Өлеңге айналған өмір
Балқантауды бақытына балаған ақын Кәрім САУҒАБАЙДЫҢ туғанына биыл – 80 жыл. Мерейтой аясында «Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығы «Кәрім – ақын, Кәрім – жыр..» атты І Кәрім Сауғабай оқуларын өткізді. Байқауға өңірдің түпкір-түпкірінен 10-18 жас аралығындағы 50-ден астам баладан өтініш түскен. Олардың арасынан 8 оқушы іріктеліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, байқау пандемияға байланысты онлайн форматта өткізілген. Сайысқа Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, айтыскер ақын Қойлыбай АСАНОВ қазылық етіп, журналист Ермек БАЛТАШҰЛЫ баяндама жасады.
Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай тізгіндеді. Оқушылар байқау ережесіне сәйкес ақынның бір өлеңін жатқа оқып, әрі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеуі керек болған. Жеңімпаздарды бекітілген қазылар алқасы анықтап, тарту-таралғы жасады. Сонымен қатар, шәкіртін байқауға қатыстырып, дайындағаны үшін ұстаздарына да Алғыс хат табысталды.
– Өмірдегі қиын нәрсе – баланың арманын жазу. Балалардың тілін табу. Олармен сөйлесу. Ал, Кәрім балалар әдебиетінің классигі болып қалды. Бұдан басқа арман бар ма? Өзі игі жақсылармен жүретін. Ілия Жақановпен бірігіп, «Балқантау» әнін шығарды. Осы әнмен Балқантау мәңгі тарихта қалады. Абай айтпақшы, мына заман жақсыны аяғынан шалатын заман. Бірін-бірі жығатын заман. Ал, қамшының сабындай қысқа ғұмырда жақсыны жамандамай, жақсы атпен өткен адамда арман жоқ. Ал, Кәкең сондай арда азаматтардың бірі еді, – деді Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы.
Аталмыш шараны ұйымдастыруға ақынның ұрпақтары да атсалысқан. Ұрпақтары атынан арнайы жүлдені бәске тіккен. Байқаудың бас жүлдесін №76 Әлихан Бөкейханов атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Индира Күлімбетова иеленді. І орынды Жаңаарқа ауданындағы №132 мектебінің 5-сынып оқушысы Жәнібек Кәрібаев, ІІ орынды Диас Конкишев, ІІІ орынды №6 мектебінің оқушысы Нұрмұхан Сұлтанмұрат иеленді. Бұдан бөлек басқа да қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен сертификаттар, Алғыс хат табысталды.
– Әкеміздің өлеңдерін жатқа оқып, бізді бір қуантты. Мерейімізді өсірді. Осы уақытқа дейін бізге мирас болып қалған дүниелерді, өздеріңіздей жандардың қолдауымен келешекте жарыққа шығарамыз деген жоспар бар. Алдағы уақытта бұл байқау жалғасын табады деп сеніммен айта аламын, – деді ұлы Нәжімеден Сауғабай.
Ал, байқаудың бас жүлде иегері Әлихан Бөкейханов атындағы 5-сынып оқушысы Индира Күлімбетова мұндай байқауға бірінші мәрте қатысып отырғандығын айтады. «Байқау тартысты өтті. Барлық қатысушы тыңғылықты дайындалған. Менің бағым мен бабым қатар шауып, бас жүлде иелендім. Келешекте бұдан да ауқымды сайыстарға қатысқым келеді», – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ.