ҚарағандыРухани жаңғыру

Латын әліпбиі — тіл келешегі

       Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел азаматтарының санасына тың серпіліс әкелгені баршаға аян. Ұлт ретінде қалыптасып, дамуымызға ерекше серпін берері анық. Әлбетте, біздің қарастыратын нысанамыз – тіліміздің жаңа қаріп иеленуі. Жаңа дейміз-ау… Бұрын да қолданысымызда болған латын әліпбиі Елбасы бастамасымен жаңа болмыс-бітімімен қайта жаңғыруда.

«Өз тілімен сөйлеген, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта құрымайды» деп толғанған Ахмет Байтұрсынұлының арман-тілегі халқымен бірге жасап келеді. Біз тілді оқытатын мекеме ретінде өз тарапымыздан латын әліпбиінің енуін бірқатар жағымды тұстарымен байланыстырып отырған жайымыз бар. Мәселен, тілдің тіл ретінде қалыптасуына жағдай жасалады. Яғни, қазақ тілі жаңа формада көрініс табуы арқылы дараланып, дербестенетіні онсыз да белгілі. Ендігі уақытта компьютер тіліне негізделген төл тіліміз жаһандану үдерісіне де төзімді бола түсетіні аян. Әлбетте, мемлекет тарапынан осы шараларға қомақты қаражат бөліне отырып, ыңғайлы жағдаяттар туғызуы көңілімізді көншітеді. Тағы бір айта түсетін тұсы, қазақ филологтары қажеттілігінің артуы. Лингвист мамандар қызметінің өзектелуі. Бұл – мемлекет тұрғысынан алғанда да ішкі-сыртқы саясатымызды түбегейлі жаңа деңгейге көтереді.

Жас ұрпаққа тәлім беретін ұстаз ретінде біздің ортақ қызметімізде де елеулі өзгерістер орын алуда. Қазіргі уақытта мұғалімдер қауымы әліпби нұсқасын үйреніп қана қоймай, басталған істің әрі қарай дамуына ықпал етуде. Байқап отырсақ, ел аумағының кейбір өңірлерінде баспасөз құралдары атаулары латын қарпімен жарық көруде.

Ұлт көшбасшысының тапсырмасымен әлемнің ең пайдалы ақпарат көздерінен 100 оқулық даярлануда. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері біліктілікті көтеру курстарынан өтуде. Оқытушылардың кәсіби даярлығы шәкірт біліміне тікелей әсер етеді.

Ең бастысы – латын әліпбиі қазақстандықтардың үш тілді еркін меңгеруіне септігін тигізбек. Бұл әу бастан маңызды жайт. Және бұған стратегиялық тұрғыда әрбір азамат үлес қосқан жағдайда өркен жаятыны шүбәсіз. Осы тұрғыда мемлекет жүргізіп жатқан реформалы саясаттың арқалар жүгі салмақты. Бұл турасында Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында барынша баяндап көрсетті.

2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №827 Қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаны жүзеге асыруда да латын тілінің қолданылуы – алдағы атқарар сандық технологияға да елеулі жеңілдігі мен оңтайлығын тигізеді.

Бажайлап қарағанға осының бәрі ауыр болып көрінгенімен, елу жылда ел жаңаратын ауқымды қадамдарға саналы түрде бару – ұлт жаңаруының кепілі. Шынын айтайық, қазіргі әліпби негізінде іс-қағаздар әуелі ресми тілден аударылатыны ешкімге жасырын емес. Сөйтіп, ХХ ғасырдан бері көтеріліп, саржамбас болған мәселенің түйіні осылайша шешілді. Ендігіде, тіл мамандары аудармашы болмай, төл тілінің төл әліпбиімен жұмыс жасамақ.

Биылғы жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдық мерейтойы. Осы тұрғыда қазақ тілінің реформаторы қоғам қайраткерінің рухына бағышталған түрлі шаралар ұйымдастыруымыз орынды.

Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017-2022 жылдары облысымызда 430 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның 169-ы 2017 жылы жүзеге асты. Биыл 238 жобаны қолға алу жоспарда бар екен. Бұл – ауқымды сан. Біз өз тарапымыздан қазақ тілінің өркендеуіне барымызды саламыз.

А.АБДРАХМАНОВА,

№15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні

мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button