Өлеңі – автопортреті
Өлең жазып, белгілі бір ортада «ақын» деп мойындалған соң, нетүрлі қылық ойлап тауып, өзіне ақындық тағдырды жапсарластырып алатындар жетерлік. Сондай ақындардың тағдыры, болмысы қандай жасанды болса, өлеңдері де сондай болады. Бейне бір жеңіл әрі қысқа уақытта әзірленетін фасфуд дерсің. Жүрегің тебіренбейді, толқымайды. Сезіміңнің пернесін баспақ түгілі, маңайына да жуымайды. Олар өзінше тік, асау, болып көрінгісі келеді. Ортада тұрып әртістігіне де салады. Ақындығын бәлсінетіндері, тіпті, бөлек әңгіме.

Мұндай жасандылықты жүрегінің көзі, төбесінің тесігі барлар ғана сезсе керек. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауинше айтсақ, «Жан – Алланың аманаты, жазу – аруақтың аманаты». Шын қаламгер осыны ұққан күні ғана кемеліне жеткен, жан әлемінің көшірмесіндей өлең жаза бастайды. Сол өлең тірі ағзаға айналады. Автордың өзімен бірге өмір сүріп, тіпті, көзі кеткеннен кейін де өзді өзі болып ғұмырын жалғастырады. Ал, өтірікке, жасандылыққа жаны қас, жазуға серті берік қаламгердің өлеңдерінен өзін көресіз. Өлең – сонысымен өлең. Мүсіркеп Сейдахметтің өлеңдерінен өзін көресіз.
Мәселен, «Муза, Мен және тірлік» деген өлеңіне жүрек көзін бұрыңызшы. Ақын өлеңін: «Жаралған жасын-бишік, от-қамшыдан, О, Муза, көкті кезген көк қаршығам» деп бастайды. Шайырлар қауымы музаны көбіне нәзіктікпен жырлайды. Ал, Мүсіркеп ақынның алғашқы екі тармағынан-ақ табиғатын сезесіз. Осы екі тіркестен-ақ тұтас өлеңнің демін сезіп, асқақтығын көресіз. Өлеңді қоңырлатып, соңғы екі шумаққа дейін
оқырманды дайындайтын ақындар бар. Оларды салыстырмалы түрде айтсақ, әуесқой боксшыға теңеуге болады. Бар күшін, әдісін ұпаймен ұтуға жұмсайды. Көп болғанымен, қарсыласын есеңгіретпейтін соққылар. Бұл деңгейдің де өз жанкүйері бар. Бірақ, раунд басталған бетте ауыр соққыларын төпелетіп, қарсыласын есеңгіретіп тастайтын кәсіпқой бокстың жанкүйері көбірек болса керек. Поэзия да солай. Ақынды боксшыға теңесек, оның бабы, физикалық дайындығы алғашқы тармақтардан-ақ сезіледі. Екінші
шумағы «О, Муза, көк қаршыға жыр-өлеңім» деп басталады. Музаны қаламгерлер әдетте аққуға, ақ көгершінге, сәулеге теңеп жатады.
Мүсіркеп Сейдахметтікі – көк қаршыға. Осы бір ғана тіркесінен ақынның өзіндік қолтаңбасын, ерекшелігін көресіз. Қаршыға – жыртқыш құс. Аспанның арланы.
Автордың тағдырынан, өмір жолынан хабары бар адамның осы бір ғана жолға көңілі құларына сенімдімін. «Тірліктің додасында көкпар тартып, Сүрініп, құладым сан, жүреледім», – дейді әрі қарай.
Қанаты аймалаған көкте күнді,
О, Муза, көк қаршығам өктем үнді.
Жіберді қоламтаға айналдырып,
Тоғышар мына қоғам от демімді.
Қамалын бұзамын деп айла-ептің,
Өксітіп өмірімді майдан еттім.
Тірліктің додасына тастап мені,
О, муза, көк қаршығам, қайда кеттің?
Осы өлең турасындағы ойымызды түйіндей айтқанда, Мүсіркеп Сейдахмет – шынайы ақын.
Өлеңіне «әшекей» тағып, бетіне «далап» жақпайды. Жанының сырын, мұңын бүкпесіз төгіп тастайды. «Әшекей» мен «Далаптың» түр-түрін оқырман үшін жазатын жазармандардан көресіз. Мүсіркеп Сейдахмет Жаратқаннан өзіне аманат етіп берілген «Жеңілдігі көбіктей, Ауырлығы табыттай» (Жұмекен Нәжмеденов) ойын, мұңын ақтарады. Мұндайды ақынның өз-өзіне адалдығы деп ұқсақ, абзал. Әлемдік деңгейдегі ақын-жазушылардың өмірбаянына қараңыз. Ешқайсы да төңірегіндегілердің барлығына дерлік аяулы болмаған. Пенде жақтырмас қылықтары жетерлік. Себебі, Ақын – періште. Ал, періштенің қашан да тұзы жеңіл. Кейде жүрегінің тазалығынан опық та жеп жатады. Өлеңмен лаулап жүріп талай соқпаққа түсетіндері де содан. Мықты, жігерлі адамдар ғана өзінің шынайы бет-бейнесін жасырмай өмір сүре алады. Ал, ақынға қойылатын талап, тіпті,биік. Ақын Өмірзақ Қожамұратов: «Батыр ақын болмаса, батырлыққа мін емес, Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес», – дейді. Турашылдық пен шынайылық – Мүсіркеп Сейдахметтің асыл қасиеттерінің бірі. Бұл – көп ақынға бұйырмаған қасиет. «Шындықты айтамын деп талай адамға жақпай қалдым», – дегенін Мүсіркеп Сейдахметтің аузынан талай естігенмін. «Неге үндемей қалмайсыз», – деймін. «Екіжүзділерді жеккөремін», – дейді кіжініп. Бұл не? Біздің пайымымызша, бұл – шынайы ақынның кеудесінде бұлқынған Ар. Ақтоғайда жатып жазды. Өзгелерге ұқсап ақындығын бәлсінген жоқ, жазғанына марапат сұраған жоқ. Ауылдағы қоңыр тіршілікте көктен түскен сәулелі ойларын сияға айналдырды. Жазуға адал болды. Бүгінде Ақтоғайға ғана емес, тұтас Арқа жұртына қадірлі ақын.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»