«Кристалдай таза әрі қайталанбас тұлға»
Мен студенттермен көп жылдар бойы жұмыс істеп келемін. Олардың әрқайсысымен өткен кездесу мен үшін кеңістік-уақыт континуумын бағалауға жаңа серпін береді. Ұрпақтар ғана емес, технологиялық процестер, ақпараттық бағдарламалар, компьютерлер де өзгеруде. Бірақ, ғылыми ой мен зерттеушінің ізденісі – өзгермейтін бірегей және тұрақты құбылыс.
Ғылымда өз идеяларымен жаңа ізденістерге негіз болатын, уақыттан тыс өзектілігін сақтайтын ғалымдар шоғыры бар. Солардың қатарында академик Евней Арыстанұлы Бөкетов лайықты, құрметті орын алады.
Академик Бөкетовтің өмірден өткеніне қырық жылдан астам уақыт өтсе де, оның есімі халық жадында мәңгілік сақталады. Оның формулаларға, жобаларға, гипотезаларға айналған ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Оның ғылыми-публицистикалық еңбектері гуманитарийлерге де, техникалық мамандық иелеріне де түсінікті әрі жақын. «Мұнай, көмір және су – химия мен энергетикада» (Қарағанды, 1994; 2015) атты соңғы қолжазбаларының бірін қайта оқи отырып, бүгінгі Қазақстанның индустриялық-инновациялық жобаларының негізін көресіз.
Бүгінде брикеттік қоңыр көмір өндірісі іске қосылып, сұйық отын өндіретін тәжірибелік зауыт ашылуда, сондай-ақ, баламалы энергия көздерін іздеу жалғасуда. Бұл идеялардың барлығы жарты ғасыр бұрын Евней Бөкетов еңбектерінде көтерілген болатын.
1967 жылы Е.Бөкетов Қазақ КСР делегациясының құрамында Монреаль қаласында (Канада) өткен ЭКСПО-1967 көрмесіне қатысты. Сол кезде ешкім Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы – баламалы энергетика болатынын елестете де алмаған еді.
Баламалы энергия туралы академик Бөкетов өз еңбектерінде бірнеше рет жазды, ол адамзаттың тек табиғи көмірсутектерге тәуелді болмауы керектігін баса айтты. Оның соңғы қолжазбасына академик В.Вернадскийдің «Ғылым тарихы әр қадам сайын көрсетеді: ақырында, айналасындағылар уақытында түсініп, бағалай алмаған нәрсені көре білген ғалым әрдайым дұрыс болып шығады» дегені эпиграф ретінде алынған. Бұл сөздер Евней Бөкетовтің ғылыми көзқарасының көрегендігін тағы бір дәлелдейді.
Ойға бірден «Неге Евней Арыстанұлы дәл осы сөздерді эпиграф ретінде таңдады? Бұл оның ғылыми ойының өз уақытынан озық болғанын сезінуі ме? Әлде ол сол кездегі қуғын-сүргін жағдайында ғалым ретіндегі өзінің дәрменсіздігінен туған күйініш пе?» деген сұрақ келеді. Бірақ, қандай себеп болмасын, бұл оның нағыз ғалым екендігін тағы бір дәлелдейді. Өйткені, шынайы зерттеуші үшін ғылыми ойдың болашағы көбіне көкжиектен де әрі жатыр.
Профессор В.Малышев атап өткендей, Е.Бөкетов – ең күрделі идеяны ең қарапайым түрде түсіндіріп бере алатын ерекше тұлға болған. Оның ғылыми еңбектері логикалық дәлдікпен ғана емес, көркемдік сипатымен де ерекшеленеді. Мысалы, салмақты ғылыми кітабы Сергей Есениннің өлеңімен басталып, одан әрі поэма секілді оқылады.
