КВИ-ге қарсы вакцинация тоқтаған жоқ
Бүгінгі таңда инфекциялық ауруханалардағы орынның 35%-ы – толық. Өзі 174 орын болатын болса, 65 науқас стационарда ем алуда. Оның 26-сы – ересек науқастар, 39-ы – бала. Бір айта кетерлігі, ауыр жағдайдағы науқастар жоқ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова қызылшаға байланысты аймақта қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал туралы айтты. Оның айтуынша, жағдай әлі де тұрақталған жоқ.
– Жыл басынан бері қызылшаға күдікпен 979 жағдай анықталды, оның 578-і расталды. Оны жұқтырғандардың 75%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 85%-ында иммунитет жоқ, яғни, қызылшаға қарсы екпе алмаған, – деді спикер.
Бүкіл әлем ғалымдары қызылшаны жұқтырудан қорғанудың жалғыз жолы екпе екенін атап өтуде. Тек вакцинация ғана инфекцияның ауыр ағымынан қорғай алады.
– Қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ. Тек белгілері ғана емделеді. Мәселен, дене қызуы көтерілетін болса, түсіретін дәрілер беріледі, жөтел болса, оны басатын дәрілер қолданылады деген сияқты. Сондықтан, екпе алған дұрыс. Бүгінгі таңда қызылшаға қарсы қосымша иммундау аясында 58 мыңнан астам адам егілді,– деді Бибігүл Райханқызы.
Сонымен қатар, басқарма басшысы ЖРВИ жағдайына да тоқталды.
– Былтырғы 1 қазанынан бастап, кешегі күнге дейін 72 мыңнан астам ЖРВИ дерегі тіркелді. Өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда біршама өсу байқалады. Онымен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Бұл – 61%. Зертханалық талдаулар нәтижелері бойынша эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері тұмау вирустары бар 80 жағдай тіркелді. Көбісі 14 жасқа дейінгі балалар арасында, – дейді спикер.
Оның айтуынша, тұмаудың дененің ауырсынуы, жалпы әлсіздік және ұйқышылдық, бас ауруы және айналуы, бұлшықеттің ауыруы, жоғары температура (көбінесе 39 градустан жоғары), жүрек айнуы және диарея, көздің ауруы, тамақтың қышуы және құрғақ жөтел сынды белгілері байқалған.
– Қазіргі уақытта қызылша, тұмау, ЖРВИ, коронавирус инфекциялары қатар жүріп жатыр. Сондықтан, ауыру ұзаққа созылып кетеді. Ауырудың созылуы адамның иммунитетіне байланысты, – деп айтты ол.
Брифинг барысында мәлім болғандай, облыста коронавирус жұқтырған 36 адам тіркелді. Ақпаннан бері КВИ-дің 17 жағдайы тіркелді. Барлық науқастар амбулаториялық деңгейде ем алады.
– Коронавирусқа қарсы вакцинация тоқтаған жоқ, әлі де жүргізіліп жатыр. Емханаларда короновак вакцинасы бар, кез келген адам екпе ала алады, – деді Бибігүл Төлегенова.
Басқарма басшысы ауа-тамшы инфекцияларының алдын алудың тиімді шаралары ретінде вакцинация, маска тағу, қол гигиенасын сақтауды ұсынады.
– Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 08.02.2024 жылғы №2 қаулысына сәйкес барлық медициналық ұйымдарда персонал мен келушілер маска қолдануы міндетті. Емханаларға мүмкіндікке қарай масканы тарату немесе әлеуметтік дәріханаларда сату мәселесін қарастырамыз, – деді спикер.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz