Спорт

Әлем чемпионатындағы қазақ боксшыларының қарсыластары белгілі болды

Бүгін Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан ерлер арасындағы Әлем чемпионаты басталады. Жарыстың алғашқы күнінде екі қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады. 

60 келі салмақта бақ сынайтын отандасымыз Талғат Сырымбетов Тайланд боксшысы Сакда Руамтхаммен қолғап түйістіреді. Ал,  92 келі салмақта Айбек Оралбай болгариялық Радослав Панталеевпен жұдырықтасады.

48 келіде өткен жылы Азия чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай жарысты 1/8 финалдан бастайды. Отандасымыз өзбекстандық Шодиержон Меликузиевке қарсы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Алаң қожайыны 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері.  

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Ташкенттегі жарыстың 51 келідегі ең басты фавориттерінің бірі. Отандасымыз 1/16 финалда үндістандық Дипакпен шеберлік байқасады.  

54 келіде шаршы алаңға шығатын Махмұд Сабырхан Сербиядағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді. Бұл жол ол жеребе бойынша алғашқы кездесуін Түркіменстан және Венгрия боксшылары жұбының жеңімпазына қарсы өткізеді.  

Павлодарлық Серік Теміржанов 57 келіде ел намысын қорғайды. Ол жарысты 1/16 финалдан бастап, Молдова және Мали спортшылары жұбының жеңімпазымен жұдырықтасады.

Нұрқанат Райыс 75 келіде екінші рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр. Ол 1/16 финалда Аустрия мен Доминикан боксшылары жұбының жеңімпазына қарсы шығады. 

80 келіде Нұрбек Оралбай іріктеу сынында әзербайжан және тәжік боксшыларының өзара жеңімпазын күтетін болады. Ал 86 келіде Сағындық Тоғамбай Конго Демократиялық Республикасының спортшымен кездеседі.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа Мырзағали Айтжанов бұл жолы тағы жа зор сенім артып отыр. Бұған дейін әлем біріншіліктерінде екі мәрте күміс жүлде иеленген Қоңқабаев 1/16 кезеңде Ресей боксшысының қарымын тексермек. Айта кетерлігі, отандасымыз ширек финалға жетсе, өзбекстандық Олимпиада чемпионы Бахадор Жалоловпен кездесуі мүмкін.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button