Адамзат дамуының экологиялық және рухани дағдарысы адамды табиғат пен ғарыш алдындағы жауапкершілігін қайта сезінуге шақырады. Е.Бөкетов бұл мәселені 80-жылдары-ақ көтерген. «Адамзат алдында экологиялық мәселелер – яғни, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру және табиғи үйлесімділікті сақтау мәселелері толық бой көтерді. Бұл тепе-теңдік пен үйлесімділік адамның өзі үшін де аса маңызды, өйткені, ол осы жүйенің ажырамас бөлігі болып табылады».
Бұл жолдар 1980 жылдардың басында жазылғанымен, олар бүгінгі экологиялық дағдарысқа тікелей қатысты болып көрінеді. Е.Бөкетов Жердің ластануының қауіпті деңгейге жететінін, табиғи тепе-теңдіктің бұзылатынын және атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері 2000 жылға қарай 25%-ға дейін өсетінін болжаған. Мұның салдары ретінде парниктік әсердің күшеюі, климаттың өзгеруі және мұздықтардың жаппай еруі туралы айтқан.
Бүгінгі күні климаттың жаһандық жылынуы, биік таулардағы мәңгілік қар мен мұздың еруі – ғалымның осыдан ондаған жылдар бұрын жасаған болжамдарының шындыққа айналғанын дәлелдейді.
Е.Бөкетовтің жоғары мәдениеті тек табиғат алдындағы этикалық жауапкершілікпен ғана емес, адамдарға деген қарым-қатынасымен де ерекшеленді. Ж.Тәшенов оның тұлғасын «Бұл – ерекше мәдениетті, кристалдай таза әрі адал, салмақты да өткір ойлы, қайталанбас, тұрақты дос және сенімді серіктес еді. Ол тұтас бір дәуірдің символына айналған тұлға. Бұл – халқымыздың мәдениетін бойына сіңірген аса дарынды ғалым. Ол ғылымда өзіне ғана тән ерекше қолтаңба қалдырды. Ол өмірді және адамзатты шынайы сүйді. Ол елінің болашағына сенді» деп сипаттайды.
Жақында шет тілдер факультетінде өткен кездесуде бір студент «Біздің алғашқы ректорымыз Евней Арыстанұлы Бөкетов туралы біз кітаптардан, мұражай экспонаттарынан білеміз. Сондықтан, ол біз үшін ең алдымен ғалым, ұстаз, ерекше тұлға ретінде көрінеді. Біз күн сайын оның ескерткішінің жанынан өтеміз және бұл көбінесе оның концептуалды бейнесі іспетті. Бірақ, Сіз оның жақын туысы ретінде оның өмірінен есте қалған ерекше оқиғалар туралы айтып бере аласыз ба? Біз үшін оның шынайы тұлғасын көре білу өте маңызды», – деді.
Бұл – өте орынды сұрақ әрі ұсыныс. Біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл Солтүстік Қазақстан үшін де Бапамыздың (Евней Арыстанұлының туған-туыстары осылай атайтын) әр келуі үлкен оқиға еді. Біздің үйдің маңына сол заманда сирек кездесетін жеңіл көліктер жиналатын.
Евней Арыстанұлының ең басты қасиеттері – әртүрлі ұлт өкілдеріне деген мейірімділігі, өмірге құштарлығы, адамгершілігі, әділдігі, адамдарға деген ықыласы, оптимизмі. Ол немқұрайлылықты, надандықты, өркөкіректікті, жағымпаздықты, дөрекілікті, басқаларды құрметтемеуді дұрыс көрмейтін. Ол үшін барлық адамдар тең болды. Кабинетінен әйел адам кірген кезде, ол кім болса да – профессор ма, еден жуушы ма – орнынан тұрып, қолын ұсынып, жылы қарсы алатын. Сол сәтте сіз оның әкімші емес, ең алдымен адамгершілігі мол тұлға екенін бірден сезінетінсіз.
