Шет

Әлем – аналар қолында

    Әлемнің жарығы, өмірдің шырағы – Аналардың халықаралық күні Шет ауданынында кеңінен аталып өтті. Аудандық Мәдениет үйіндегі мерекелік салтанатта аудан әкімі Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ ардақты аналарды, түрлі салаларда еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтады.

Әйел-ана – біздің қоғамымызда әрдайым қадірлі тұлға. «Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Еліміздің гүлденіп-көркейуі, дамыған мемлекетке айналуы – отбасындағы тату тіршілікке байланысты. Ал, үй ішіндегі береке ананың қолында. Сондықтан да, әйел – Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің бастауы. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында басымдық берілген әлеуметтік реформалардың негізі ана мен бала мүддесіне арналғаны жарқын болашаққа сенімімізді нығайта түседі, – деді аудан басшысы.

Осы орайда, елеулі еңбегімен көзге түскен бір топ қызметкер келіншек аудан әкімінің марапатына ие болды. Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Таңсық Махамбетова, Оқушылар үйінің директоры Нұргүл Шатекова, аудандық білім бөлімі жанындағы білімді дамыту орталығының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Жанат Әмірова аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, аудандық орталық аурухананың аға медбикесі Гүлжанат Мұсақызы, аудандық ішкі істер бөлімінің ақпараттық аналитикалық тобының аға инспекторы Гүлден Жаңбырбаева, аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы Қарлығаш Қасымова Алғыс хат иеленді.

Жиынға арнайы шақырылған «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерінің иегерлері мен тыл ардагерлеріне аудан әкімінің атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ардагер аналарды марапаттаған аудандық мәслихаттың хатшысы Бәкен Төлеуқұлов аяулы жандардың шаңырақтарына береке мен бақыт тіледі.

Салтанат соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бүгінде Шет ауданында 957 – «Алтын алқа», 750 – «Күміс алқа» иегері бар. Өңірдегі білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет салаларында қызмет ететіндердің денін қыз-келіншектер құрайды. Нақты айтқанда, мұғалімдердің – 77 пайызы, мәдениет қызметкерлерінің – 57 пайызы, кәсіпкерлерлік саласындағылардың – 39 пайызы, дәрігерлердің – 90 пайызы, мемлекеттік қызметкерлердің – 46 пайызы қыз-келіншектер. Аудандағы 73 мекемені әйел азаматтар абыроймен басқарып отыр.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button