Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өліміне қатысты сот үкімі шықты
Қарағандыда 46 кенші қаза тауып, 26-сы ауыр және орташа деңгейде жарақат алған Костенко шахтасында орын алған жарылысқа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Сот ісі шамамен алты айға созылып, 108 том іс материалдары қаралды.

Әлихан Бөкейхан ауданы №2 сотының мәліметінше, айыпталушы шахтаның 10 басшысы мен мамандары тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамада белгіленген қауіпсіздік ережелерін бұзған. Тергеу мәліметтері бойынша көмір шаңының жарылуы өлімге әкелетін соққы толқынын және көмірқышқыл газының бөлінуін тудырды. 46 кенші қаза тауып, тағы 26 адам ауыр және орташа жарақат алды.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сараптама нәтижелерімен және істің басқа материалдарымен расталды.
ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша екіден астам адамның қаза болуына әкеп соққан қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Апат салдарының ауырлығы және жәбірленушілердің пікірі ескеріліп, сот жазалау мерзімін белгіледі.
Сот үкімі бойынша шахта директоры М – 8 жылға, директордың орынбасары Е, бас инженер Г, учаске бастығы К – 7 жылға, үңгілеу жөніндегі бас инженердің орынбасары – 6 жыл 6 айға, қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас инженердің орынбасары Ф, бас механик К, учаске бастығының көмекшісі П – 6 жылға, желдету учаскесінің бастығы Ш және Г есімді конвейерлік көлік учаскесінің бастығына 5 жылға жаза мерзімін өтеуге үкім шығарылды.
Әлихан Бөкейхан ауданы сотының мәліметінше, айыпталушылар 3 жылға дейін тау-кен өнеркәсібінде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Аяулым СОВЕТ