай бойы үзбей көрсетеді. Ресми іс-шарадан кейін Қатар мен Эквадор құрамасы кездесіп, әлем чемпионатындағы алғашқы ойынды бастады.

2010 жылы әлем чемпионатын Қатарда өткізу туралы шешім Швейцарияның Цюрих қаласында қабылданған болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қатар – 14, АҚШ – 8 дауыс жинады. «Әлем чемпионаты өтеді» деген күннен бастап Қатар басшылары жаңадан 7 стадион салыпты. Сонымен қатар, қонақ үйлер, метро, әуежай, ауруханалар мен сауда орталықтары бой көтеріп, жолдарды қалыпқа келтірген. Осыдан-ақ дайындықтың қандай екенін көруге болады. Тағы бір ерекшелігі – чемпионаттың алғаш рет қыс мезгілінде өтуі. Дегенмен, бұл елде қыс болмайды. Ауа температурасы тым жоғары. Сондықтан, ұйымдастырушылар әр стадионға ауа салқындатқышты іске қосып, температураның 27 градустан жоғары болмауын қадағалап отырмақ.

Салтанатты шара Қатар мемлекетінің тарихы мен мәдениетін бейнелейтін театрландырылған көрініс, түрлі шоумен басталды. Ең әуелі Голливудтың әйгілі актері Морган Фриман «паралимпиадалық спортшы» арасындағы диалогты сомдады. Осы арқылы бұл доданың күллі әлемге ортақ екенін осы бір көрініс арқылы суреттеп берді. Бұдан бөлек, маскот шеруі де өтті. Шеруде 1966 жылғы әлем чемпионатында өнер көрсеткен спортшылардан бастап, әлем чемпионатына қатысқан барлық белгілі тұлғалар бой көрсетті. Кореяның супержұлдызы Джон Гук пен Қатар жұлдызы Фахад Әл-Кубаиси бірігіп, 2022 жылғы әлем чемпионатына арнайы жазылған Dreamers композициясын шырқады.

Чемпионат алаң қожайындары үшін сәтсіз басталды. Тұсаукесер матчта А тобындағы Қатар мен Эквадор құрамалары кездесіп, 0:2 есебімен алаң иелерінің жеңілісімен аяқталды. Матчтағы екі голдың авторы эквадорлық шабуылшы – Эннер Валенсия. Ол 16-шы минутта 11 метрлік айып добын салып, әлем чемпионатындағы алғашқы голды тіркеді. 31-ші минутта әріптесі Анхело Пресиадоның берген пасын сәтті қабылдап, қақпаға дәл тоғытты. Осылайша эквадорлықтар алғашқы таймда-ақ мінез көрсетті.

Ербол ЕРБОЛАТ

Ortalyq.kz

 

Басқа материалдар

Back to top button