Жаңалықтар

«Өлең – сөздің патшасы…»

Қастерлі Қарқаралы қаласында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына және Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде «100 өлең» атты облыстық байқау ұйымдастырылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Абайдың асыл мұрасын, ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесін айшықтауға бағытталған байқауға облыстың әр қиырынан келген өнерлі жастар қатысып, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, сөз өнеріне деген құштарлықтарын паш етті.

Байқаудың ашылу салтанатында Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынұлы сөз сөйлеп, жырсүйер халыққа жылы лебізін білдірді.

Додаға түсушілердің өнеріне баға берушілердің қатарында белгілі ақын, қазылар алқасының төрағасы Руслан Нұрбай, аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш, ақын Сұлтан Дәулетханұлы, «Қарқаралы» газетінің редакторы Құрманғазы Өтебай және республикалық, облыстық Абай оқуларының бірнеше дүркін жүлдегері Айнұр Топаева қазылық етті. Қазылар Абай өлеңдерін жатқа оқыған өнерпаздардың тіл тазалығы, мәнерлеп оқу шеберлігі мен сахналық мәдениетіне жіті назар аударды.

Сахна төрінде тек өлең оқылмады, ақынның ғибратты қара сөздері негізінде жүйеленген қойылым сахналанды. Сонымен қатар, мәдени-сауық орталығының өнерпаздары мен «Қайран жас­тық» ардагерлер ансамблі әсем ән орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені 500 мың теңге қаржылай сыйақыны Қарқаралы қаласының намысын қорғаған Нұртай Айсұлу иеленді. Ал, бірінші орын – 300 мың теңгелік жүлдені Қарағаш ауылынан келген Дүйсен Абылай қанжығалады. Екінші орынды қарағандылық Мәриям Ахметбек пен Ақшархат Эшкупова бөліссе, үшінші орынды Ақтерек ауылынан Төлеген Балым және Қарабұлақ ауылынан Әлия Біржанқызы еншіледі. Олар да 200 мың және 150 мың теңгелік жүлдеге ие болды.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» демекші, шынымен Абай қалдырған өлмес сөз – ұрпақ жүрегінде мәңгі жаңғырып, ел руханиятымен бірге жасай берері анық.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button