Жаңалықтар

Құлабыз Ана

Әйгілі орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөзі бар. Сұлулық дегеніңіздің ішінде махаббат та, мейірім де бар емес пе?! Әлемді ананың махаббаты мен мейірімі құтқарып тұр. Ол – перзент жанарындағы ең сұлу, жүрегіндегі ең аяулы жан. Жылы алақаны болмаса, адам біткеннің жаны құлазып, кеудесі шуаққа жарымай, ерлік жасамас еді, көркеймес еді. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті» тербеткен қайран қазақтың аналары! Бүгінде бүтін бір әулеттің мерейін үстем етіп отырған ақылшысы, жабырқағанды жылытқан алауы, отбасына ғана емес, түгел ауылға ұйытқы болған кешегі Аналардың көзі – Тәпен Мұхамеджанқызы. Биыл 100 жасқа толып отыр. Мереке қарсаңында Тәпен анамызды ұлықтамақпыз.

Тәпен Мұхамеджанқызы Моңғолия жерінен атамекенге 90 жылдардың басында көшіп келген. Аталары қиын-қыстау заманда кеткен сол жаққа. Баян-Өлгейдегі ауруханалардың бірінде тазалықшы болып жұмыс істепті. 14 баланың анасы. Ері ертеректе бақилық болыпты. Зейнетке шыққанша бейнетті жұмысты атқарған. Балалары өсіп-өніп, өзі зейнетке шыққан соң атажұртқа қайтуға бел буған. 4 баласын Баян-Өлгей топырағына тапсырған. Әуелі Изенді ауылына табан тіреген. Бүгінде Нұра кентінің батагөй әжесі. 14 баладан тараған немере-шөбере мен шөпшек 100-ге жуықтапты. Солардың ортасында мейірімін, жылуын таратып, тәтті-дәмдісін үлестіріп отыр. 3 баласы Баян-Өлгейде тұрады екен.

Тәпен әжеміз ескі ғұрыптарды, наным-тыйымдарды жақсы біледі. Ауылдың орта жастағы келіншектері жиі келіп ақыл сұрайды екен.

«Қазақ келін тәрбиесіне баса мән берген. Ана – ұрпақты тәрбиелейді», – деді бір сөзінде қарт ана. Шаңырағындағы келіндері де құрақ құрап, іс тігеді. Ұлттық тағамдарды бабымен әзірлейді. Келіндері болса, білген-түйгендерін балаларына үйретеді. Сөйтіп, бір ғана шаңырақта ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін жалғастырып отыр.

«Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды» деген бар. Расында, құрсағынан шыққан балалары бұл күнде өздері немере сүйген, өсіп-өнген әулетке айналса да, анасының алдына келгенде балаға айналады. Немерелерінен тараған шөберелер де әжесін сағынып, қарашаңыраққа асығады. «Алыс сапарға шықсақ, анамызды сағынып жүреміз» дейді баласы Болай Зұлпыхар.

– Анамыз бізді буынымыз бекігелі еңбекке баулыды. Баян-Өлгейде мал бақтық. Жұмыс талғаған жоқпыз. Әкеміз ерте қайтқаннан кейін ауыр еңбекке ерте араластық. Анамыздың мейірім, алақанының жылуы жанымыздың жабырқап, сағымыздың сынуына жол берген жоқ. Содан бері міне, еңбектен қол үзген емеспін. Анамыздың арқасында азаматқа айналдық. Оны жанымызбен жақсы көреміз! Қайда жүрсек те сағынамыз. Анамызға жеткенше асығамыз. Алдымызда осылай жол нұс­қар шоқ жұлдызымыз болып жүре берсін деп тілейміз! – деді ұлы.

Ғасыр жасаған ананы туған күнімен Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Жүнісбеков құттықтады. Бағалы сыйлықтарын тарту етті.

– Бір ғасырда көргеніңіз көп. Өмірде түйген-білгендеріңізді балаларыңызға, немере-шөберелеріңізге айтып, өнегеңізді сіңіріп келесіз. Олардың барлығы – егемен еліміздің жас ұрпағы. Қазақстанның болашағы солардың қолында. Әулетіңізді былай қойғанда, ауыл жастары да тәрбиеңізді алып жүр. Батаңызды беріп, баршасына үлгі көрсетесіз. «Баталы құл арымас», «Батаменен ел көгереді» деген халқымыздың ғибратты сөздері бар емес пе?! Туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Дәл осы қалпыңызда ауырмай-сырқамай жас буынның тәрбиесіне зор үлесіңізді қосып жүре беріңіз! – деді Бақытжан Мұқанов.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді емес пе біздің жұрт?! Зұлпыхарлар әулетінің баға жетпес байлығы – Тәпен әже. Қазақтың басына түскен небір зұлматты көрді. Замана дауылынан пана іздеп үдере көшкен көштің де куәгері. Жат жерде жүріп, атажұртын аңсаған аталарының да мұңын жүрегінен өткізген. Сол жүрек бұл күнде егемен қазағының жас ұрпағына шуақ шашып келеді.

Өз балапанын, өмірінің жалғасын қатал қыстың қылышынан сақтау үшін жылы жаққа ұшатын жыл құстарының көшін бастайтын құсты құлабыз дейді екен. Тәпен әже – өзінің үрім-бұтағын қасиетті туған жерге, туған елге, Атамекенге бастап келген құлабыз құс секілді. Адам түгілі құс екеш құс та қанат жайған көлін аңсайды емес пе?!

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Басқа материалдар

Back to top button