АймақЖаңалықтарҚарағанды

Крещение мерекесі: Қарағандыда қай орындарда суға түсуге болады?

Православиялықтар 18-19 қаңтар күндері діни мереке – «Крещение Господне» рәсімін тойлайды. Өңірде суға түскісі келетіндер үшін 15 орын белгіленген.

Сурет: timolod.ru

Шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

– Ең алдымен бұл Иордан өзенінде Иса Мәсіхті шоқындыру рәсіміне арналған діни мереке. Оны мерекелік құдайға құлшылық етуден бастау керек – бұл мерекенің басты бөлігі, ал шомылу екінші кезекте, – деп атап өтті Қарағанды және Шахтинск епархиясының Қарағанды қаласы Введенский кафедралды соборының протоиерейі Ахия Рахымжанов.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды облысында 15 арнайы жабдықталған шомылу орны анықталды. Бұл тізім жергілікті атқарушы органдардан өтінімдердің түсуіне қарай толықтырылатын болады.

Мереке қарсаңында құтқарушылар суға түсу орындарын тексеріп, мұздың қалыңдығын өлшеді. Облыстың су қоймаларында мұз қабаты орташа есеппен 50 см құрайды.

Қарағанды облысының ТЖД сондай-ақ шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін еске салады:

– суға малыну алдында денені қыздыру үшін жаттығу жасау қажет;

– шомылғанға дейін және одан кейін алкоголь ішуге болмайды;

– мұздың жіңішке жерлерінен, жарықтар мен ойықтардан аулақ болу;

– үлкен топтармен бір орынға жиналмау;

– тәуліктің қараңғы уақытында мұзға шықпау және от жақпау керек;

– екпінмен немесе бұрыштан суға секірмеу;

– шомылатын орындарды өз бетінше жабдықтауға болмайды.

Ережелерді сақтамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

– Шоқыну рәсімінде суға түсу – тәннің емес, жанның мерекесі. Ал егер дене алдын ала шынықпаған, салауатты өмір салтын ұстанбаған және т. б. дайындықсыз болса, онда тәуекелге бармай, суға түсуден бас тартқан жөн, – деп толықтырды протоиерей Ахия Рахымжанов.

Шомылуға арналған арнайы жабдықталған орындардың тізімі:

1. Қарағанды – Федоров су қоймасы.

2. Қарағанды – кафедралды собор, Гапеев көшесі, 1а.

3. Теміртау – Самарқанд су қоймасы – қалалық жағажай.

4. Теміртау – «Қармет» АҚ конвертер цехының демалыс аймағы.

5. Балқаш – қалалық бөгет.

6. Шахтинск – Ленин атындағы шахта ауданындағы су қоймасы.

7. Саран – Саран су қоймасы;

8. Приозерск – Балқаш көлі, Космонавтар көшесі, 8.

9, Абай ауданы – Шерубай-Нұра су қоймасы – «Абай» демалыс аймағы.

10. Бұқар жырау ауданы – Нұра өзені, Ботақара кентінің маңында.

11. Бұқар жырау ауданы – Ошағанды өзені, Центральный ауылының маңы.

12. Бұқар жырау ауданы – «Ясная сказка» демалыс аймағындағы су қоймасы, Новая Узенка ауылы.

13. Нұра ауданы – Құндызды өзені.

14. Осакаров ауданы – Пионерское ауылы (Есіл өзені, Совхозная көшесінен 100 метр қашықтықта, 67 үй).

15. Осакаров ауданы – Есіл ауылында Есіл өзенінде.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button