Латынмен бастап, латынға келдік
Осыдан тура 87 жыл бұрын «Орталық Қазақстан» газетінің тұңғыш саны жарық көрген. Қарағанды облысы әлі ашылмаған. СССР-дің үшінші көмір ошағы – Қарағанды бассейні қара алтын өндіре бастаған.
Большевиктердің күн көсемі Лениннің «Газет – коллективтік үгітші, насихатшы, ұйымдастырушы» деген ұраны мұндай ғасырлық жоба жүзеге асырыла бастағанда олардың да, қазақтардың да кәдесіне жарапты. Сөйтіп, облыстан бұрын «Орталықтың» атасы – «Қарағанды пролетариаты» газеті өмірге келген. Сол дәуірдегі күн көсемдердің көбі – Ленин де, Сталин де мамандықтарын журналист деп жазған. Ең ғажабы – Алаш көсемі, қазақ үшін шыбын жанын қиған Әлихан Бөкейханов Мәскеуде, НКВД-нің Бутырка түрмесінде толтырған анкетасына мамандығын «журналист» деп өз қолымен жазған. Газеттің, журналистің қасиеті Әлекеңнен тамыр тартып тұр. «Орталық Қазақстанның» өнген топырағы құнарланып, мәуелі бәйтерегінің әр жапырағы Әлихан, Ахмет, Жақып, Міржақып, Мағжан деп сыбырлап тұрса, арман жоқ!
Құрметті оқырман! «Орталық Қазақстан» әу бастағы қайнар бұлағына оралды. Латынмен бастап, латынға келді. Әлихан Бөкейханов атамыз айтқан «Газета – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген сөзі біз үшін аманат.
Халықтың көзінің, құлағының, тілінің туған күні құтты болсын. Қолдарыңызда – газеттің 22 562-ші номері. Қол үзбеңіздер.
Мағауия СЕМБАЕВ,
«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Президент сыйлығының лауреаты.