Басты тақырып

Ұланғасыр ұтылған жоқ

     Ұлттық өнерді ешкімде тұншықтыра алмайды. Бұл ойымды Наурыз айтысы тағы бір мәрте растады. Кеншілер Мәдениет сарайына барып, жыр күбісінен сусындадым. Әдеттегідей рухани мұрамызға мұрындық болып жүрген ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ. Қарағандының айтысын Айтбай ақынсыз елестету мүмкін емес. Республикалық айтысты Жүрсін ЕРМАН тізгіндесе, көмірлі өлке ақындарының басын қосып, жыр додасын ұйымдастырушы – Айтекең. Одан бөлек, Айтбай Ботбайұлының қарақан басының қамынан гөрі ұлттық мүддені жоғары қоя білген қазақтың бір туары Жұмабек ТӘШЕНОВ сынды шыншыл қайраткердің жоқшысына айналғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Мұндай қайраткерлік танытқан Айтбайдай ұлға Арқа жұрты дән риза.

Айтысқа оралайын. Дүбірлі айтыстың дүрмегінен жиырма ақынды көрдік. Барлығы да айтыстың ауылына айырықша дайындықпен келіпті. «Армысың, әз Наурыз!» деп аталған биылғы айтысқа арқау болған тақырып – Наурыз нақыштары, Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы мен дала дауылпазы, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы. Жыр додасының шымылдығын түрген Айтбай Жұмағұлов жиналғандарға жылы лебізін жеткізіп, жер-жерден келген жиырма ақынды таныстырып, қадамдарына сәттілік тіледі. Ал, айтысқа төрелік етер қазылар алқасының қатарынан кіл мықтыны байқадық. Олардың арасында елге белгілі ақындар Абзал Бөкен, Қойлыбай Асанов, Ануар Омар, Ерсін Мұсабек, ғалым-ұстаз Саржан Такиров жəне журналист Əли Тойжігіт бар.

«Шаршы топта сөз бастау қиын» деген екен бабамыз Бұқар жырау. Бірінші болып шыққан Доскей Ботбай мен Медет Жамановқа айтыс оңайға соқпады. Десек те, екеуі де жасынан айтыста ысылғандығын байқатты. Медет: «Әкесі мен баласы қос бүйірімнен қысып, әкемді танытайын дедіңдер ме» деп әзілімен әдіптесе, Доскей: «Әкемнің емес халықтың баласымын, біз секілді жас өрендердің әкем жанашыры, айтыстың арланы екендігін» айтып тұщымды жауап қайырды. Бұл жұптан жақсы айтысқа көзайым болдық.

Екінші жұп сарыбелдік Өмірбек Сәдетхан мен сәтбаевтық Айдос Мұқашов мұғалім мен оқушы болып айтыс жасады. Үшінші жұптағы Приозерск қаласынан келген Балжан Әбдірахманова мен Сәтбаев қаласының ақыны Жеңіс Тілегеновтен тартысты айтыс көрмеген қазылар алқасы тоқтатып тастады.

Төртінші жұп болып төрге озған Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы Нұрсұлтан Рымбай мен «Дарын» мектебінің 11-сынып оқушысы Бекарыс Оспанов орамды ой өрбітіп, үзеңгі қағыстырды. Нұрсұлтанның бойынан айтыскер ақынға тән суырып салмалық өнердің басымдығын аңдадық.

Бесінші жұп Талды ауылынан келген Жаһаншах Бәдел мен Сарыбелден шыққан ақын Мерейхан Сақтасынның үлкен сахнадағы алғашқы сөз қағыстыруы екен. Көсілуінен тосылуы көп болды. Айтыстың артар ауыр жүгін сезінген шығар. Бірақ, осы айтыстағы ең басты олжамыз Осакаров ауданынан екі ақынның шығуы болды. Өмірбек Сәдетхан мен Мерейхан Сақтасын.

Алтыншы жұп Шахтинск қаласының ақыны Нұрмұхаммед Байсүгіров пен Егіндібұлақ ауылынан қосылған 8-сынып оқушысы Нұр­­лыбек Төкеновтің айтысы көрерменнің көңілін көтеріп, әзілмен әлдидеген нағыз сөз сайысы болғандығы шүбәсіз. Сахнаға тұң­ғыш рет шықса да Нұрлыбектен ақындық қуатты аңдадық. Шорабектің әуеніне салып шаршы топтың шырайын келтірді. Өткен жылғы айтыстың бас жүлдегері Нұрмұхаммедті сөзімен түйреді. Он төрт жасында билік айтқан Қазыбек бабаның жасында екендігін айтып, жыр байрағын көтерді. Нұрмұхаммед ағалық қамқорлық танытып тұсауын кескелі келгендігін сөз еткенде, оған да Нұрлыбектің жауабы дайын болды. «Айтыста тұсауымды кесейін деп, қолыңызға келдің бе қайшыны іліп, тыңдарманға орамды ойыңды айтшы, құр босқа отырғанша шәй сіміріп» деп ұтымды ойын жеткізді. Бірақ, әбден төселген кәнігі ақын Нұрмұхаммед айтыстың шарттарын аттап кетпей, өз есесін жібермей, кейде жас ақынды тістеп алып отырды.

