Ұлар етінің қасиеті
«Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етің жедің бе?» деген аталы сөз бар.
Ұлар демекші, ұлар етін жеген адамның денесі тазарып, ауру-сырқаудан жазылады дейтін үлкендер.
Ұлар – биік таудың басын мекендейтін құс. Жайлауда сөреге де келіп қонғанын көзіміз көрді. Өте сақ, қорым тастардың арасында жайылып жүргенде көрінбейді.
Таудың қарама-қарсы екі бетіне екі адам шығып, құсты үркітіп қарсы ұшырады да, ұтылап қуып, шаршатып қалың қарға кіргенде қуып ұстаған да кездер болды. Кейде, көп жайылатын жолына шөп салып, тұзақ құрып та ұстайды.
Ұлардың еті піскенде аппақ болады. Сорпасы мен етін жеген адамның денсаулығының жақсарғаны туралы әңгімелер көп. Кейде дала дәрігерлері ем жасағанда «өмірінде бір рет болса да ұлар етін жеген-жемегенін» сұрайды. Соған қарай ем жасайды. Бұл үрдіс қазір кейбір Моңғолия дәрігерлерінде де бар екен.
Кезінде аталарымыз қылыш-найзадан жараланып, еттері орылып кеткенде сағыз топырақтың үстіне от жағады екен. От күйдіріп қыздырған топырақты ыстықтай жараға сеуіп, басып күйдіреді. Сол кезде қан да тоқтайды. Сосын сол жерге үгітілген ұлар етін сеуіп тастайды және ұлардың майын жағады. Жара еш дақсыз жазылады екен.
Дереккөз: informburo.kz