Жаңалықтар

Кристина ШАФИКОВА: “Сақтық әлі де керек”

Елде вакцинация басталғалы жарты жылдан асты. Кешегі күнгі мәлімет бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 8 338 340 адам, толық курсын 7 559 996 адам алған. Осы айдан бастап вакцинацияға ревакцинация қосылады. Сонымен бірге, жүкті әйелдер мен балаларға екпе салу басталады деп жоспарланған. Облыстық мәслихаттың депутаты, Балқаш қаласындағы №1 орта мектептің директоры Кристина ШАФИКОВА вакцинация мен ревакцинация туралы ойымен бөлісті.

– Қазір коронавирустың таралуы төмендеп келеді. Дегенмен, тәуекел жоқ емес. Қалай сақтануға болады?

– Аурудың таралуының төмендеуі – жалпы вакцинациялаудың арқасында қол жеткізген нәтиже. Бірақ, вирус мутацияға ұшырап, өзгеріп жатыр. Яғни, халық денсаулығына әлі де қауіп төніп тұрғанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан, індетті таратпау жөніндегі шараларды қажет деп есептеймін. Бүгінде карантин шектеулері айтарлықтай азайды, той-томалақ, жиын, отырыстар өткізуге рұқсат беріліп жатыр. Біз бұрынғы өмір салтымызға оралудың қамын жасауымыз керек. Әрине, ол бірден бола қоймасы белгілі. Бұл ретте тұрғындардың азаматтық жауапкершілік танытуы маңызды. Әркім әуелі өзі мен жақындарының денсаулығын ойлап, сақтық шараларын ұмытпаса, тұтас қоғам да өзгереді деп ойлаймын. Сақтық шараларының ең үлкені – вакцинация.

– Ревакцинацияға қалай қарайсыз? Сіздің ойыңызша ол қаншалықты қажет?

– Ревакцинация мені және айналамдағы адамдарды қорғауға мүмкіндік береді. Біріншіден, мен, педагогика саласының қызметкері ретінде, өзім білім беретін оқушыларымның өмірін қатерге тіккім келмейді. Себебі, балалар, қандай да бір аурулармен ауыратын адамдар немесе аллергиясы бар адамдарға вакцина салуға рұқсат болуы мүмкін. Сонда олар қалай қорғанады? Олардың қауіпсіздігі айналасының қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан, қандай да бір себептермен екпе ала алмайтын адамдар үшін жауапкершілік вакцинация мен ревакцинация ала алатын адамдардың мойнында деп түсінген жөн.

– Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, осы айда Pfizer вакцинасы келуі керек. Балалардың коронавирусқа қарсы вакцина алуына көзқарасыңызды білсек…

– Балалардың вакцинациясы медициналық қызметкерлердің егжей-тегжейлі тексеруі мен анализдердің нәтижесіне қарай ғана жасалғаны дұрыс деп есептеймін.

– Дәстүрлі білім беру форматына ауысқаннан кейін оқушылар арасында КВИ жұқтырғандар көбейді. Сіз басқаратын білім ордасында оқушылардың қорғалуы қалай ұйымдастырылады?

– Оқушылар арасында ауырғандардың барлығы вирусты мектептен тыс жерде жұқтырған. Нақты өз мектебім бойынша айтар болсам, коронавирусты педагогикалық ұжымнан жұқтырған жағдай болған жоқ. Мектептен тыс жұқтыру жағдайлары вакцина алмаған ата-аналары, ата-әжелері басқа да туыстарынан болғанын білдіреді. Қандай да бір жағдай анықталған жағдайда, оны қайдан жұқтырғанын анықтаймыз. Балалар карантинге жіберіледі, сабақтар қашықтан жалғасады. Бұл уақытта мектептің техникалық персоналы тұтас санитарлық шаралар жүргізеді. Сенбі күні дезинфекция жасалса, келесі күні тағы да жұмысқа шығып, дезинфекциялық заттардың қалдықтарын тазалайды. Сенбі күнгі санитарлық жұмыстар тұрақты түрде жасалады. Мектепте бетперде тағу, Ashyq арқылы кіру, қолды антисептикпен тазалау және термометрияның жүргізілуі қатаң қадағаланады.

– Жақында Денсаулық сақтау министрі А.Цой шет елде өндірілген вакциналар келер жылдан бастап ақылы болатынын айтты. Бұл вакцинация қарқынына әсер етеді ме? Қалай ойлайсыз?

– Әлбетте, халықтың әлеуметтік аз қорғалған тобына, яғни, табысы төмен азаматтар мен отбасылар үшін ақылы вакцинация қиын болады. Бұл вакцинация қарқынына әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, менің екпе алуым оны ала алмайтын, медициналық қарсы көрсетілімі бар басқа біреу үшін қорған. Сондықтан, вакцинацияның қарқынын түсіруге жол берілмеу керек. Сақтық әлі де керек.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button