Ұландықтар Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті. Шара барысында әскери қызметшілердің отбасы, балалары алаңдағы әскери техникалар көрмесін тамашалап, қару- жарақ түрлерімен танысты. Ұландықтар мереке иелеріне арнайы «Балдырған» ойын-сауық бірлестігін шақырып, көңілдерін көтерді.
Әскери бөлімнің тыл қызметі балаларға тәтті сусындар әзірледі.
Шара кезінде бүлдіршіндер асфальтқа бормен сурет салды. Қиялына ерік беріп, қабілетін танытқан шығармашыл балақайлар бөлім басшылығы тарапынан грамоталармен марапатталды. Марапаттауды өнерлі жеңімпаздарға бөлімнің Әйелдер кеңесінің төрайымы табыстады.
Шара аясында жас Отан қорғаушылар техникаларға мінді, әкелері мен аналарының қызмет орнын аралады.
– Балалар – біздің болашағымыз! Барлық игі істеріміз, үміттеріміз балалармен байланысты және олар бізге шын жүректен жылулық, жүректерінің сүйіспеншілігін береді. Шаттыққа толы осы қуанышты күнде жас қазақстандықтарға шын жүректен зор денсаулық, жетістіктер мен жеңістер, игі тілектерінің орындалуын және жазғы демалыстың қызықты өтуін тілейміз, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы майор Алексей Бондаренко.
Шара соңында балаларға тәтті мақта мен балмұздақ таратылды.
Алияр ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚР Ұлттық ұланы Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметкері.