Латынға көшу – келешекке қадам
Қарағандыдағы №64 негізгі орта мектебінде «Латын қарпіне көшу – заман талабы» атты семинар өтті.
Жиынды мектеп директоры Татьяна Тоқанова ашып, баяндама жасады. Мектеп басшысы қазақ тілін латын әрпіне көшірудің маңыздылығын атап, Елбасының «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз» деген сөзін атады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы басты мәселе – қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру. Жалпы, елімізде 1926-1940 жылдары латын графикасы қолданыста болған. Біздің көне мұраларымыздың көбісі араб және латын графикаларымен жазылған. Мәселен, әйгілі Гомер шығармалары, шығыс медицинасында Ибн Синаның трактаттары латын тілінде болған. Ал, бүгінгі компьютер заманында әлемнің 70 пайызы латын әрпін қолданып отыр. Айталық, әзірбайжандар 1992 жылы 1-сыныптарда оқытуды латын әліпбиінде бастаған екен. Түркіменстан Президенті 1993 жылы латын әліпбиіне көшу жөнінде жарлық шығарып, тек 1995 жылы ғана латын әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдапты. Сөйтіп, 2000 жылдан бастап қолданысқа енгізген. Өзбекстан мемлекеті әлі күнге дейін латын мен кириллицаны қатар қолданып жүр. Демек, жер шарының көптеген елдерімен рухани байланысқа түсу мүмкіндігі бар. Түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиетін түсінуге де қолайлы. Латын графикасымен әлемнің кез келген елімен жылдам әрі тез хат алмасуға болады. Мысалы, Қытай, Моңғолия, Германия елдеріндегі қандастарымыз кириллицадан көрі латын графикасына жақын.
Әлемнің дамыған елдерінің ақпараттық технологиядан инновациялық өнеркәсіп саласында тек қана осы латын тілін қолданып отырғандығын ескерсек, Елбасы бастамасымен қолға алынып отырған бұл реформа – тарихи маңызы бар стратегиялық қадам.
Гауһар АХМЕТОВА,
№ 64 негізгі орта мектебі
директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.