Жетінші болып жұптасқан ақтоғайлық Еркебұлан Мүбәрак пен Талды ауылы жұртының тақымын қыстырған Ұланғасыр Қамиев. Ақындар әулетінен түлеген қос ақын бір-біріне қырандай шүйіліп, кемшіліктерін бетіне басып, айтыс көрігін қыздырды.

Сегізінші жұп болып өнер көрсеткен Ырысбай Қамқор мен Арғын Ғалымның айтысы да, өкінішке орай, қысқа қайырылды.

Тоғызыншы жұп Төрехан Сəбетов пен Мұхтар Əділовтің де айтысы ұзаққа созылмады. Қазылар алқасы айтысқа тоқтау салып, ақындардың арынына қарай бағасын берді.5

Оныншы жұп жаңаарқалық Сырым Бейсембек пен Еркеғали Бекболат өз деңгейлерінде айтыс жасады. Әсіресе, Сырымның сөз саптасы мен сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті сүйсінтті. Сөз сайысына төселіп қалғандығын аңғартып, енді бір шамалы уақытта төрге озар ыңғайын танытты.

Аз-кем үзілістен кейін ұпай саны бойынша бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші орындар үшін финалдық айтыс болды. Ұтымды сөз айтып, ұпайы тең түскен ақындар Сырым Бейсембек пен Медет Жаманов көрерменге аға мен інінің сыпайы өріліп, сырбаз керілген айтысын тарту етті.

Екінші болып сахнаға көтерілген Мұхтар Əділов пен Доскей Ботпайдың айтысы да жұрт көңілінен шықты. Жасынан сөз барымтасына түскен екеуі әзілдесе айтысу­дың жақсы үлгісін көрсетті. Дәл осы айтыста екі ақынның шеберлігі анық байқалды.

Елдің күткен үшінші жұбы – Ұланғасыр мен Нұрлыбектің айтысы болды. Екі ақын әзілдесе отырып, қоғамның өзекті проблемаларын да жырларына арқау етті. Ұланғасыр айтыста төселген. Тәжірибесіне сүйеніп, тереңнен қозғады. Рас, мүмкіндігі мол ақын. Дегенмен, қазылар алқасының қалауы Нұрлыбек болды. Мұнымен, Ұланғасыр жеңілді деуге болмайды. Жыр бәйгесіне алғаш түсіп отырған інісін аяқтан шалмай, жол берген Ұланғасыр ұтылған жоқ. Ұтты, білем! Екеуі де – Бұқар жырау ауданында ашылған ақын-жыршылар мектебінің түлектері. Екеуі де – талантты айтыскер Дидар Қамиевтің шәкірттері. Ал, Ұланғасыр Дидардың туған бауыры екенін ескерсек, қазылар шешімінің де жөн болғанын түсінуге болар. Айта кету керек, бұл айтыстың басты жаңалығы Нұрлыбек Төкенов болғаны анық. Айтысқа алғаш шықса да, арғымақтай көсіле шапты.

Сонымен, дәстүрлі айтыс мәреге жетті. Бір ақын ұтып, бір ақын ұтылған шығар… Анығы – ұлт руханияты ұтты. Бұрынғы айтыстарда Қарағандыдан 10 ақын шықса, мерей көретін едік. Бұл жолы жиырма жүйрік Арқа төсін дүбірге бөледі. Әсерлі әзіл де, астарлы ақиқат жыр мерекесінің мерейін асырды. Елдің аузында айтылмай жүрген сөзді ақындарымыз қосқанаттай қағып отырып жеткізді.

Қазылар бағасын бағамдап, ұпайын түгендей келгенде, айтыстың Бас жүлдесі Нұрлыбек Төкеновке, 1-орын Ұланғасыр Қамиевке, 2-орын Мұхтар Əділов пен Доскей Ботпайға, 3-орын Медет Жаманов, Бейсембек Сырым, Нұрмұхаммед Байсүгіров пен Айдос Мұқашевқа бұйырды. Қалған ақындар арнайы жүлделер мен ынтыландыру сыйлықтарын місе тұтты.

Нұрдос КӘРІМ

Суреттерді түсірген

Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button