ЖаңалықтарРуханият

«Өлең деген – жүрегім сел еткен сәт…»

Ақын, журналист Жәлел ШАЛҚАР – 40 жаста

Сурет автордан

Айна

Айна алдында отырам үнсіз қарап,
Маңдайымның әжімін зілсіз санап.
Өзгермеген секілді ештеңе де,
Сәттер ғана текке өткен құнсызданад(ы).
Көз тастағым келмейді айналаға,
Мұң көрсеткім келмейді қайманаға.
Жымысқы сөз жанымды жауыр қылды,
Алдамайтын осы бір айна ғана.
Өзімді-өзім қараймын танығым кеп,
Жігерімді жасытпай жанығым кеп.
Айна артында бір сәби тұрады ылғи,
Бота көзі жәудіреп, жаны гүлдеп.
Өмір қалар, өмірден өтер пенде,
Алып-ұшып сағыныш жетер демде.
Сол айнадан өзімді табамын да,
Сол айнаға айналып кетем мен де.
Екі жағы айнаның жыр-ән сәнді,
Екі дүние сыры ғой кім аңғарды?
Өзін іздеп үңілген жүректердің,
Шын бейнесін айнытпай тұрам мәңгі…

Ақ

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің.
Ақ қағазға қайта-қайта қараймын,
Аппақ бәрі маңайдың.
Тағдыр жайлы жазғым келді бірер сөз,
Ол да сен боп күлімдедің, арайлым.
Ақ қағазға қайта-қайта үңілем,
Аппақ екен шынымен.
Өлім жайлы жазғым келді бірер сөз,
Өзіңді ойлап, ол ойымнан түңілем.
Ақ қағазға қайта-қайта сүйсінем,
Ақ әлемнен көзіме кеп күй түнер.
Сезім жайлы жазғым келді бірер сөз,
Жаралы үнге тағы жұпар иісің – ем.
Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өзім жайлы айтқым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің…

Ай қыз

Қасы қара қарындас ақ күртелі,
Кірпіктерің өңінен бақ бүркеді.
Еш кірбіңсіз келбетің күйге бөлеп,
Қараңғыдан адаспай таптым сені…
Жасқаншақтау жүзіңнен мөлдіреген,
Қауыз жара қоймаған гүлді көрем.
Күннің нұры сіңбеген сағағына,
Қылдай нәзік тағдыр-ай үлбіреген.
Көп ішінде ерексің, аппақсың сен.
Ақ боп қалу қашан да жақсы ат білсең.
Қарғам, тәтті қылығың ең ұлы жыр,
Сол табиғи қалпыңды сақтап жүрсең…
Жаттап жүрсең жырымды өзің жайлы,
Мөлдірлігі етер-ді көзіңді әйгі.
Бір-ақ сәттік толғаныс, ғұмыры ұзақ,
Тазалығы мәңгілік бұзылмайды.
Жанарына аспанның жас қамалды,
Жел де әнекей, бір әнін бастап алды.
Көрініп жүр осылай ай секілді,
Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы…

Алма гүлінің иісі…

Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, сағағында емі.

Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Жұпарға бөлеп жан-жағым мені.
Сүйсіне қарап жымиған ару,
– Атың кім? – деп ем,
– Алмагүл! – деді.

Гүлдеді алма,
Гүлдеді алма.
Нәп-нәзік қауыз бүрледі таңда.
Сен де кел, баққа ертеңмен күнім,
Сағынышыңмен түрленіп ал да.

Құлағыңды тос жезтаңдай желге,
Тыңдайық балқып есті әнді-ай бірге.
Сескенбе менен Алмагүл қалқам,
Кегім жоқ менің ешқандай сенде.

«Сиықсыз сезім – сүйіссіз мүлде»,
Дегендер
Бекер тиісті бізге.
Өз құнын ұқса, түрленер ме еді,
Ұзақ жасайтын иіссіз гүлдер?..

