Руханият

Ғұламаның көркем ғұмырнамасы

Қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен қызметі туралы әр кезеңдерде жазылған мақала, естелік, деректі хикая әңгімелер баршылық. Кезінде «жалғыз өзі бір Академия» деп замандастары әділ бағалаған Қаныш Сәтбаев есіміне байланысты ізденістерден туған шығармалардың aз болмауы заңды. ХХ ғасырда Евразия құрлығының кіндігінде туып, әлемдік ғылымға айта қалғандай із қалдырған әр елдің ғажайып перзенттерінің арасында Қаныш есімді қазақтың жұлдызы жарқырағаны өз кезінде де, бүгін де, ертең де ақиқат. Заңғар таудың бүтін тұлғасы алыстан көрінетінін білеміз. Демек, уақыт өткен сайын зорайып, бүкіл қадір-қасиеті ашыла түспек данышпан ағамыздың асыл бейнесін ақ қағазға кестелеген қалам қайраткерлерінің қайсысы да ұрпақтар алғысына бөленбек. Солардың ішінде, әділін айту керек, жазушы Медеу Сәрсекенің еңбегі ерекше. Зердесі жетпейтін, немесе, қарымы қысқа біреулер болмаса, көргісі келмей көлеңкелей беретіндер болмаса, бұл шындықты мойындар-ау!

Сурет begalinka.kz

Медеу Сәрсекенің қаныштану­шы­­­лар арасынан мойыны озық тұрғанын басқа емес, ұлы бейнеге әлденеше мәрте қайта айналып соғып отырған шығармалары дәлел. Автордың өзі айтпақшы «Қазақтың Қанышы» аталған роман-эссеге бұдан отыз бес жыл бұрын 1963 жылдың жазында ұлтымыздың біртуар ғалымы Әлкей Марғұланмен оңаша сұхбат үстінде алғашқы сүрлеу салынған. Теңеудің бәрі сәтті бола бермейді, бірақ М.Сарсекенің Қаныш Сәтбаев тақырыбына терең бойлауы Мұхтар Әуезовтің бүкіл өмірін Абайға арнағанымен шендестіргім келеді. Қазақ әдебиетінде салыстыра қарарлық мұндай мысал аз екеніне көзіміз жетеді.

Қаныш Сәтбаев туралы ұланғайыр еңбегінің елеулі торабы ретінде халқына ұсынған жаңа кітабымен Медеу Сәрсеке қазақ әдебиеті мен ғылым тарихының төріне тағы бір тумысы толымды ескерткіш әкелді. Табан тасы берік, іші мазмұн-дерекке бай, сырты көркем ескерткіш. Әр қазақтың қолынан табылатын, табына, тамсана оқитын іргелі еңбектің құнын лайықты бағаламасақ, тарихқа қиянат.

Біріншіден, Қаныш Сәтбаев туралы ғалым әрі ғылымды ұйымдастырушы туралы жазбақ болғанда, автор өзінің зор жауапкершілігін түсініп, болашақ кітаптың бағыт-бағдарын дұрыс анықтап алғанын айту керек. Роман кейіпкері – біздің замандасымыз. Қаныш ағаның көзін көрген, сөзін естіген елдестеріміз, шүкір әлі тірі. Көркемдік қуып, көсіле шауып, ойдан шығарылған қисынсыз (мейлі қисынды-ақ бола қойсын) әңгімелермен оларды алдау обал. Ғабит Мүсірепов айтқандай, Қаныш та Мұхтардай қасиетті, Қаныш мақтау тілемейді. Жазушы Алексей Брагиннің жазғаны бар. Бірде Қанекең оған қатқыл үнмен: «Мен туралы жазбаңыз. Тірі кезінде некролог (азанама) сияқты сөздерді оқу кімге жақсы», депті. Кызыл сөзбен жебеп, әсірелеуді кейіпкердің аруағы кешірмес еді. Оның үстіне, бәлкім, ең бастысы, роман кейіпкері ғылым қайраткері, демек, нақты, дәйекті, дәлелді болмаса, ол жазушы қиялынан туған жансыз, жасанды қуыршақ бейне болып шығар еді.

