Бас тақырып

«Лагерьлерге ортақ стандарт керек»

Биыл Қарағандыдағы «Салют» мемлекеттік лагерінде төрт маусымда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 7 жастан 13 жасқа дейінгі 1440 баланы тегін демалыспен қамту жоспарланған. Балаларға арналған демалыс орнының материалдық-техникалық базасын, қауіпсіздігін жақсарту көзделген. Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Абден сауықтыру орталығын аралады.

Суреттерді түсірген автор

– «Салют» балалар сауықтыру орталығы Бұқар жырау ауданына қарасты Асыл кентінде орналасқан. Балалардың жақсы демалуы мен сауығуына жағдай жасап, олардың шығармашылық қабілетін дамытады. Орталық 360 адамға арналған. Лагерь жазғы маусым бойы жұмыс жасайды. Әр маусым 12 күнге бөлінген, – деді «Салют» балалар сауықтыру орталығының басшысы Гүлмира Әмірова.

Мәжіліс депутаты сапар барысында балалардың сапалы және қызықты демалуы үшін жасалған жағдайдың барысымен танысты. Лагерьдегі балалармен әңгімелесіп, шығармашылық жұмыстарымен танысып, ұсыныстарын ортаға салды.

– Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстандағы оқушылардың 70 пайызын жазғы лагерьмен қамтып жатырмыз» деп жылда есеп бергенімен, іс жүзінде он пайыз шамасында. Бұл жайт­қа осы сапарым барысында да, бұған дейінгі жүздесулерде де көз жетті. Мысалы, Ұлытау облысында әлі күнге дейін бірде-бір лагерь жоқ. Ал, Қарағанды облысындағы оқушылардың тек 15 пайызы лагерьмен қамтылған. Жалпы өзге өңірлерде де орташа осы статистика. Сол үшін мектепке дейінгі жекеменшік мекемелерді де лагерьде демалыс ұйымдастыру ісіне жұмылдыру керек. Әр ата- ана баласының жазғы лагерьлерде демалғанын қалайды.

Бірақ, елімізде сапалы лагерьлер жетіспейді. Қарағанды облысындағы «Салют» лагерінің аумағы көлемді болғанымен, абаттандыру жұмысы кемшін. Жазда шомылуға арналған бассейн болғанымен, суын сүзіп, үнемі тазалап отыру керек, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Қарақат Жақсылыққызының айтуынша, еліміздегі лагерьлерге ортақ стандарт керек. Бәрінде спорт зал, жатын орын, төсек жабдықтары бір стандартпен салынуы тиіс. Оған қоса сауықтыру бағдарламалары, балаларға дәрумен беру, табиғат аясында демалдыру, идеологиялық жұмыстарды бекіту керек.

– Бұдан бөлек, лагерьге жақын маңдағы өзен-көлдерде балаларға қауіпсіз жағдай жасау шарт. Балаларды лагерьде оқу-әдістемемен жүктей бермей, уақытын барынша ойын және мерекелік шаралармен өткізгені жөн, – дейді Қарақат Жақсылыққызы.

Лагерь жұмысымен танысу барысында депутаттың назарына балалардың әртүрлі демалысы мен дамуы үшін балалар орталығында ашылған шығармашылық шеберханалар, ойын және спорт алаңдары, бассейн көрсетілді.

– Лагерьде толыққанды сауықтыру демалысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Балалар әрқайсысы 40 адамға арналған жеке жайлы ғимараттарда тұрады. Оқушылардың денсаулығын білікті медицина қызметкерлері бақылайды. Салауатты, теңдестірілген 6 реттік тамақтану қамтамасыз етілген. Барлық ауысымдар бойы полиция инспекторы жұмыс істегендіктен, балалар орталығының аумағы тәулік бойы қорғалады. Жұмыс нәтижелерін көрген ата-аналар сауықтыру орталығының қызметіне риза екенін атап өткен. Біз үшін бұл үлкен жетістік, – деп атап өтті «Салют» балалар сауықтыру орталығы директорының орынбасары Ақбота Төкенқызы.

Жалпы, сауықтыру лагері жетекшілері биыл мәдени-бұқаралық және спорттық жұмыстарға қатысуға тарту арқылы балаларды зияткерлік, физикалық және адамгершілік тұрғысында дамытуды қолға алған.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда өңірлердегі әр лагерьде әдіс­теме әртүрлі. Кейбірінде тіпті, қауіпсіздік мәселесі шешілмеген. Бассейні жоқ қалалар бар, кейбірінің асханасы тар. Осы орайда, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі балалардың білімі мен қауіпсіздігі үнемі назарда болуы үшін Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жолдамақ.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button