Әл-ауқат өлшемі
Былтыр қолданысқа енген Отбасының цифрлық картасы қазақстандықтарды экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайларына, медициналық көмек пен білім алу мүмкіндіктеріне қарай әл-ауқат жағдайының бес деңгейіне бөледі. Бұл әлеуметтік қауіп төнген жағдайда тиісті жәрдемақы, я жеңілдіктерді дер кезінде алуға мүмкіндік береді. Аймақта бүгінде 393 921 отбасы тұрады. Оның ішінде, 76 743 отбасы «дағдарыс» деп саналатын Д және төтенше – Е санатында. Облыста бұл санаттағы отбасылардың үлесі елдегі 24,2%-дан төмен болса да, яғни 19,4%, жергілікті билік олардың қатарын азайтуға білек сыбана кіріскен.
Бұл бағыттағы жұмысты бастау үшін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның айтуынша, біріншіден, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басқа орталық органдармен, сондай-ақ, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, отбасылар туралы мәліметтерді нақтылауы қажет. Отбасының цифрлық картасындағы мәлімет дұрыс болуы үшін бұл жұмыс жан-жақты жүріп жатыр.
Нақтылау жұмыстары бұрын-соңды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмаған азаматтарды анықтауға ықпал етеді. Ол балабақша кезегінде тұрған балалар, жұмыссыз жастар немесе ресми еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндер болуы мүмкін. Бұл ретте салық және әлеуметтік төлемдерді төлемейтін белсенді емес жеке кәсіпкерлерге, сонымен бірге, тіркелген жері бойынша тұрмайтын азаматтарға ерекше назар аударылатынын айта кету керек. Қазіргі уақытта цифрлық картада балабақшаға немесе мектепке бармайтын балалар туралы ақпарат бар. Сондай-ақ, тұрақты жарналары жоқ жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының саны туралы деректер үнемі жаңартылып отырады, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ NEET жастары мен өзге де азаматтарының саны тіркелді.
Ерлан Құсайын жүйенің жұмысын нақты мысалдармен түсіндірді.
– Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылының тұрғыны Арнұр Хасеновті мысалға алайық, – дейді Ерлан Бейсембайұлы. – Биыл наурызда кәмелетке толмаған үш бала тәрбиелеп отырған Хасеновтер отбасының қаржылық қиындықтарға тап болғаны белгілі болды. Цифрлық карта тілінде олар E санатында. Отағасының анасы – зейнеткер, әйелі – бала күтімі бойынша демалыста. Отбасының өз баспанасы бар және олар атаулы әлеуметтік көмек алады. Отағасы 2017 жылдан бастап, жұмыссыз ретінде тіркеуде. Мәліметтерді нақтылау кезінде Хасеновтердің жалпы табысы 149 мың теңгені құраған. Несие қарыздары да көп. Қазір Арнұр Хасенов жергілікті мәдениет мекемесінде жұмыс істейді. Әйелі АХАТ бөліміне қоғамдық жұмысқа жіберілді. Жазда отбасына қызының емделуіне 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары отбасын жоғарыда атаған Е санатынан шығаруға мүмкіндік берді.
Осы орайда Осакаров ауданының тұрғыны Ольга Петрованы да тілге тиек етуге болады. Ол ерекше күтімді қажет ететін баланы тәрбиелеп отыр. 1,38 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болып, ауылда балаларды дамыту орталығын ашу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қажетті жиһаз, жабдықтар мен оқу құралдарын сатып алып, ол өз арманын іске асыруда. Бұл мысалдар қиын жағдайдағы отбасыларға уақытында қолдау керектігін көрсетеді.
– Бүгінде мұқтаж отбасыларды анықтау өте маңызды. Отбасылардың келешекте қиын өмірлік жағдайға түсіп қалмауы үшін бұл жұмыс дер кезінде жүргізілуі тиіс. Мұнымен біз кедейшілікті, жұмыссыздықты және халықты жасырын жұмыспен қамтуды азайту бойынша ауқымды міндеттерді қатар шешудеміз. Ең бастысы, біз бұл отбасыларды «дағдарыс» немесе «төтенше жағдай» санаттарынан бай, қуатты отбасыларға ауыстырамыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс әкімінің бастамасымен облыста бұл жұмысты ұйымдастыру үшін штаб құрылды. Оған Ерлан Құсайын төрағалық етеді. Әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бойынша жергілікті шараларды жедел қабылдау мақсатында штаб Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Шет, Қарқаралы аудандарында жиындар өткізіп үлгерді.
Отбасының цифрлық картасы бұрын қолданыста болған бағдарламалардан өзгеше. Мұнда мемлекеттік органдар дағдарысқа ұшыраған және төтенше жағдайға тап болған отбасылардың өздерінің хабарласқанын күтіп отырмайды. Өздері дереу көмек көрсете бастайды. Азаматтар тек SMS арқылы қызмет алуға келісім беруі қажет. Бұл отбасының жұмыссыз мүшелерін жұмысқа, балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыру, сонымен қоса, МӘМС жүйесіне қатыспайтын отбасы мүшелерін медициналық мекемелерге тіркеу, мерзімі 3 айдан асқан несиелер бойынша банкроттық туралы кеңес беру қызметтеріне қатысты. Мемлекеттің көмегі жобалар түрінде көрініс табады.