Міне, романның тініне шебер тоқылып, бірін-бірі толықтырып, үстемелеп тұрған деректерді сұрыптап ала, орнымен пайдалана білген жазушының ұтқан жері де осы. Ресми құжаттарда, естеліктерде, тіпті, жер-су аттары да шебер жазушының қолында әр қырынан жайнап, бас кейіпкердің жан дүниесін ашуға қызмет етеді. Осылайша, Қаныштың Қаныштығын ақиқаттан аттамай, тарихи шындықты көркем шындық қалыбымен суреттейді. (Осы бір суреттеу, суреттейді деген сөздер де қазақ әдебиеттану ғылымында орнымен қолданылып жүрген жоқ-ау. Кейіпкердің бет келбетін, сырт тұлғасын суреттеуге болар, бірақ, оның жан дүние­сі, ой әлемі суретке көнер ме?!).

Академик Қаныш Сәтбаевты бәріміз де білеміз деп жүрміз. Бірақ қазақтың Қанышын бізге білдірген – Медеу Сәрсеке! Дәлел қайсы? Сәтбаев бейнесі романда қалай ашылған? Әлде ұлы адам өмірінің белгілі бедерлі кезеңдерінің жылнамасы ғана болып қалған ба? Мына кітапты қолға алғаш алғандар да, көз жүгіртіп оқып шыққандар да, осы сұрақтарға жауап іздеуі заңды.

Әрбір ірі шығармада, әлбетте, орталық діңгек кейіпкер, оның заманы, сол тұстағы тарихи оқиғалар, кейіпкердің төрт құбыласын түгендейтін келеңді-келеңсіз жағдайлар болуы шарт. «Қазақтың Қанышында» мұның бәрі бар. Ал6 енді, оқырман деген ұлы сыншы ше? Оның талабы қандай? Қай түрлі шығарманы қабылдайды? Оқырман да өз заманының перзенті гой. Міне, Медеу Сәрсеке романға кіріспес бұрын осы жағын, әсіресе көп ойлаған-ау. Онысы дұрыс болған. Қоғамдық құрылыс сипаты өзгеріп, санасынан жаңа уақыт табы танылып тұрған, талғамы бөлек, тамсанудан гөрі тануға, білуге құштар оқырман жазушының көз алдында. Ұзын-сүре баяндау, тоқсан тарау толғаныс бұл күнде ешкімді де тартпайды. Өзін-өзі қызықтап, қызыл сөзді қыздырмалай қуып кететін, кейіпкерін себеп ретінде ғана көрсетіп, бәйге алдынан өзін тапқысы келетін қаламгерлік дәуірі өткен. Бұл күнде оқырманына нәр беретін, білмегенді білдіретін, керек кезінде тізгінін тарта ұстайтын сыпайы да сырбаз, татымды шығарма керек. «Қазақтың Қанышынан» тапқан олжамыз осы болды.

Қазақ даласының Ломоносовы атан­ған Қаныш Сәтбаев бейнесін әр қырынан барлап, оны кемел Адам ретінде көрсетуде Медеу Сәрсеке үлкен табысқа жеткен. Ұлы тұлғаның тарихқа белгілі шыңы қандай болса, тынышсыз өмірінің соңына дейін бойына сақтаған сыры да мол екен. Жазушы сол шындықты қолға ұстатқандай, әйгілей отырып, оқырманды кейіпкерінің сыр тұңғиығына жетелейді. Бірақ, алақанға салып ашып тастамайды, ой ұшығын ұстатады. Әр жағын өзіңіз біле беріңіз.

Автор өз кейіпкерін жақсы біледі. Ал өзің жақсы білген шаруаны көркем шығарма етіп, қалыптасудың қиындығы әр жазушыға мәлім. Автор кейіпкерінің өмір салтын, мінез-қарекетін, тіпті, мамандығын жақсы біледі. Сол заман, әлеу­меттік, ғылыми орта, қоғамдық-саяси жағдай, ойлау, тіршілік машығы, бәрі-бәрі Медеу Сәрсекеге таныс. Жалғыз оған ғана емес, мына бізге де таныс. Ендеше, сол «таныстарды» өзімізге қайта таныстыруды тәуекел еткен автордың ерлігі өз алдына бір құрметке лайық.

