Латунь
Ескі фотосуреттерді ақтарып, солардағы бейнелерден бала күнгі, студенттік кездегі оралмайтын жастық шақты еске түсіріп отырғам. Бүгінгі қарбалас тіршілікте зәуде бір қол қалт еткен сәт еді. Қолыма осы Жәкеңнің, Жанболат Аупбаевтың суреті іліккені. Ұзағырақ қарадым. Қайратты қара шашы маңдайының оң жағына қарай ойысыпты. Көзінен мейірім төгіліп тұр. Үстінде ақ свитер. Сыртын қарадым. Маған суретін беріп, қолтаңбасын қалдырыпты.
«Мағауияға Жанболаттан ескерткіш. Алматы. 1972 ж. ІІІ курс» деп жазыпты.
Осыдан 46 жыл бұрынғы студенттік кез ескі кинохроникадай көз алдыма келді.
***
Мен КазГУ-дің журналистика факультетіне 1971 жылы түстім. Алты жастан мектепке барып, оқуға паспортсыз, туу туралы куәлікпен түскендердің бірі едім. Айтпақшы, жан досым марқұм Ғабиден Құлахметов екеуміз. Оң мен солды танығанмен, қала көрмеген, орыстан қорқатын Қарқаралының шалғай ауылынан едім. Дауылпаз ақын Қасым туған жерден. Жәкеңді айтқанда, бірге оқыған курстас достарын қалай ұмытайын. Бірінші курстың балапан студенттеріміз. Шай қою, макарон басуды Жәкеңнің досы Самат Жүнісов үйретті. Саматпен бір ауылданбыз. Бір мектепті бітіргенбіз. Студенттік тұрмысқа, жалпы тұрмысқа қылап еді. Содан стипендия бітіп, ауылдан жететін ақша кешігіп, қарнымыз ашып, Саматқа барамыз. Бір жағы ауылды сағынасың. Саматтың інісі болған соң сол курстағы аға студенттердің бәрінің бауыры болып кеттім. Қазір аттарынан ат үркеді. Жанболат, Сәулебек, Несіпбек, Асқар, Намазалы, Тұрсын, Жүрсін, Төлеген, біздегі Сәттар, Тілеуқабыл. Біразының аттарын ұмытыппын. Содан соңғы курстарында Самат үйленіп, Атыраудағы Төлеген – күйеу жолдас, Тілеуқабыл – тамада. Ауылда – керемет той өткен. Маңдайы жарқырап жүретін Саматымыз небары 43 жасында көлденең кеселден кете барды. Отадан кейін қан тоқтамай қойған. Алматыда. Осы Жанболат, Асқар-Бәкиралар қан беріп, жанын алып қаламыз деп жанталасты. Олар қан бергенмен, достарына жан бере алмады. Алланың ісіне не шара? Тағдыр!!!
***
Мен бұл тұста Жәкеңнің шығармашылығын талдап, баға беруден аулақпын. Өнеге тұтатын, салған соқпағына түсетін аға журналистер аз болған жоқ. Жанболаттың жазуын сол студенттік шақтан үлгі тұттым. Тақырып қою мен мақаланың сүйегі, бастау мен түйіндеуінен құлағым қылтиып шыға келеді. Қалай жазсам да Жәкеңнің стилі. Жәкеңнің шығармашылығын бағалау – осы сала мамандарының еншісі.
Қорғасынмен газет шығарғандар біледі. Газет басылғанда қаріптері төңкеріліп тұрады. Газеттердің фирмалары (аттары) латуньнен Мәскеуде ме, әйтеуір Ресейде құйылатын. Латунь – көп металдың қоспасы. Онда ең көбі – мыс, одан кейін мырыш, қалайы, никель, қорғасын, марганец, темір болады. Металлургтер қоланың ең мықтысына жатқызады. Өте бағалы, қымбат құйма. Жәкең де латунь сияқты атойлап ат қоятын, жорғасы шапқан атқа жеткізбейтін, аяңы желген сәйгүліктен озатын құйма журналист. Шеберлік шыңы осындай-ақ болар.
