Жаңалықтар

Ұлағатты ұстаз

Студент кезімізде Қойлыбай Дәулеткелді­ұлының тә­лімін де, жақсылығын да көп көрдік. Үлкен жүректі ұстаз ғана емес, аға да бола білді, жәй ұстаз ғана емес, рухани ұстаз ретінде өмірлік бағыт-бағдар берді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұрын телеарналардан айтысын көріп, атын естіп, дабысына қанық болған ұстазымызбен студент атанған 2001 жылы таныстық. Ол кездері қырыққа жаңа ілініп қылшылдап тұрған кезі еді. Бірақ, сөйлегенде ұлы абыздардай төгілетін. «Шешендік өнер» сабағында тайпалаған жорғадай ағызатын.

Қойлыағаңды әсіресе, ауылдан шыққан, біз сияқты қазақи жастар көп жағалайтын. Дәрісін бастап жібергенде төгіле жөнелетін. Баяғының би-шешендерінің алдында отыр­ғандай ұйып тыңдайтынбыз.

Ұстазымыздың Қарағандыда өткен 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысының ұйымдастырушысы, сол кезде студенттерге үгіт жүргізген қатысушысы ретінде жазаға да тартылғаны туралы әңгіме біздің де құлаққа тиген болатын. Арасында Желтоқсан туралы сұраймыз. Алысқа көз тастап біраз ойланып алып, терең бір күрсініп, ауыр әңгіменің тиегін ағытатын… Кейін ұлттың ертеңі үшін ереуілге шыққан жанпида жастардың оқиғасына қатысты басылымдарға біраз мақаласын жариялады.

Қойлыағамыз облыстық «Замандас» жастар апталығында, «Орталық Қазақстан» газеттерінде тілші болған. Бертінде облыстық «Шипагер» денсаулық газетінде бас редактор болып жұмыс істеген. Отыздың ортасына дейін үлкен мектептен өткен. Сол мол тәжірибесін бізге аямай үйретті.

Оқу бітіріп, жұмысқа кіріскен соң шақырып алып, түптің-түбі ұлттың дамуына ең үлкен пайдасын тигізетін ғылым екенін айтып, «Биыл алғаш рет магистратура ашылайын деп жатыр, соған құжаттарыңды жинап, тапсыр», – деді. Бір жағы – ақылы, бір жағы – бұйрық болатын. Ғылымға деген қызығушылығы жоқ адамның солайша үлкен жолға түсуіне ықпал етті.

Сол кездері расын айтсам, құжаттарымды Қойлыағаңды сыйлағаннан тапсырған едім. Жұмыс істеп жүріп оқу да оңайға соқпады, үлгермей жатқан кездерде көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып, бітіріп шықтық. Кейін білімімізді толықтыруға шетел астық. Ғылым деген құдіретті де ғаламат әлемге бет бұруға себепкер болғаны үшін ұстазымызға алғысым шексіз.

Қойлыағаңның «Ей» дейтін қаратпа сөзі болатын. Бастапқыда түсінбей жүретінбіз, кейін оның «айналайын» деген сөздің баламасы екенін ұқтық. Қойлыағаң «Ей» деп қалса елең ететінбіз. Магистратураны тәмамдап, Астанаға бет түзегенбіз. Елордалық Қойлыағаңның шәкірттері ұстазымыз­дың әңгімесін сағынғанда, бізден бір курс төмен оқыған Жомартқа хабарласамыз. Ол болса әдемілеп пародия жасайды. Біз риза болып, ұстазымыздың жанында отырғандай жадыраймыз. Бас-аяғы алты жыл университетте оқыған уақытта Қойлыағаңның ешқашан қабақ шытып, дауыс көтергенін көрмеппіз. Бірдеңе дұрыс болмаса, қазақтың көркем тілімен тереңнен тартып, «мақтамен бауыздай» салатын… Кейін ойланып, отырып қалушы едік.

Қойлыбай ағамыз бізге дәріс оқи жүріп, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Ғылым мен ұстаздықты шебер ұштас­тырды. Ебіней Бөкетовке қатысты және Айтыс өнеріне қатысты зерттеулерін, толғамдарын бізге де айтып отыратын. Кейін «Айтыс өнерінің публицистикалық сипатына» қатысты докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл еңбекті қазақтың қадым заманнан келе жатқан қасиетті өнеріне қатысты ең сүбелі және алғашқы зерттеулердің бірі болды деп білемін. Тоқтаусыз ізденістің арқасында ұстазымыз филология ғылымдарының докторы, профессор атағын алды.

«Жылымық жылдар жаңғырығы», «Е.А.Бөкетов – публицист», «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты», «Сөз өнері және журналис­тика» сынды еңбектері жарық көрді.

Қойлыағаң 30 жылдық ұстаздық ғұмырында талай шәкірт оқытты, шәкірт ғана емес, маман мен адам тәрбиеледі. Ұлт руханиятына қомақты қазына қосты, ұлттық идеологияға қызмет ететін жүздеген шәкіртті түлетті.

Егер де Арқа төсінен шыққан мемлекетшіл, ұлтқа жаны ашитын, елшіл-жершіл адам көрсеңіз ұстазы – Қойлыбай Асанұлы десеңіз қателеспейсіз.

Ержан ТӨЛЕК,
«Alatau-Aqparat» медиа холдингінің бас директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button