Қазақтың Қанышы – өзі қазақ, өзі көсем, өзі шешен, үлкен ғалым. Оның айналасы хат білмейтін қара жұмысшыдан бастап, жеті хат жер астының сырын ашқан өңшең аймаңдай ғалымдар, демі диірмен тартқызатын ел билігіндегі ұлықтар. Әр түрлі мінез, тәлімі бөлек, тәрбиесі басқа, парасаты мен пиғылы басқа жандар. Міне, осылардың әр қайсысының академик Қаныш Сәтбаевқа, азамат Сәтбаевтың солардың әрқайсысына тигізген әсері, екі жақты қарым-қатынастар бірде тікелей, бірде жанама түрде қосыла отырып, кейіпкер бейнесін жарқырата ашуға себепкер болған. Автор қосалқы кейіпкерлерін жетелемейді, олардың аузына сөз салмайды, миына өз ойын тықпаламайды. Керек уақытында қайырып алып отырғаны болмаса, барлық жағдайда оларды еркіне жібереді. Сөйлетеді. Сол арқылы өзі діттеген алтын діңгек бас кейіпкер Қаныш бейнесін ашқызады. Жанынан бояу қоспайды. Бірақ, автор болмысты сырттан бағушы, болған жағдайларды тіркеп қана отырған бей-жай куәгер де емес. Өмірде ашық та ақ жарқын, кішіпейіл мінезімен жұртқа жаққан Сәтбаев, маман ретінде кесімді де шешімді, өзі көзі жетіп, көңілі ауған ғылыми идеяны іске асыруда алып түсер алмастай өткір, көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Табанды. Екінің бірінің бойынан табыла бермейтін щешендігі, мол білімді ақтарып беруге жететін тіл байлығы пікір таластарда жеңдіріп отырады. Авторлық көрсетуінше Қаныш бойында кеудемсоқ ерлік емес, ақыл-ой қуатымен суарылған серпінді жігер бар.

Қазақтың Қанышы көркейткен, қадірін асырған енді бір қасиеті қарапайымдылығы десе, автор соны елеусіз ғана мысалдармен байқатып өтеді. Өз бетімен кен іздеуші ауыл қарты Сұлтанғазының Бекмағанбетіне қыстың көзі қырауда үстіндегі қара тонын шешіп берген Қанышты аңғал ма деп қаласың.

– Қайтейін, үсті-басы жүдеу екен, есіктен кіргеннен менің тонымнан көз алмады, қызыққанын біліп отырдым, – депті қайран Қанекем. Өзінен пәстерге төбеден қарамайтын, тәкаппарлықтан ада азамат жастарға қалтқысыз қамқорлық көрсеткенінің қанша үлгісі бар. Біреуі ғана, айталық, кейін Василий Иванович Штифанов аталып, даңқы жер жарған Еңбек Ері, бір кездегі Вася Сәтбаевты әкесіндей сыйлап өткен. Қанекем оған қанша үміт артса, талантты жігіт аға аманатын ақтай білді.

Сурет автордан

М.Сәрсеке кейіпкерінің өз жеріне, еліңе деген сүйіспеншілігін алаулатпай-жалаулатпай, іс үстінде, кен іздеп табу үстінде дәлелдейді. Қ.Сәтбаевтың туған жерін жақсы білуін тек маман-геолог ретінде ғана емес, перзенттік борышты адал атқарғандығы екенін көрсетеді. Басына күн туып, ел іргесінен жырақ жүргенде де, Мәскеуде салмақты қызмет, саялы бақ, салулы төсек ұсынса да, Арқаны аңсаған сәттерде автор кейіпкерімен бірге толқиды. Жан тебірентерлік жағдай. «Атаның ұлы болма, адамның баласы бол! Қаныш Сәтбаев сөйткен, сен де сондай бол» деп бүгінгі іні-қарындастарына автор осындай өсиет тастайды.

