«Өлеңдерім өмірімнен нәр алған…»
FE – ТЕМІР
Периодтық тақтаны әлем біліп,
Химиядан кетіп ем дәмем құрып.
Менделеев марғасқаң білді ме екен?
Болатынын темірге тәуелділік.
Темір көрсең…
Боялған, дөңгелекті.
Аңсайсың-ау өмірден сен керекті.
Ит маржанды не қылсын?
Ал темір ғой…
Ол адамды, ал оны пенде жепті.
Сенбейсің бе?!
Неге деп сұрадың ба?
Араластың алдамшы ұлы ағынға.
Темір, өмір, не деген ұйқас еді.
Табылады ол қанның да құрамында.
Соның нәрі қуат боп таралады.
Гемоглабин!
Керегі бар ананың.
Ол болмаса бауырым екіталай,
Шыр етуі бір шикі шарананың.
Темір қақпа ашпады, ұрғыладым!
Темір шүмек бұрасаң, тұр бұлағың.
Ыржияды нән аға темір тісті,
Темір торда қаншама құрбыларым.
Темір табыт!
Шабытын майдан алған.
Елге жеткен қыршын жас, ойран арман.
Темір жұлдыз құлыптас төбесінде.
Темірден тұр сәулесіз жалған айлар.
Біреу жеңсе, ал біреу жеңіледі…
Тәні – ақсақ, ал жаны – Темір еді.
Темірболат, Теміржан, Темірландар,
Өз атына әлі де семіреді.
Темір шынжыр,
Ұлиды күшік көптен.
Еркіндігім келсе деп ұшып көктен.
Темір кісен, қолға емес, аяққа емес.
Сұп-суық боп санаға түсіп кеткен.
Сыңғырлайды қалтамда темір тиын.
Болмай тұр-ау тағы да көңіл күйім.
Теміртауда жалақы жақсы дейді.
Досқа хабар берейін, өмір қиын.
ҚҰРДАСТАРҒА
Жүрек-сырым,өмір-дерек,
Ниетті кім, нөмірлемек?!
Елге бірге еркелеген,
Енді бізге Елу келед(і)!
Төңірекке төну бөлек,
Тәңір-көкке сенім де ерек…
Ертең осы кеш бола ма?
Ердің жасы Елу келед(і)!
Жыр-жұртыма, Елу келед(і)!
Қыз-қырқынға көз үндемек…
Нұрын арнап, тұғырда аруақ,
Қызыр қолдап, Тәңір жебеп!
Жер ортасы Елу келед(і)!
Сары-Арқасы небір желек.
Ертеңгі үміт, естеліктер…
Ерке-Еңілік, көңіл-Кебек.
Есептермен Елу келед(і)!
Өсектерден өрілген от…
Ұғар ұрпақ, көп құрдас жоқ,
Дұға қылсақ со бір медет.
Көбейгенде өлу кенет,
Төмендемей көрін-демек.
Ортақ аста халал – харам…
Жанталасқан Елу келед(і)!
Ұлықтасын тегін бөбек,
Ұмытпасын, келін демеп.
Ұлықбекше мың жасатып,
Ұлы істерде Елу келед(і)!
Шам ұстатып, Елу келед(і)!
Шабыт тасып, сері іздемек.
Жарқыраса, жаным құрбан,
Жер-жаһанда елім керек.
Сан жақсылар көмілген ед(і),
Салмақ-сыннан сөгілген ет…
Саған да өлең жаза алмасам,
Соларменен өлу жөн ед(і).
Келе бер деп көнуде енді,
Өлең-өрнек, өрім берді!
Төрдің басы ту желбіреп,
Ердің жасы Елу келді!
ШЫНЫ
Өлеңдерім өмірімнен нәр алған.
Денем менің топырақтан жаралған.
Ерте, кеш пе кететіні белгілі
Қара жерге сіңеді ертең бар арман.
Шыны әйнектен әлемге нұр тарайды.
Мөлдір қоршау сұлулыққа қолайлы.
Айналаға ойлана көз тастайсың,
Қимылыңды паш етуге жарайды.
Ол да құм ғой,
Күннің нұрын сүйеді.
Жарық түссе жылтырайды жиегі.
Мына өмірдің мұратына мұңайған,
Мүмкін ол да марқұмдардың сүйегі.
Ол да құм ғой,
Ғұмыр бітіп жер сүйді.
Жаны қайда, тәні мылқау мелшиді.
Жаңбырменен жағаласа жылайды
Іште жылу, сыртта суық тершиді.
Ол да құм ғой,
Жамандық пен жақсылық.
Ол жақта жоқ тағдырдағы тапшылық.
Қабырғада айнаға кеп тұр әне
Қабырғаңнан жаралған жан қас жұлып.
Амал-дәптер,
Оған қазір өлең тең.
Әйнек болып оралармын мен өлсем.
Ерте, кеш пе барамыз деп бәрібір,
Құлап жатыр менің көнбіс көлеңкем.
Менің компас көлеңкем.
ЗООБАҚТАҒЫ МҰҢДАСУ
Кеше сенің бабаларың көк бөрі,
Көк түріктің киесі еді көп-көрім.
Азығы оның арқар еді аймүйіз.
Иесі оның тәңір еді көктегі.
Кеше сен де абадан ең, арлан ең.
Көк шуланнан бөлтірік боп қалған ең.
Көкжал болып көпке қиқу салған ең,
Көп мергенге мызғу бермес арман ең.
