Басты тақырып

Латын әліпбиінің жаңа жобасы таныстырылды

«Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті», – деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып əзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды. Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мəселелердің бірі екенін атап өтті.

– Бұл күндері қазақ тілінің жаңа əліпбиіне байланысты мəселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тəуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі əрдайым менің айрықша бақылауымда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мəні бар екеніне тоқталып, бұл мəселені бірлесе шешу қажеттігін айтты.

– Əлемде ешбір ел өзінің жаңа əліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін əрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Əкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа əліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нəтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек жəне Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-əдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады. Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мəн беруді қажет ететін жекелеген мəселелерге тоқталды. – Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында əлемдік тəжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге қазақ əліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды.

– Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыстілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа əліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ, оның мақсаты тілімізді дамыту жəне оны əлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа əліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен əдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңі мен енгізу жөніндегі жоспар əзірлеуді тапсырды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ əліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

 

«Егемен Қазақстан» газетінен.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button