Ол ректор ретінде еденді тап-таза етіп жуған еден жуушыны мақтай алатын. Күрделі ғылыми мәселені ең қарапайым тілмен түсіндіре алатын, сағаттап поэзия оқи алатын. Оның әріптестері, студенттері және қызметкерлері оның ерекше ой-өрісіне, тапқырлығына, әзілқойлығына, ғибратты әңгімелеріне таңғалатын. Кейде маған, тіпті, онымен бірге қызмет атқарған әріптестері, оның жанында жүріп, әңгімесін тыңдаған адамдар, тіпті жолда кездейсоқ кездескен жандар да, менен де жақынырақ болғандай көрінетін.
1930 жылдардың ашаршылық кезеңінде Бөкетовтер отбасы амалсыз Түмен облысына көшіп кетті. Бірақ әкеміз – Ибраһим (Ибрай) ұзақ тұрақтамай, туған жеріне қайта оралды. Ол өзінің орыс достарымен бірге – ауылдастары тамырларымен бірігіп, Солтүстік Қазақстандағы Марьевка ауылында жеркепе тұрғызды. Сол кезде әкеміз Евнейдің (шын есімі – Евин-Ғабиден) болашағы үшін оны Ресейден алып келді. Себебі Марьевка орта мектебі мықты білім ордасы еді. Мұнда Мәскеу мен басқа қалалардан жер аударылған профессорлар мен доценттер сабақ беретін.
Ибрай аға тек ауыл арасында ғана емес, негізінен орыстар тұратын ауылда да беделді тұлға болды. Себебі, оның ойлау қабілеті ерекше, мінезі берік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, даулы мәселелерді шеше білетін көшбасшы еді. Ибрай аға өзі Евнейді ерекше жақсы көрді. Бірде Евней үздік оқушы атанып, марапат ретінде матадан тігілген сыйлық алды. Дәуір үшін өте тапшы бұл матаны Ибрай аға төрге іліп қойып, бәріне мақтанышпен көрсететін. «Бұл – менің кішкентайымның оқудағы жетістігі үшін алған марапаты», – деп үлкен қуанышпен айтатын.
Әрине, ол бұл әрекетімен шынайы педагог ретінде Евнейдің оқуға деген ынтасын оятқанын сезбеген де шығар. Бірақ, оның бұл ісі мотивацияны күшейтудің шынайы көрінісі еді.
Бұл – академик Бөкетовтің тұлға болып қалыптасу жолының бір ғана көрінісі. Оның білім мен ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігі, өмірге деген құштарлығы, адамгершілік қасиеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Евней Арыстанұлына мұғалім болып жұмыс істеуге тура келді. Оның оқушыларының кейде өзінен жасы үлкен болатын. Бұл қалай болғанын Кеңес заманындағы партия қызметкері Елизавета Корпич өз естеліктерінде «Евней өте жақсы оқыды. Орыс тілі мен әдебиетін, математика мен физиканы керемет меңгерді. Ойы ұшқыр, тапқыр болатын. Сол кезеңде мұғалімдер жетіспегендіктен, қабілетті оқушылар арнайы тізімге алынатын. Оларды бастауыш және жетіжылдық мектептерге мұғалім етіп жіберетін. Солайша, 9-сыныптан кейін Евней де ұстаздық жолға түсті. Бұл соғыстың алғашқы жылдары еді» деп жазады.
Әр кездескен сайын Бапа (Евней Арыстанұлы) бізге әкеміз – Ибрай аға туралы әңгімелейтін. Себебі, біз есейген шақта ол өмірден өтіп кеткен еді. Одан бөлек, әкеміздің жастық шағын көзіміз көрмеген. Біз – кеш туылған балалармыз. Евней Арыстанұлы әрдайым Ибрай ағаның еңбегін ерекше атап өтетін. Оның арқасында Евней мен бауырлары Марьевка орта мектебін бітіріп, білім алды.