Анықтайды әлі күз ақ-қарасын,
Сырларыңды кеп жүз ақтарасың.
Қысқа бұрымды хош иісіңмен,
Есімде менің ұзақ қаласың…

Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, Алмагүл ма еді?..

Жазу

Балалық шақтың дерегін,
Аңсай да іздей беремін.
Баяғы жазу, сол жазу,
Жазумен әлі келемін.

Жаратқан өзің демегін,
Өзіңе ғана сенемін.
Жазудан табам бақ тапсам,
Көресімді де көремін.

Тербесе жанды өрелі үн,
Бәрін де төгіп беремін.
Жазуға келгем өмірге,
Жазылған күні өлемін.

Жазумен әлі келемін,
Жазумен ғана өлемін.
Жазылмай кетсе кей жарам –
Жазуда қалар дерегім…

Қазақстан

Қазақстан – ғазиз Атамекенім,
Мен барымды мәңгі сендік етемін!
Сонау алыс, бір қиырда тумасам,
Білер ме едім, Отанның не екенін?!
Ұлы Далам – менің ұлы мекенім,
Биік-биік шыңға бастар жетегің!
Отаны жоқ адамдарды көрем де,
Үнсіз ғана, іштей шүкір етемін!

Антоним

«Көзімді аштым» дегенше,
Жұмып бара жатамын.
Құшағында көп ойдың,
Тұнып бара жатамын.
«Жолға шықтым» дегенше,
Қайтып келе жатамын.
Өмір жайлы бір аңыз,
Айтып келе жатамын.
«Өстім, өндім» дегенше,
Шөгіп бара жатамын.
Айтарымды аямай,
Төгіп бара жатамын.
«Өмір сүрдім» дегенше,
Өтіп бара жатамын.
Бабалардың ізімен,
Кетіп бара жатамын.
«Сағынамын» дегенше,
Суып бара жатамын.
Сезімдердің соңынан,
Қуып бара жатамын.
«Үйренемін» дегенше,
Кері кетіп барамын.
Жүрегіме сабырды,
Серік етіп барамын.
«Толдым, жеттім» дегенше,
Іріп бара жатамын.
Топыраққа айналып,
Шіріп бара жатамын…
***
Марданменен марқайып тойға барам,
Елдің жайын, жұрт қамын ойға да алам.
Жал жығылмай, жадырап жүрсем дағы,
Арпалысып жатады бойда ғалам.
Достарыммен қауышып мәз боламын,
Жұпар желін жұтамын боз даланың.
Көз көргеннің көңілін бағып жүріп,
Сезбей қалам жанымның маздағанын.
Қызық қуып, сезімді өртеп болсақ,
Бізді күтер еліктеп, ерке еткен шақ.
Өмір деген – өлеңді іздеп жүру,
Өлең деген – жүрегім сел еткен сәт.
Сәттер кейде селкеусіз сыр айтады,
Дәптер кейде бос қалып, мұңайтады.
«Анау, ағаң ішіп жүр» дейді жеңгем,
Неге ішеді, себебін кім айтады?..
Дымды сезбей, жадырап жүру үшін,
Еш алаңсыз, шалқып бір күлу үшін.
Айтыңдаршы адамдар, қайтпек керек,
Мына өмірді уайымсыз сүру үшін!?
Жарқылдайтын кезімде көнеремін,
Аспан тағы бұзды екен неге реңін?
Маңай түгел ұйқыда, балқып жатар,
Мен неліктен кіл мұңға бөленемін?..
Мен бір оймын, түбінде іске асамын,
Түспесе екен, әйтеуір, ішке сағым.
Жан-жағымда анталап біреулер жүр,
Бес күндіктің ыңылдап бітпес әнін.
Мың күйгенім бар болар, бір сүйгенім,
Түк демеймін, сезсем де, шын түйрерін.
Шалқып келіп, құлаймын төсегіме,
Сыздап шығар түнімен бір бүйрегім…

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button