Ерлан Құсайын аймақта жүйелі жүргізіліп жатқан жобаларды атады. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орны» 35 жасқа дейінгі еңбек өтілі жоқ жастарға бағытталады, 30 АЕК көлемінде кепілдік берілген төлемі бар. Түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы, зейнет жасындағы жандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Күміс жас» жобасын айтуға болады. Одан бөлек, белгіленген еңбекақысы 40 АЕК-дан кем емес қоғамдық жұмыстар бар.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын айрықша айтуға болады. «AMANAT» партиясымен бірлескен жобаға биылғы екінші тоқсанда 3 147 адам қатысқан. Қаржы сарапшылары жаңа білім беріп қана қоймай, көпшіліктің сұраныстарына сәйкес, enbek.kz порталында тіркелу, жеке кәсіп ашу, соттан тыс банкроттықты рәсімдеу және қарызды өтеу кестесін құру бойынша кеңес берді.
«Jumys tap» жобасы да – аймақта жүзеге асырылып жатқан тың жобалардың бірі. Ол жұмыссыздармен қатар, жұмыс істейтін азаматтарға қосымша мамандық алуға мүмкіндік береді. Бастаманың маңыздылығын қатысушылардың қызығушылығынан байқау қиын емес. Жоба жүзеге асырылған екі айдың ішінде 1900-ге жуық адам кеңес беру орталықтарына жүгінген.
Бала күтімі бойынша демалыста отырған Наталья Зингелевская өз жұмысынан бөлек, графикалық дизайн және мобилографияны меңгеру үшін курсқа жазылып, оқып жатыр. Ал, құрылысшы Талғат Тоғантаев электр және газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеруде. Жұмысы бола тұра, жаңа кәсіп игергісі келетіндерді көптеп мысал етуге болады. Десе де, NEET санатындағы жастар қатарының артуы алаңдатпай қоймайды.
– Жастар – елдің қозғаушы күші, тірегі, болашағы. Ал, біздің міндетіміз – жастардың қоғамда өз орнын тауып, лайықты азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Мемлекет жастарды түрлі білім беру жобаларына тарту және жұмыспен қамтуды арттыру бағытында белсенді шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, аймақтағы NEET жастарымен мақсатты жұмыс «Мүмкіндіктер марафондары» аясында жүріп жатыр, – дейді Ерлан Бейсембайұлы.
Биылғы жеті айда NEET санатындағы 22 300 адам түрлі іс-шаралармен қамтылды. Олардың біразы жұмысқа орналасты, кейбірі қысқамерзімді курстардан өтіп, психологиялық, құқықтық және ақпараттық кеңестер алды. «Жасыл ел» жобасына қабылдау кезінде қатысушының әлеуметтік жағдайы міндетті түрде ескеріледі. Биылғы маусымдағы «Жасыл ел» жасақтарының кемі 10%-ы – мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Бұл – 1318 адам.
Жастарды шағын және орта бизнес саласына тарту жұмыстары «Jas project» жобасы аясында қолға алынған. 2021 жылдан бері оған 148 жас қатысып, 148 миллион теңге грант алды.
Грант – мемлекеттік қолдау ретінде ерекше маңызды. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына 80 грант бөлінді. Яғни, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, қоныс аударушылар, мүгедектер немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар 1,38 миллион теңгеге ие болу мүмкіндігін алды. Бұл ретте грант алушылар мемлекеттік қолдаудың мәнін терең түсінгендері абзал. Грант – қайырымдылықпен айналысу емес, мүмкіндік. Оны дұрыс пайдалану маңызды.
Мәселен, бес баланың анасы, 34 жастағы Айжан Шотаева грант қаражатына Қарқаралыдан жартылай фабрикаттар дайындайтын цех ашты. Оның өнімдерін тұтынушылар қатары көбейген сайын өнім түрі де артуда. Дәмді тамақ істей алсаң, одан да пайда табуға болады. Айжан мемлекеттік қолдау арқылы отбасының жағдайын жақсартуға болатынын дәлелдеді.
– Өмірлік қиын жағдайға тап болған әр отбасымен жеке жұмыс жүргізу қажет. Оларға мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары, соның ішінде, тиесілі әлеуметтік жәрдемақылар мен жұмысқа орналасуға көмек көрсету маңызды. Мемлекет қолдауына мұқтаж отбасыларды анықтау үшін Отбасының цифрлық картасын қолдану аясын кеңейту қажет, – деді штаб жетекшісі Ерлан Құсайын.
Оксана МЯГКИХ