Костенко шахтасындағы апат: тергеу әлі аяқталмаған
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Костенко атындағы шахтадағы қайғылы оқиғадан бір жыл өтсе де, қылмыстық істің аяқталмағанын айтты, деп хабарлайды Ortalyq.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сенат отырысы кезінде Ғалымжан Қойгелдиевтен Костенко шахтасындағы апатқа қатысты қылмыстық істің мән-жайы сұралды.
– Біз үшін бұл – орны толмас қаза, үлкен қасірет. Қазір қателеспесем, 10 адам тергеліп жатыр. ArcelorMittal-ға қатысты тергеу жүргізілді. Бірақ оның қандай сатыда екенін айта алмаймын, – деп жауап берді бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, 28 қазан күні төтенше жағдай аймағындағы өрттен кейін Костенко шахтасында жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, оның 46-сы көз жұмды. Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған еді. Қарағанды облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.