Сенсацияға толы доп додасы

Әлем чемпионатының Е, Ғ, G, H тобы да алғашқы айналымды тәмамдады. Биылғы әлем чемпионатында жанкүйерлер күтпеген тосын оқиғалар тіркелуде. Өткен жолы Аргентина құрамасы арабтардан жеңілсе, бұл жолы аты шулы немістер де ұпай еншілей алмады. Жалпы, осы бәсекеде азиялық құрамалардың айы оңынан туып тұр.  


Е тобы

Испания құрамасы мен Коста-Рика кездесуінде ірі есеп тіркелді. 7:0 есебімен ойын испандардың пайдасына шешілді. Бұл жерде испандардың жеңетіні әу баста белгілі-тін. Алайда, «жеті голды бірден салады» деп ешкім күтпесе керек. Әзірге Испания құрамасы бір мачта ең көп гол салған командалардың көшін бастады.

Испания құрамасының Бас бапкер Луис Энрике мүйізі қарағайдай ойыншыларын босатып, құрамаға жастарды жасақтаған. Жанкүйерлері «Жастарда тәжірибе жоқ» деп күмәнданғанмен, бапкер тәуекелге бел байлады. Ал, Энрикенің шәкірттері нәтижесін алғашқы ойында-ақ көрсете алды.

Осы жолы Коста-Рика топтық кезеңнен шыға алмайды деп айта беруге де болатын шығар. Олай дейтініміз, егер де қарсыластарымен ұпайы теңестіргеннің өзінде өткізген жеті голы алдынан шығатыны сөзсіз.

Екіншіден, немістерді таптап өткен жапондардан айласын асыра алар ма екен? Бірақ, бәрі де болуы мүмкін…

Германия мен Жапония құрамасы арасындағы кездесу 1:2 есебімен жеңіс жапондардың еншісіне жазылды. Қарқыны қатты немістердің жапондардан ұтылғаны қалай? Бәрін емес, бірін айтайық. Қорғанысына баса назар аударған азиаттар осылай немістерден айласын асырды. Енді осы қорғанысымен испандарға төтеп бере алар ма екен? 

F тобы

Бельгия құрамасының қарқыны – жаман емес. Алғашқы кездесуде 1:0 есебімен Канада құрамасынан басым түсті. Бұл ойында канадалықтардың жеңуге мүмкіндіктері бар еді. Өкінішке қарай, айып добын соға алмай қалды. Одан бөлек, қақпаға бағыттаған соққылары тым әлсіз әрі айдалаға кетті. Салдарынан, мысы да басым, тәжірибесі де көп белгиялықтар айласын асырды.

Ал, Марокко құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының финалистерімен тең ойнады. Бірақ, хорваттар көрсеткіш жағынан Марокко құрамасынан басым болды. Дегенмен, хорваттардың бұл ойынын жанкүйерлері күтпесе керек. Бірақ, жіберген қателіктерін түзеуге мүмкіндіктері бар.  

G тобы

Бразилия құрамасы алғашқы ойында Сербия құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Әлбетте, небір мықтылардан жасақталған құраманың да фоварит атануы тегін емес-ті. Әрі, топтық кезеңнен мүдірмей өтері сөзсіз.

Швейцариялықтар Камерун құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, қос команда тең ойын көрсеткендей. Яғни, бір-біріне лайық қарсылас. Дегенмен, Швейцария құрамасының жігіттері шабуыл сәтінде қарсыластың ұрымтал тұсын тауып алған сыңайлы. Топтық кезеңнен екінші команда болып шығуға қос команданың мүмкіндігі де қабілет-қарымы да жетіп тұр.

H тобы

Көпшілігінің көптен күткені Португалия мен Гана құрамасының ойыны десек, артық емес шығар. Бұл мачты әйгілі футболшы Криштиану Роналду үшін күтетіні сөзсіз. Себебі, 40-қа таяп қалған футболшының бұл соңғы әлем чемпионаты болар, кім білсін?! Ал, футболшы үшін жетістік – құрама командасымен әлем чемпионатын бағындыру. Бәлкім, осы жолы португалдық жігіттің жолы болар…

Португалия Гананы 3:2 есебімен жеңді. Бұл жерде Ганалықтардың үздік ойын көрсеткенін айта кетуге болады. Қарсыластардың соққыларына төтеп беріп, жылдам жауап қайтарып отырды. Ганалықтардың жеңіске деген жігері осы мачта-ақ көрініп тұр.

Уругвайлықтар Оңтүстік Корея құрамасымен тең ойын көрсетті. Десек те, көрсеткіштер уругвайлықтардың басым болғанын айтады. Топтық кезеңнен кім шығып, кім қалатынын уақыт көрсетеді. Әзірге, бірінші айналымның қорытындысы осылай.

Ербол ЕРБОЛАТ