Жаңалықтар

Әлем чемпиондарына – әкім құрметі

Польшаның Кельце қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында қарағандылық спортшылар – Сабыржан АҚҚАЛЫҚОВ – алтын, Жасмин КИЗАТОВА қола медаль иеленді. Әлемдік жарысқа 66 елден 500-ге жуық мықты жас боксшы қатысты. Аймақ қана емес, елдің намысын қорғаған жас былғары қолғап шеберлерін облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қабылдады. Марапаттарымен құттықтап, тәлімгерлеріне алғыс айтты.

– Жастардың осындай зор жетістіктерімен аймақты баршаға танытып жүргеніне біз дәйім ризамыз. Қарағанды, әсіресе, бокстан алдына жан салмайды. Бокс – қарағандылықтардың сүйікті спорт түрі. Біз сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтамыз. Сіздерге және бапкерлеріңізге көп рахмет! Бапкерлеріңіз сіздер үшін көп тер төккені сөзсіз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Екеуі де 8 жылдан бері бокспен шұғылданады. Әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде бақ сынаулары бірінші рет. Жаттықтырушысының тәлімі мен туған-туыстарының қолдауы күш бергенін айтады.

– Әлем чемпионатына алғаш рет қатыстым. Бес жекпе-жек өткіздім. Ең қиыны – жекпе-жекке психологиялық тұрғыдан бейімделу, жекпе-жекті күту екен. Бірақ, бапкерімнің ақыл-кеңесі, жақындарымның қолдауы арқасында жетістікке жеттім. Болашақта Олимпиада ойындарына қатыссам деймін, – дейді Сабыржан Аққалықов.

Жасминнің де әлемдік деңгейдегі бәсекеге алғаш қатысуы екен. Алдағы уақытта шеберлігін шыңдап, бұдан да биік белестен көрінгісі келеді.

– Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Мен үшін бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы жарыс. Осындай чемпионаттарға әр ел үздік спортшыларды жіберетіні мәлім. Сондықтан да, ондайда бақ пен бапты сынау да оңай емес. Қазақстанның әйелдер құрамасының қатарынан табылу үшін әлі де жаттығамын. Әрине, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткім де келеді, – деді Жасмин Кизатова.

Қарағанды облысында спортты дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Сабыржан тұратын Шахтинск қаласында биыл заманауи спорт кешені құрылысы аяқталады. Онда бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған бөлек залдар болмақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button