* * *
Рамазан Сағымбековтей ұстазына мектеп атын бергенде Жанат Елшібек екеуі «Егемен Қазақстаннан» Қарқаралының Аппаз ауылына арнайы келіп, ағаларын ардақтаған.
Мұнан бұрынырақ бір қиналған шаруа болды басымда. Құлан құсап құдыққа құламасам да, ернеуінде тұр едім. Сондай сәтте өзіңді жалғызсыратпай, демеу болатын нәрсе шығармашылығың ғой. Бір күні Құнанбай қажы туралы мақалам дүниеге келді. Соны «Егемен Қазақстанға» жібергенмін. Соңы ұзап кетті. Түн ортасына таяу Жәкең телефон соқты.
– Мақалаң ертең шығады. Құнекеңнің суретіндегі жанындағы «Нұрғаным ба?», – деп сұрады.
– Иә, дәл солай, – деп қайдан алғанымды айтып жатырмын. Сол демеуі әлі есімде.
* * *
Жанболатпен журналистикада жарысып көрмедім. Дегенмен, бәйгеде байқамай жүздесіп қалдық. Осыдан үш жыл бұрын Президент сыйлығына бақ сынадым. Өтпедім. Өтпегенім жақсы болыпты. Жәкеңнің маңдайы жарқырап келді бәйгеде.
– Жәке, өзім алғандай қуанып отырмын. Сіздің бәйгеге түсетініңізді білмедім. Білгенде кандидатурамды алып тастайтын едім, – деп телефон шалдым.
– Мағаш, түбі аласың, – деген сонда Жанболат. Айтқаны айдай келді. Былтыр сол сыйлық бұйырды. Жәкең қатты қуанды.
Бұл, енді, жақсы Жәкеміздің адамгершілік қасиеттерінің бірі. Бірі емес, бірегейі. Ол әуелі АДАМ деген зор атаққа лайық.
* * *
Өткен ғасырда СССР-дің «Комсомольская правда» газеті таралымы жөнінде «Правда» мен «Известияны» шаң қаптырып кететін. Өзім осы екпінмен «Комсомолканы» бүгінге шейін оқып тұрам. Жанболат сол газеттің атақты В.Песковының алдын көрген. Тағы бір жақсы көретін журналист інім, қазір Президент баспасөз хатшысының орынбасары, ғылым докторы, профессор Бауыржан Омарұлы мұны әдемі жазыпты.
В.Песков «көр-жерді сол қолыңмен, рухани діңгекке айналатын дүниелеріңді оң қолыңмен жаз» деп ақыл-кеңесін айтыпты. Жалпы, журналистер ол тұста Лениндік сыйлыққа ұсынылмайтын да, алмайтын. Сол Песковыңыз СССР бойынша осы атақты алған жар дегенде жалғыз журналист. Ол кезде Жанболат небары 26 жаста екен. Жәкең барлық дүниесін оң қолымен жазатынына біз – куә. Ал, диплом алмай тұрып, соңғы курста «Лениншіл жасқа» тұрғанын курстастары – Тілеуқабыл, Сәттар, Саматтар аңыз етіп айтатын. Сол кезде Жәкең небары 23 жаста. Жалындап тұрған жас кезінде-ақ орда бұзып, қамал алған.
Мен өз редакторым, әйгілі Нұрмахан Оразбеков туралы бірталай дүние жаздым. Қанша жазсам да Жәкеңнің алдына түспек түгілі, үзеңгі қағыса алмадым. Тақырыбының өзі жүз қаралық. «Кеннедимен кездескен Нұрмахан». Сол мақаласында ағасына берген бағасын оқып көріңіз: «Нұрмахан Оразбеков – қазақ журналистикасының ауыр артиллериясы».
Мұнан артылтып айту ойға келмепті. Мойындау керек.
* * *
Ол – газеттердің аттары басылатын, өшпейтін, мұқалмайтын талай металл қоспасынан құйылатын журналистикамыздың ЛАТУНЫ.
Мағауия СЕМБАЙ,
“Орталық Қазақстан”