Жаңалықтар

Әлекеңнің ел білмейтін ерліктері

Азаматтық болмыс – екінің бірінің бойынан табыла бермейтін құбылыс. Ал, жазуды, сөз өнерін жанына серік еткендер үшін бұл – өмірдің басты қағидаты. Өйткені, елдің алғысын алып, ыстық ықыласына бөленіп жүру – бір бөлек те, соңыңнан ерген жас буынға үлгі болып, азаматтық істеріңмен бағыт-бағдар көрсету – бір басқа. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – 40 жылдан астам өмірін телевизия саласына арнаған аяулы журналист Әли Тойжігіт. Телеэкран арқылы халқының көзайымына айналып, сүйікті журналисі бола білген Әли ағамыз қолынан микрофонын тастамай жүріп-ақ, қаламның да киесін сезіне білді. Бірнеше кітап жазды. Бірақ, біз бұл жазбамызда телеарна ардагерінің азаматтық қырына үңілмекпіз. Әли ағамыз өмір жолында азаматтық танытып, сол биіктен көрініп келеді. Көп созбай-ақ, соның бірнешеуіне тоқталайық…

Біздің назарымызды ерекше бұрған «Мерседес» жайлы оқиға. Әли Тойжігіт ағамыздың өзінен сұрап алдық.
Ұтыс лотереясынан «Мерседес» автокөлігін ұтып, оны иесіне қайтарып беру – үлкен ерлік. Мұндай құбылысты өмірде көп кездестірмейсіз. Бұл оқиғаны кейіпкеріміз былай еске алады.

«Әкеміздің туған інісі Серікбай көкеміздің балалары ауылда жұмыс болмай, түгелдей отбасымен 2007 жылы Астанаға көшіп келді. Елорда енді-енді дамып, қалада алуан түрлі құрылыс ғимараттары салынып, жұмыс дегеніңіз күні-түні жүргізіліп жатқан шақ. Қанша айтқанмен жұмыс қолы жетіспейді. Осыны естіген Оңтүстіктегі туыстарым көштен қалмай, күнкөріс үшін осында келді емес пе. Тепсе темір үзетін інілерім, пәленбай теңгеге пәтер жалдап жұмыс істеді. Қайсыбірі автобус айдады. Енді бірі, әсіресе, жеңіл көлігі барлар кісі тасып, күнделікті көже-қатығына нәпақа таба бастады. Арада үш жыл өткен соң, осындай қызмет істеп жүріп, Артықбай дейтін ініміздің баласы аяқ астынан жазықсыздан жазықсыз істі болып қалды.

Әділдіктің шыңына жете алмай, әлгі бауырымыз 3 жылға сотталып кетті. Артында шиеттей балалары мен жұмыссыз жары қалды. Әкесі де көлігімен кісі тасып күн көріп жүрді. Біреулерге сөйлескен екен, қомақты қаржы болса босатып жіберуге әзір екенін айтыпты. Перзенті үшін ата-ана неге болса да барады ғой. Содан көлденең табысы, туыстардан ақшалай көмек болмаған соң, әлгі күнкөрістегі көліктерін сатуға кірісті. Базарға апарса, бағасы көңілдегідей болмаған. Жүрістегі көлікті кім ала қойсын. Содан ағайынтуыс, таныс жігіттер «Машиналарды лотерея ойыны арқылы сат! Сол саған тиімді болады» деп кеңес беріпті. Осы игілікті шараға бұл күндері Қазақстан Республикасы су шаруашылығы комитетінің бөлім бастығы, білікті азамат Әбдәшім Ешпаев бас-көз болып, ауылдас жігіттер Дәулет Қалмұрзаев, Әбдіуәлі Мұсырманқұлұлы, Бибосын, Талғат Мамытов сияқты азаматтар оның оң шешілуіне атсалысты.

Шымкент жағында әлгі ұтыс ойыны ара-тұра пайдаланылады. Егер оны дұрыс ұйымдастыра білсе, көлік сатушы үшін пайдасы тәуір. Айталық базарға бірнеше рет барып жүріп, әлгі көлікті әрең 8 мың долларға пұлдаса, ұтыс ойыны арқылы оны 10 мың доллардан асырып сатуға болады. Артықбай ініміз амалсыз сол іс-әрекетке көшіп, баспадан заңдастырып, ұтыс лотереясын шығарған. Бір билеттің бағасы 10 мың теңге. Жігіттер ұйымшылдық танытып, әлгі билеттерді елдегі және осы маңдағы ағайын-туыс, жерлестерге, басқа да таныстарға сатты. Әркім жағдайына қарап алды. Енді біреулер 2-3-тен, қайсыбірі, тіпті, сатып алған жоқ. Мен қанша айтқанмен туысқанмын ғой, 5 билетін бірақ алдым. Барлық билеттер сатылған соң, Астанада арнайы комиссиядан құ­рылған топ ел-жұрттың алдында әлгі нө­мірленген билеттерді барабанға салып ойнатыпты. Бағыңыз жанса, 10 мың теңге төлеп, машиналы боласыз. «Мерседес» пен «Опель» ұтысқа қойылған.

Астанада өткен ойынға жұмыс бабына байланысты қатыса алмадым. Бірақ, 200 адамның ішінде менің №58 билетіме «Мерседес» көлігі ұтысқа шығыпты. Маған сол жерде тұрған жігіттер хабарласып, ұялы телефонмен сүйінші сұрады.

Екі-үш күннен соң әлгі машинаны Қарағандыға айдап әкелді жігіттер. Көрдім, «Мерседестің» жағдайы өте жақсы. 2001 жылғы екен, жүйткіп тұр. Олар келгенше отбасыммен ақылдасып, машинаны Артықбай бауырымның өзіне қайтарып беретін болып шештік.

Неге? Өйткені, сол көліктің арқасында шиеттей бала-шағасын кісі тасып, асырап отыр емес пе.

Екі көліктен айырылды. Өздері болса қаланың шетіндегі «мың торғай қамасаң, бір торғай қалмайтын» үйді пәтер ретінде қомақты қаржыға жалдап отыр. Енді қалай күн көрмек? Мерседеске мініп, шалқайып жүргенім қай адамшылыққа жатады?

Астанадан келген жігіттерге осы шешімді айтқанда, олар не сенерін, не сенбесін білмей аңтарылып, тұрып қалды.

Сол күні кешке Шымкенттен Артықбайдың әкесі, күні кеше қажылыққа барып қайтқан Серікбай көкем үйге телефон соғып, ақ батасын берді. Абыз ағаның шынайы тілегінен артық қандай байлық бар дейсің?!», – деп еске алады өзі «Мерседес оқиғасын».

Әли Тойжігіттің ел білмейтін тағы бір азаматтығы бар. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген бар. Біз ардагер журналисттің мерейтойы қарсаңында халқының алдында мерейі тасысын деп, соны да жазуды жөн көріп отырмыз.

Әли Тойжігітов бір жылдары сонау Павлодар облысының аумағында жатқан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне жолбелгі орнатқан. Журналистикаға келгеннен бері халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азаматтың бұл әрекетін көпшілік білмейді. Өйткені, өзінің жақсы атты болуы үшін емес, елінің игілігі үшін еңбек ететін ердің істейтіні осы болса керек.

Алда-жалда Баянауыл жаққа сапарлатып, Мәшһүр әулиенің кесенесіне қарай ат басын бұрсаңыз, сондағы жолбелгіге қарап мерейлі 70 жасқа толған Әли ұлдарыңызды еске аларсыздар, қадірменді оқырман!

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button