Әлем алғыс айтады
Бейбітшілік пен келісімнің салтанатты үлгісіне айналған Алғыс айту күні тыныштық пен берекеге үндейді. Елімізде жылда аталып өтетін мереке айналамыздағы барша адамзатқа алғыс айтып, ризашылық білдіретін үлгілі күнге айналған. Достық пен махаббат, мейірімділікке ұласқан бұл күн әлем халықтары арасында да бар.

Мысалы, америкалықтар Алғыс айту күнін «День Благодарения» деп атайды. Көптен көріспеген отбасы мүшелері дастарқан басына жиналып, күркетауық етін жейді. Бұл дәстүр жалпы «Отбасы күні» болып саналады.
Ал, жапондықтар үшін бұл жыл сайынғы «Еңбек күні». Жылда 23 қарашада Kinrō Kansha no Hi күні мерекеленіп, адамдар өздерін жұмыспен қамтамасыз еткен жұмыс берушілерге алғыс айтқан. Жалпы, Алғыс айту күні Жапонияда 1948 жылы пайда болған. Соғыстан кейін жұмыссыз қалған халық жұмыс бергендерге рахмет айтатын болған. Тарих беттері жапондықтар күріштің мол өнімі жиналғанда алғыс айта бастағанын аңғартады.
Беларусь елі атап өтетін Дажынкi, орысша айтқанда, «Дожинки күні» қыркүйек айының соңына сәйкес келеді. Белоруссияда ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі саласы болып есептелетіндіктен, мереке қалалар мен ауыл-аймақтарда үлкен ауқымда өтеді. Егін жинаудың соңғы күні деревнядағы ең құрметті әйел бір топ әйелдерді ертіп, егін даласына шығып, орақпен егін орған. Орақшы әйел бір-бір масақтан қалдырып, бау байлаған. Масақ жинаған әйелдер деревняға әнмен оралып, оларды халық дәм-тұзбен қарсы алған. Осы әдет дәстүрге айналып, халық Жер-анаға мол егін бергені үшін алғыс жаудыратын болған.
Герман халқында Алғыс айту күні қазан айының алғашқы демалыс күнінде. Бұл ел мерекені егін алқабында атап өтеді. «Келер жылы да астық пен жеміс-жидек, көкөніс мол болсын» деген ниетте тағдырға, Жер-анаға алғыс білдіріп, рахмет айтуға жиналады.
Канадалықтар Алғыс айту күнін арғы аталарының Атлант мұхитын сәтті асып өтуімен ерекшелендіреді. Мерекені 1578 жылы Мартин Фробишердің Ньюфаундлендке көшіп келуімен байланыстырады. Француз тілінде L’Action de Grâce күні жыл сайын қазанның 2-дүйсенбісінде аталып өтеді.
Вьетнамда және Қытайдың кейбір аймақтарында Алғыс айту мерекесі Tet Trung Thu деп аталады. Грегориан күнтізбесіне сәйкес, мереке қыркүйектің аяғы мен қазанның басына сәйкес келетіндіктен, «Күз ортасындағы фестиваль» деген мағынаны береді. Атаулы күнде жергілікті халық аңыз бойынша жерге жауын жіберіп, мол астық берген айдаһарға алғыс айтады екен. Мерекені ауыл-аймақ болып тойлау дәстүрге айналған. Бұл түнде вьетнамдықтар айға қадала қарап, ел болашағын болжайды. Балаларын түрлі-түсті киімдермен сәндеп, шеруге шығарады. Өйткені, олардың аңыздары бойынша балалар айдан туылады.
Үндістер мереке сайын дұға оқып, Құдайға алғыс айтуды әдетке айналдырған. Алайда, үнділер арасында бір-біріне Алғыс айту деген түсінік жоқ. Мысалы, қарапайым үнді отбасында анасы тағам дайындап бергені үшін оған алғыс айтпайды, себебі, бұл оның міндеті ретінде қалыптасқан. Достар көмек сұрап, ешқашан өтініш жасамайды. Өйткені, дос әрқашан өтінішсіз көмек көрсетуі тиіс деген түсінік бар.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»