Руханият

Өлеңі – сырласы, мұңдасы

Шет ауданында жанды жып-жылы еткен, алақандай кітапхананың аядай ғана оқырман залында тағы бір әдемі кеш өтті. Кешегі күні. Шағын залды кернеген сол күнгі ықыласқа төрт тас қабырға тарлық еткенін аңғардық. Аңғардық да, айран асыр болдық. Өйткені, шынайы лебіз кішкентай залды әуелі кимелеп, соңыра бұзып-жарып, сыймай, лықсып сыртқа шығып жатқандай еді сол сәт. Ол – лирик ақын Серғазы Қабылдаұлының жаңа жыр жинағының таныстырылымына жиналған жұртшылықтың ақ еділ пейілі еді. Биыл жетпіс жасқа келген әрі тағы бір жыр жинағы жарық көрген ақынды бір мезет ауыл-аймағы осылайша алақанына салды, ардақтады. Ауылдың үлкені-кішісі жиылды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрхан Мыңбаев, ардагер-журналист Оралбек Жүнісұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы-этнограф Төрехан Майбас арнайы келіпті. Жұрт таныстырылымын асыға күткен жыр-жинақтың атауы «Бейнең қалды көзімнің шарасында». Кітаптың атауынан тағдырдың бірер жыл бұрын мезгілсіз мәңгілікке алып кеткен жарына деген сағыныштан сарғайған жан жараны ұғындық. Кеш – «Ақын жыры – өмір сыры» аталған екен. Десе, дегендей-ақ екен…

Өмірі өлеңге, өзі өлеңге айналып кеткен адамдар бар. Ондай адамдарға мына дүниенің жылтырағы жат. Атақ та қумайды. Даңқ та дәметпейді. Құрмет те сұрамайды. Өзінің қоңыр тіршілігімен өлеңімен бірге өріліп кете барады. Басқа дәнеме қажет емес оларға. Бір-бірін күндеген, жүндеген ит тірлікте шаруасы мүлде жоқ. Өз әлемінде өзі ғана, сосын… өлеңі. Болды. Басқа бейбақ пенделер секілді бар-жоққа талас қылмайды, қылғысы да жоқ. Серғазы Қабылдаұлын көрген сайын осы тұжырым санаға сан айналап соға берер еді. Шығармашалық кеште соған және бір көз жете түсті.

Әуелі сөз алған ақын ағасы Тезекбай Амандықов бауырына өлеңнен шашу шашса, Төрехан Майбас бастаған қонақтар Серғазы ақынның дарын-талантымен ауылда қалып қойғанына налыды. Әйтпесе Құдай берген таланты талайларды шаң қаптырғандай-ақтын.

Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметов аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен естелік сыйлығын табыстап, иығына шапан жапты. Запастағы полковник Нұрхан Мыңбаев «Генералдар кеңесі» РҚБ төралқа шешімі бойынша Серғазы Қабылдаұлына мерейтойлық әскери медальді тапсырды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілданың арнайы құттықтауы жеткізіліп, холдинг атынан қазақы дәстүрмен ақынның иығына шапан да жабылды.

Кітаптың қызыл лентасын кесу мәртебесі Оралбек Жүнісұлына, Нұрхан Мыңбаев және ақын Тезекбай Амандықұлына бұйырды. «Шет шұғыласы» аудандық газетінің редакторы Мейрам Сәдуақасов, Шет аудандық мұражай басшысы Салтанат Қамытбаева құттықтауларын жеткізді. Ақынның алабөтен болмысы туралы толғанды.

Бұл кеште ешкім жолынан жығылған жоқ. Тарту-таралғы да жасады. Жыр да оқылды. Еменжарқын әңгіме де өрбіді. Ақынның жырларын жас өрендер жатқа оқыған соң ауылдағы ағайын сценарийсіз сөз алып, ақжарма тілегін аянып қалмады. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейтін даналыққа тағы бір куәлік етті. Сол арада осындай шырайлы кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған Шет аудандық орталықтандырылған кітапхана ұйымының басшысы Мейрамгүл Сансызбайқызына да жұрты дән риза болысты. Бәрі жарасымды. Бәрі үйлесімді.

Ғұмырын жазуға арнаған ақын, журналист Серғазы Қабылдаұлын Шет өңірі әуелі ақын, содан соң журналист, аудандық газет редакторы деп біледі. Осы жылдарда жұрты ақынның кісіге қылдай қиянатын көрмеді. Әсіре қызыл сөз емес. Шынтуайты сол. Сондықтан да, ақынның бұл кеші күміскөмей әнші шырқаған ғажап әндей біразға дейін санада сақталып та, жүректерде жатталып та қалары хақ. Шүбә жоқ. Ал, мұндай кештер әлі де жалғасты болар бұйыртса. Оған да Шет барда шүбә жоқ…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button