Ресми

Лайықтылар марапатталады

Жыл сайын Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада облысқа ғана емес, республикаға еңбегі сіңген, өңір дамуына үлес қосқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері арасынан үш адамға «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру үрдіске айналған. Биыл бұл айтулы шара Ұлттық мереке мәртебесі берілген Республика күніне орай өтетін болады. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясының шешімімен облыстың «Құрметті азаматтарының» қатары тағы үш адамға толығатын болды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өңір дамуына елеулі үлес қосқан жекелеген азаматтардың еңбегін атап өтеміз. Биыл да облыс әкімдігі тарапынан жерлестерімізге «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс түсті, – дейді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Кандидаттар қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кеуде қуысының қатерлі ісіктері бар науқастарды хирургиялық емдеуді ұйымдастырушы, біліктілігі жоғары хирург-онколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қани Мұсылманбеков, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Мәдениет қайраткері», Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Омарбекова, 1970 жылғы Әлем чемпионатының жүлдегері, рекордсмен, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Құрметті мүшесі, Қазақстан велосипед спорты федерациясының атқарушы директоры, «Олимпиадалық резерв» спорттық мектеп-клубының директоры Анатолий Степаненко бар.

– Облыс әкімінің атына «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру үшін бірқатар ұсыныстар келіп түсті. Олардың барлығы – елге, жерге атағы сіңген азаматтар. Қажетті құжаттар ұсынылды. Ұсынылған адамдардың республикаға және облысқа сіңірген еңбегін ескеріп, аталған атақты беруді қолдауды сұраймын. Олардың барлығы – Тәуелсіздікті дамытуға, өңір дамуына үлес қосқан азаматтар, өңір мақтаныштары, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Республика күнінің маңызына тоқталып, мемлекеттік марапаттаулар мен Құрметті атақ осы атаулы күні берілетінін айтты.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, аймақ басшысы:

Жыл сайын ҚР Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында облыстың үздік 3 өкіліне «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы беріледі. Жерлестеріміздің арасынан бұл атаққа белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті спортшылар, ғалымдар, өнер адамдары марапатталады. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың І отырысында Республика күнін мәртебесін қалпына келтіру және оны Ұлттық мереке ретінде 25 қазанда атап өтуді ұсынды. Осыған орай мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтуде.

Сессия соңында Жеңіс Махмұдұлы облыс әкімдігінің өтінішін қолдаған депутаттық корпусқа алғысын білдірді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button