Ұлағатты ұстаз есімі ұлықталды
«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерінің өсіп-өнуіне еңбегі сіңген азаматтарды ардақтау керектігі айтылған болатын. Осы бағдарлама аясында Нұра ауданы, Кертінді ауылындағы орталық көшелердің біріне Баймағамбет Мамыраев есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Ұстаздар күні қарсаңында білім беру ісіне бар ғұмырын арнап, айшықты із қалдырған азаматқа көрсетілген құрмет Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мұғалім мәртебесін көтеру тапсырмасымен ұштасты.
Баймағамбет Мамыраев көшесіне қойылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Президент аппаратының жауапты қызметкері Сәлімгерей Бекбергенов, Ақпарат және коммуникция министрлігінің жауапты қызметкері Әлиасқар Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кәрібай Мұсырман, Серік Сәпиев, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, академик Серғазы Әдекенов, қоғам қайраткері Жұмажан Жүкенов, облыстық Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев, ҚМИУ ректоры Бақыт Жәутіков және аудан басшылары мен қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұлағатты ұстаздың ұрпақтары қатысты. Оның ішінде – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, профессор Бейбіт Баймағамбетұлы Мамыраев.
– Баймағамбет Мамраевтың ағарту ісіне сіңірген еңбегі зор. Мыңдаған шәкіртке білім беріп, елге елеулі азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Мұндай тұлғаларды ұлықтаудың маңызы зор деп білемін. Осы тұрғыдан алғанда, Баймағамбет ағамызға өзі туған ауылдан көше атын беру туралы облыстық мәслихаттың шешімі өте орынды болғаны анық, – деді облыстық мәслихат депутаты, академик Серғазы Әдекенов.
Қадірлі қонақтар мен ұстаздың ұрпақтары ескерткішке жабылған ақ матаны салтанатты түрде ашып, әжелер шашу шашты. Баймағамбет Мамыраев ұзақ жыл еңбек еткен мектептің оқушылары ұстаз ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Ұлағатты ұстаздың ұрпағы, өзі де әке жолын жалғап қырық жылдан астам уақыт шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берген, ҚР «Оқу ағарту ісінің үздігі» атанған Роза Баймағамбетқызы жиналған қауымға ыстық ықыласын жеткізіп, алғысын білдірді.
Баймағамбет Мамыраев пен оның өмірлік жары Бибіғайша Қалықбергенова дүниеге 9 перзент әкеліп, бойларына адамдықтық асыл қасиеттерін сіңіре білген. Өмірден өз жолын тауып, ел адамы атанған перзенттері әке есімі ардақталып жатқан салтанатты шараға құр қол келмеген екен. Кертінді ауылының үш бірдей кітапханасына жаңа заман талабына сай жарық көрген, белгілі жазушылар мен ғалымдардың қаламынан шыққан 500 дана кітап табыстады.
– Кітапхана – баланың білімге құштарлығын оятатын орта. Бүгінгі шараның өскелең ұрпаққа, жастарға берері мол. Елімізде кітапханаларға қолдау көрсету, кітап шығару бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Баймағамбет Мамыраевтың ұрпақтары сыйға тартқан кітаптардың арасында Елбасымыздың еңбектері, заманауи әдебиет өкілдерінің шығармалары бар, – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.
Шаршы алаңда ел намысын қорғап, көк байрақты әлем көгінде желбіреткен Серік Сәпиев ауылдағы спортшы жастармен кездесіп, олардың дайындағын тамашалады. Жолын жалғап, бокспен айналысып жүрген балаларға ақыл-кеңесін айтып, спорт мектебіне қолғабын табыстады.
Ресми шара Баймағамбет Мамыраев атындағы тарих және география сыныбында өткен шағын концерттік бағдарламамен жалғасты. 2004 жылы ұлағатты ұстаздың есімі өзі еңбек еткен мектептің Тарих және география кабинетіне берілген болатын. Әкелері дәріс оқыған білім ошағына Баймағамбет ағаның ұрпақтары қамқорлық жасап, кабинетті заманауи технологиялармен жабдықтап берген. Бұдан бөлек, мектептегі оқуда озат, талантты да талапты балалардың лайықты білім алуларына барынша қолдау көрсетуде.
«Той атымен тон тігіледі» демекші, ұлағатты ұстазды еске алу шараласында мәдениет, өнер саласында елеулі еңбегімен көзге түскен азаматтар марапатталып, кештің ажарын ашты. Атап айтқанда, Қарағанды қаласы, Майқұдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, Қарағанды «Болашақ» колледжінің вокал үйірмесінің жетекшісі Гүлдана Мақшоноваға «Мәдениет саласының үздігі», Кертінді ауылындағы мәдениет үйінің аға кітапханашысы Бағдат Ахтямоваға және М.Сүлейменов атындағы орта мектептің кітапханашысы Қорлан Құлтасоваға «Кітапхана қызметінің үздігі» төсбелгісі табысталды.
Мәдениет пен өнердің дамуына қолдау көрсетіп жүрген азаматтар да алғыстан құр қалмады. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, академик Серғазы Әдекеновке, Кертінді аулының әкімі Ғалым Хасеновке, М.Сүйлейменов атындағы орта мектептің мұғалімі Балташ Сыздықовқа және Кертінді ауылындағы мектепке қамқоршы болып жүрген Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің ректоры, профессор Бақыт Жәутіковке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаты табысталды.
Баймағамбет Мамыраевты еске алу, есімін ұлықтау шарасы ұрпақтары ұйымдастырған құдайы аспен жалғасын тапты. Көзкөрген, заманында әріптес болған ауыл ақсақалдары Баймағамбет ағамыздың жарқын жүзін, еңбек жолын еске алып, рухына құран бағыштап, дұға жасады.
***
Француз ойшылы Жан Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деген қанатты сөзі Баймағамбет Мамыраев ағамыздың бар болмысын ашып тұрғандай. Ол ғұмырын осы киелі мамандыққа бағыттап, ұстаздықты өмірдің мәні мен мағынасы деп ұғына білген жан. Бозбала шағы ел басына күн туған, қиын-қыстау заманға тап келді. Ересектер майданға аттанғанда тылдағы сенімді тірекке айналды. Жоғары сыныпта оқып жүріп бастауыштың балаларына дәріс берді. Сол күннен бастап ұстаздықты жанынан артық көрді. Бейбіт күн орнаған тұста білімін әрі қарай жетілдіріп, туған ауылының мектебінде жарты ғасырға жуық табан аудармай еңбек етеді. Біраз жыл мектеп директоры, тәрбие ісін ұйымдастырушы болған. Жұмысын жан-тәнімен беріле істейтін, еңбегіне адал қарайтын азамат өз ортасында лайықты бағаланып, партияның лауазымды қызметіне де шақырылады. Әйтсе де, ұстаздық қызметін атақ пен билікке айырбастамады. Бұл – екінің бірі жасай алмайтын таңдау, нағыз ерлік емес пе?!
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»