Әрі сенімді, әрі өнімді қайнарлардан алынған деректер романда Қаныш Сәтбаев және Қазақстан ғылымы деген арнаны нәрлендірген. Ғылым Академиясын ұйымдастыру, ғылым мамандарын ұйыстыру ісіндегі Қанекем еңбегі кімге болса да үлгі. Жезқазған топырағына алғашқы қазықтарды қолымен қағып, игі жоралғы жасаған ғұлама өзіне-өзі тірі кезінде қойған ескерткіші сан-салалы ғылым ордасы Академияның ғимаратын тұрғызуға жүрек жылуымен қуат бергені қандай шынайы кестеленген.

Ұлы адам өмірінің соқтықпалы соқ­пақты жолдары, ердің ері ғана мойымай көтерге алатын ауыртпалық, дос жылап, дұшпан күлген қиянат жағдайларының бәрінде де Сәтбаев адамгершіліктің ақ туын асқақ ұстағанын келер ұрпақ мақтан тұтады. Оны осы романнан біледі. «Қуғындалған Сәтбаев» кітабын шын көңілімен жазған М.Сәрсекенің мерейі осы жолы тағы да үстем.

М.Сәрсеке өзі «роман-эссе» деп сыпайы атағанымен, жаңа тұрпатты тарихи роман дегеніміз осындай-ақ болсын. Қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс ретінде тарихи роман теориясына осы шығарма арқылы бірқатар жаңалық енетін шығар. Дәл осы тұста романның тілі туралы да пікір білдірмекпіз. Әдетте, көптеген көркем шығармаларда арнайы ғылыми, айталық, техникалық лексикадан авторлардың қашқақтайтынын білеміз. Оның мәнісі – терминдер мен атаулар, қалыптасқан сөз тіркестері мен орамдар шығарма тілін ауырлатады, немесе, көркемдік кестесіне селкем тиеді дегеннен туса керек. Ал, М.Сәрсекенің кітабы ондай үстірт пікірді жоққа шығарады. Автор өзі жетік біліп отырған жағдайда сол «қасаң» орамдар көркемдік шығарманың қуатын әлсіретпейді, қайта нақты ұғым түсініктерді тиянақтап, шындыққа шырай береді екен. Шығарманың негізгі қазығы ғылым адамы, сюжеттер техникаға, технология­ға байланысты өрбіген кезде арнайы лексикадан тізгін тартудың қажеті жоқ. Қайта «ғылым тілін» (М.Әуезовтің сөзі) ұқсата қолдана отырып, көркем шығарманың танымдық құнын үстеуге болар. Әрі кейіпкерлер бейнесін шынайы беруге бастайтын жол да осы. Әрине. Бұл әркімнің-ақ қолынан келе бермейтіні де рас. Осы орайда қазақ әдебиетінде аз да болса өнегенің бар екендігін айта кетеміз. Мысалға З.Шашкиннің «Доктор Дарханов», І Есенберлиннің «Алтын құс» романдарын, Қалмұқан Исабайдың кейбір шығармаларын келтіруге болады. Тақырыбы және кейпі жағынан өз әдебиетімізде сирек кездесетін, өзіндік ерекшеліктері көп, жаңа сипатты роман туралы аз пікірімізді кітаптан алынған мына үзіндімен аяқтау­ды жөн көрдік. «Қаныш Имантайұлы бір хатында былай деп жазыпты: мен қазақпын. Жаратылысым да, жаным да қазақы. Ой-түсінігім бойынша да қазақпын. Алдағы өмірімді тек қана туып, өскен Қазақстанда өткізбекпін. Бұл жолда өзіме ай сәулесіндей көмескі де бұлдыр армандар қойып отырған жоқпын. Қазақстан қиырын армансыз кезіп, өмір бақи кен іздеуге әзірмін» (168 бет).

Міне, жиырма жеті жасында-ақ алдына осындай мақсат қойып, мұратына жеткен қазақ баласының асыл бейнесін толық тануға асыққан қазақ оқырманы «Қазақтың Қанышын» іздеп тауып оқысын.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button