Мен мектепті аяқтағанда Евней Арыстанұлы маған хат жазды. Ол мені дәрігер мамандығын таңдауға барынша көндіруге тырысты. Бауырларыммен бірге өзінің үйінде тұруды ұсынды. Әкем де дәрігер болғанымды қалады, тіпті, бұл туралы айтқан кезде көзіне жас алды. Бірақ, мен үзілді-кесілді бас тарттым. Мен химия мен физиканы жақсы көрдім. Ньютон биномин оңай есептейтінмін, көзімді жұмсам, бензол сақиналарының құрылымын елестете алатынмын. Кейде Евней Арыстанұлы менің техникалық қабілетім туралы білгенде, химия факультетіне түсіруге бар күшін салар еді деп ойлаймын.
Бірақ, мен тілдер мен әдебиетті таңдадым. Себебі, химия үйірмесіне белсенді қатысқан кезімде реактивтердің иістеріне төзе алмайтынымды түсіндім.
Мен шет тілдер институтына түскенімде шығармашылық емтиханнан екі «бес» алдым. Бапа маған телефон соғып, «Сен еркін тақырыпта қалай жаздың?» деп сұрады. Мен «Қазақ жері қандай көркем!» атты шығарма туралы айттым. Бұған дейін бір ай бұрын түсімде ауызша емтиханда В.Маяковскийдің «Ленин» поэмасы келетінін көргенімді жеткіздім. Ол ұзақ күліп, «Батыр! Батыр!» деумен қуанышын жасыра алмады. Әр кездескен сайын ол менің оқу жетістіктерім туралы сұрап, басымнан сипап, «Адам боласың» деп айтатын. Осы сөздер мен үшін өмірлік бағдарламаға айналды.
1983 жылы кандидаттық диссертациямды қорғауға Алматыға кетуім керек болды. Сондықтан, 25 қараша күні Евней Арыстанұлын отбасылық кешкі асқа шақыруды шештім. Неге екенін білмеймін, бірақ, ол бізбен бірге отырып, отбасының ортасында уақытын өткізгенін қаладым. Бұл кеш тек туыстарға арналды. Арман мен Альбина Бапаның жанына келіп, амандасты. Ол оларды құшақтап, күлімдеп тұрып «Егер Бөкетовтер әулетінде жақсы қасиеттер болса, олар әйелдер жағынан тараған болуы керек», – деп әзілдеді. Бәріміз күліп жібердік. Бұл оның балаларға деген ықыласты қарым-қатынасының нәзік әрі әдепті көрінісі еді.
Біз Евней Арыстанұлын үнсіз тыңдап отырдық. Анамыз да дастарқан басында болды. Қыс мезгілінде ол Қарағандыға келіп тұратын. Мен оның соғыс және соғыстан кейінгі жылдар туралы айтқан әңгімелерін есіме түсірдім.
Анам жымиып, күрсініп «Қандай алыста қалған шақ… Мен түнде електер тоқып отырамын, ал, Евней бір емес, бірнеше қалың кітап оқып отырады. Керосин шамының майы бітіп қалса да, ол оқи береді, оқи береді…», – деді.
Соңғы кеш – мәңгілік естелік. Ақ дастарқан толы болды. Евней Арыстанұлы шай қасықты қолына алып «Өмір деген қызық қой. Кезінде жегім келгенде, тамақ болмады. Ал, қазір бәрі дастарқанда тұр, бірақ жеуге болмайды. Бұл не?», – деді. Мен «Бұл – теңбілжидек (облепиха) тосабы» дедім. «Әрине, дәмін көрейін», – деп диабетіне қарамастан, бір шай қасық тосап жеді. Ол анамызға қарап, «Қадиша, сен Көпеймен (сіңліммен) бірге бізде тұр. Үйде орын жеткілікті» – деді. Анамыз келісті.
Ол анамызбен бірге отырып, жастық шағын еске алғанды жақсы көретін. Кеш мәңгілікке ұмытылмастай ұзақ болып көрінді. Өйткені бұл мен үшін Бапамен соңғы кездесуім еді.
Нұрсұлу БӨКЕТОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Лингва» тіл және аударма институтының ректоры,
Еуропа Ректорлары клубының мүшесі
Сурет автордан