Кеше сенің мекенің ед қу далам.
Ұлуыңнан ұйыған ел шулаған.
Табын көрсең көзіңді қан талаған,
Тырп еткізбей тайды бассаң тулаған.
Бүгін сенің келешегің көмескі,
Тордағы түр – тоқал туған көк ешкі,
Көрмеп едің қорек етіп көк етті,
Қара қанден сырттан үріп қор етті.
Амал нешік, қазір ғаріп, тордасың,
Азық етіп атала мен жармасын.
Сенің жауың – әлі де адам айлакер,
Сенің кегің – қазір қақпан, қорғасын.
От бастың да ойран салған отармен,
Қоштастың ба қорған таулар, жотаңмен?
О, Көк бөрі!
Неткен ұқсас тағдырың
«Азаттық!» – деп түрмеде өлген атаммен.
***
«Век воли не видать!» жазаланушы жаргоны.
Түнекте томар жастандық.
Астықта жүріп аш қалдық.
Ғасырлар кешпес ғажап шақ.
Бодандықтан соң Бостандық!
Кең мекенімнен кертілдік.
Үш жүз бен ру, жершілдік.
Тағдырға енді мың тәубе,
Өр тірліктегі Еркіндік!
Тұранда тұрған қазақ – құт.
Оны да ойсыз, мазақ ғып.
Арманы ата-бабамның,
Азаптан соңғы Азаттық!
Көмейде кермек болды өксік,
Көк туым көктен келді өстіп.
Көк бөрім қолдап көгерсін,
Өлместіктен соң Дербестік!
Айтармын қалай өлеңсіз,
Әр бар ма жыр мен әуенсіз.
Шынжырдан шыңға шырқаңыз.
Дәу елсіз енді Тәуелсіз!!!
СКАНВОРД
Тор көздегі сөзді тауып, қуалап,
Қайдан біткен бұл балаға туа бақ.
Дударбас ұл есін келіп шығарды,
Атасы бір қарап еді сығалап.
Шешетіні оның осы күнара.
– Күн құдайы, ата айтшы «Ра» ма?
– Күн дегенің көк тәңірдің көзі ғой,
Тәйт, тентегім ондай затты сұрама!
Атасы отыр ойлы көзі сулана.
– «Май?» деді ұл езу тартып қулана,
– «Қарында ма?» – деді атасы қамыға,
«Маргарин» деп жазып қойды қу бала.
Тапқан кезде ойлы көзін от шалар.
– «Тұран» дейді, көп нүктені тап шал, ал…
– «Ойпат» – деді ойланбай-ақ ақсақал,
«Банк»- деп ап, баттыйтты кеп бәтшағар.
Ондай ойлар атасына келе ме?
– «Алла» деді арғы жағы немене?
– «Тағала!» деп тапжылмады қария,
«Пугачева» – деп жазады немере.
Тор көздегі сөзді тапса, қуанад.
Кітапсыз-ақ қайдан біткен туа бақ.
Намазына жығылды әзер қария,
Дінкелетті небір ойлар дуалап.
***
ЫСТЫБҰЛАҚ – ЫРЫСЫМ
Ырысым да, шығысым – Ыстыбұлақ.
Сені жырлау мен үшін күшті мұрат.
Еңбек деген жер едің ел боп келген
Еңбектеген өзіңде ерке бала.
Тербеп келген бесігін құшты жылап.
Шаңырақтау, Өгізтау, Қойтастарың
Бала кезден бойыма ой тастадың.
Бауырбұлақ, Шүмектен шырын жұтсам,
Ауыр бірақ шабытпен шайқасқаным.
Қауым жырақ өзіңнен ойқастады.
Әрбір жерде әл іздеп бала қалды.
Шөберелер шарлап жүр қалаларды.
Сұрақ ұрған қоғаммен жүр қағысып,
Ұғар ұлдан не пайда ұрпақ үшін.
Дұға қылған далаңда мола қалды.
Күбірледім ішімнен, күмбірледім.
Кімге керек ойынмен, күлдіргенім.
Тау құмдағы тақпақтар кетті елеске.
Аузымдағы тәтті сөз көпке жетсе,
Бауырыңдағы сол балдай бүлдіргенің.
Естелікпен, елеспен, жаным – сағым.
Жарылқай ма?!
Жырымен жалын – шағым.
Уайым кешкен ұлдарың тапты қанша?
Ойымды өпкен өлеңім ащы болса
Сайыңда өскен ол дағы сарымсағың.
Қалды ма екен қырыңда ізім бүгін.
Сұлулыққа тартатын қызыл гүлің,
Ұшқындауы ол сенен жан жырымның.
Қышқылдауы болса егер қалжыңымның,
Күштің бәрі ол сенің қымыздығың.
Сендей жерді іздедім, табылмадың.
Байқайсың ба,
Бал күнді сағынғаным.
Төзе білмей кемсеңдеп жай толғасам,
Кезегімде сырымды айта алмасам,
Өзеніңдей «Сырым» боп ағылғаным.
Кеттім бе екен жел сөздің жетегіне.
Кем кетігін көрсетші Көке міне?!
Қан қалғалы бойымда, ойымда сен!
Барғандары болса егер дұға қылсын
Малдандағы Нұрбайдың мекеніне.
Ыстыбұлақ!
Ырысым – Ыстыбұлақ.
Жоғалғаның қинайды ішті бұрап.
Руслан НҰРБАЙ.