Жаңалықтар

Әлекең мамырда туған

Тау тұлға Әлімхан ЕРМЕКОВ 1891 жылы 25 мамырда туған. Бұл деректі ҚарТУ проректоры Мирас ҚҰТТЫБАЙ сәуір айында хабарлаған-ды. Яғни, қолында нақты құжаты бар. Міне, осы күнге орай Алаш арысының немересі Олег МАҒАУИЯҰЛЫН ортаға алған қарағандылық атқамінерлер Әлекеңнің зиратына барып, құран бағыштап қайтты.

Зират басындағы алғашқы сөзді Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов алды.

Әлекеңнің көксегені – тәуелсіз қазақ елі еді. Арыстың арманы орындалды. Еліміз -аман, жеріміз – қолымызда. Ендігі міндетіміз – осы байлығымызды көздің қарашығындай қорғау. Әкелер аманатына адалдық таныту. Біз өзіміздің арқамыздағы жүкті абыроймен алып өтіп, келер ұрпаққа ұялмай табыстауымыз керек, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Олег Мағауияұлы Алаш қайраткерлерінің ісін жалғар жастар тұрғанда Көк Туымыз жығылмайтынына сенім білдірді.

Атамның арманы, оның ұстаздары мен үзеңгілестерінің арманы, елдік мүддені көздеген ісі барша қазақстандықтардың жүрегінен орын алуы тиіс деймін. Адам бар жан-тәнімен армандаған кезде ғана, бар күш-жігерімен ұмтылғанда ғана жетістікке жетеді. Әкелер арманы жүрегімізде бүр жарып, бізді жарқын келешекке алып келсін деп тілеймін. Қазақстан мынау қазіргі қиын геосаяси ахуалдағы әлемнен өзіне лайықты, маңызды орынды алатынына сенімдімін. Әлекеңнің, алаштықтардың ұстанымын өз ұстанымына айналдырған Қазақстан жастары тұрғанда ұлт рухы әрдайым жоғары тұрады, – деді тектінің тұяғы.

Туған күніне келсек… Мирас Құттыбайдың айтуынша, Әлекеңнің туған күні туралы нақты мәлімет жоқ-ты. Алайда, белсенді топ ғалым оқыған Томск политехникалық университетіне (Ресей) арнайы хат жазды.

Сәуірде ресми жауап келді. Университет мұрағаты сол кезде толтырылған студенттер тізімінен үзінді ұсыныпты. Яғни, онда Әлімхан Ермековтің дүниеге келген күні 25 мамыр деп көрсетілген.

Биыл Әлекеңнің Томск университетін бітіргеніне бір ғасыр толады. Осыған орай, оқу орнының қабырғасына тақта орнату жоспарланып отыр.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button