Ресми

Әл-ауқат пен әлеуметтік көңіл күй бұқара барометрі іспетті

«Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Азаматтарды әлеуметтік қолдау және – ұлттық мәселе.

54 мың адамға нәпақа

Аймақта еңбек нарығын цифр­ландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр.

– Әлеуметтік қорғау – облыстағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Жұмыссыз халыққа әлеуметтік қолдау биыл қабылданған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында жүзеге асуда. Соған сәйкес 54 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облыстағы жұмыссыздық деңгейі– 4,2%. Республикалық көрсеткіштен 0,6%-ға төмен. Нақты көрсеткіштерге тоқталсақ, ұлттық жоба аясында бес мың, бос жұмыс орындарына 22 мың, жекелеген бастамалар негізінде 17 мың адамды жұмыспен қамту көзделген, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Биылғы жылдың 20 шілдесіне дейін 24 488 тұрғын жұмысқа орналасып, 9 503 жұмыс орыны құрылды.

Нақтырақ айтқанда, «Жастар тәжірибесі» жобасымен – 121, «Бірінші жұмыс орыны» жобасымен – 151, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен – 11, «Күміс жас» жобасымен – 569, қоғамдық жұмысқа – 2 678, әлеуметтік жұмысқа – 356 адам тартылды. Барлығы 3 977 адам жұмыспен қамтылды.

Жұмыссыздық деңгейінің төмендеуінде бос жұмыс орындарының да үлесі басым. 22 095 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, орындалысы 49%-ды құрады. Жеке бастамалар арқылы 7 568 адам, ал, ұлттық жобамен 1 935 адам еңбекке араласты.

 

Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант

Мемлекет басшысының «Әді­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау­ында жастар бастамашылығын қолдауға жіті мән берілді. Осы орайда жастарға жылдық мөлшерлемесі жеңілдетілген 2,5%-бен 324 несие беру көзделген. Жалпы құны 1 млрд. 620 млн. теңгені құрайды. Оның 70%-ы қалаға, 30%-ы ауылға бағытталған. Бүгінде, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалына 942,5 млн. теңге қаражатқа 207 өтініш түсті. Арнайы комиссия 154 өтінішті қанағаттандырды. Ол – 696,6 млн. теңге. Жалпы бүгінде 136 шағын несие беріліп, 614,6 млн. теңгені құрады. 135,5 млн. теңге көлеміндегі 33 өтінішті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қарастырып жатыр. 41,1 млн. теңге көлеміндегі қаражат жоспарланған 9 өтініш комиссиядан өтпеді.

 

Әлеуметтік осал топ өкілдері де басты назарда

Биыл 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 191 грант беру жоспарланған. Жалпы қарастырылған қаражат 268,6 млн. теңге. Бүгінде, 148 грант бөлініп, 68-і – көпбалалы отбасына, 42-і – мүмкіндігі шектеулі жандарға, 38-і халықтың басқа топ өкілдеріне бағытталды.

Қазіргі таңда аймақта мүгедектігі бар 55 мыңнан астам адам тұрады. Бұл жалпы халық санының – 4,9%-ы. Бұл әлеуметтік осал топ өкілдерін қолдауға 3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Яғни, мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етілуде.

Қарағанды, Саран, Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қаласында, Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Қарқаралы ауданында тегін инватакси бар. 10 арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы қызмет жасайды.

Бірінші жартыжылдықта аймақта арнаулы әлеуметтік қызметпен 8 483 адам қамтылды. Оның ішінде, мүгедектігі бар балалар – 922, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан – 2 257, жалғыз­басты қарттар мен мүгедектер – 4 614 адам.

 

Үкіметтік емес ұйым – ұйытқы

Халықты әлеуметтік қорғау және қолдау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау мақсатында басқарма үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізеді. Осы орайда, жалпы сомасы 76,9 млн. теңге көлемінде 244 адамды қамтитын үкіметтік емес ұйымдардың 8 жобасын іске асыру үшін келісім жасалған.

Сондай-ақ, аймақта психоневрологиялық аурулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін 12 орындық пилоттық жобасы жұмыс істейді. Бұған облыстық бюджеттен 12,8 млн. теңге бөлінді. Аталмыш жоба «OZIM» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылуда.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button