Шахтинск

Латын қарпінде бақылау жазды

    Жуырда Шахтинск қаласының орталық кітапханасында жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен «Қазақстан және Елбасы» тақырыбында латын әліпбиінен бақылау жұмысы ұйымдастырылды. Аталған шараға елуге жуық білімге құштар, Президент саясатын жүзеге асыруға сүбелі үлесін қосып жүрген жастар қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің мықты және біртұтас ұлт болу жолында сананы қалыптастыру үшін қазақ тілінің әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесін сөз ете келе, салиқалы көзқарасын, тұщымды ойын білдірген болатын. Тіпті, латын қарпіне көшуді ағымдағы жылдан бастауды тапсырған болатын. Міне, содан бері еліміздің барлық өңірінде ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жұмыс топтары еңбек ұжымдарында, білім ошақтарында кездесулер өткізіп, латын қарпіне көшудің маңыздылығын насихаттап, түсіндіріп берген болатын.

Бұл игілікті іс қаламызда да жалғасын тауып, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшылығымен шахталарда, кенттерде, жалпы білім беру мектептерінде, колледждерде дөңгелек үстелдер мен жиындар өткізіліп, Елбасы пікіріне қолдау көрсетілген еді.

Орталық кітапханада өткен аталмыш тақырыптағы бақылау жұмысында колледж және мектеп оқушыларының арасынан үш жас жеткіншек өз білімдерімен топ жарды. Олар латын қарпінде оқылған мәтінді айна қатесіз жазып, біліктерін танытты.

Сонымен, бәйгеден біліктілер озған сайыста Шахтинск технологиялық колледжінің студенті Айнұр Уәлиева І орынды қанжығаласа, ІІ және ІІІ орындарды №3 орта мектеп оқушылары – Ангелина Носова мен Әнел Жахметбекова еншіледі. Жүлдеге ие болған бұл оқушыларға жастар ресурстық орталығының арнайы Алғыс хаты мен сыйлықтары салтанатты түрде тапсырылды.

Амангелді ТҰРЖАНОВ.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button