Covid-19Бас тақырып

Коронавирустың “көлеңкесінде” қалмасын

Әлем пандемиядан пана іздегелі екі жылға жуықтаса, Қазақстанда бұл бір жарым жылдан асып барады. Содан бері осы індетпен күреске қарсы жұмылдырылған медицина мамандары мен құйылған қаржының есебі қомақты. Ауру атаулысы жиылып бір төбе болса, коронавирус – бір төбе. Бірақ, барлығын ысырып қойып күрессе де, коронавирустан құтылатын түріміз көрінбейді әзір. Ал, бұл уақытта басқа аурулардың жайы не болып жатыр? Оны ойлап, бас қатырып жатқандар шамалы. Енді, Президент Жолдауында айтылғаннан кейін бетбұрыс болмаса…

Жыл басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі COVID-19-дың салдарынан онкологиялық көмектің дұрыс көрсетілмей жатқанын мәлімдеген болатын. Ұйымның Еуропа аймағы бойынша директоры Ханс Клюгенің айтуынша, пандемия қатерлі ісікті анықтауға, емдеуге кесірін тигізуде. Атап айтқанда, жүріп-тұрудың шектелуі, коронавирус инфекциясына байланысты денсаулық саласының ауыр жүктемесі онкологиялық аурулары бар науқастарға дер уақытында ем алуға кедергі келтіріпті. Тіпті, дамыған деген елдердің өзі дәрі-дәрмек тапшылығын сезінген екен. Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққан 36 мыңға жуық адам тіркеледі. Диспансерлік есепте 190 мыңға жуық науқас тұр.  Дамушы елдерде аталған ауру түрлерімен күресте жеткен жетістіктер пандемиядан қайта құлдыраған. Өткен жылды қорытындылаған қор кейбір елдерде туберкулездің емдік курсын алатын адамдардың саны 19%-ға қысқарғанын айтады. Яғни, ем алғандар 1 миллионға кем. Сонымен бірге, ВИЧ инфекциясына тестілеу деңгейі 22%-ға төмендеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сенсек, соңғы 20 жыл ішінде адамдар көбіне инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, тыныс алу жолдары аурулары, неонатальды бұзылулар, қатерлі ісік, қант диабеті, деменция, диарея және бүйрек ауруларынан қайтыс болған екен. 2019 жылы әлемде 55,4 миллион өлім тіркелсе, соның 55 пайызының себебі жоғарыда аталған аурулар болған. Былтырдан бері бұл тізімді коронавирус инфекциясы толықтырды.

Аталған ұйым мен адам өмірін сақтандырумен айналысатын Freedom Finance Life компаниясы мамандары биыл бүкіл әлемде адамдар жиі қайтыс болатын аурулардың рейтингін жасаған екен. Осы тізімге көз жүгіртсек, ең қауіпті деген аурулардың көшін қатерлі ісік, коронавирус, тыныс алу органдары, жүрек дерті мен қант диабеті бастап тұр. Дерттің бұл түрлері Қазақстанда да кең таралғаны айтпаса да түсінікті. 2020 жылы қатерлі ісіктен әлемде 10 миллион адам көз жұмған. Бізде жылына 14 мыңға жуық адам осы қатерлі ісік себебінен көз жұмады. Ресми деректер бойынша Қазақстанда жыл сайын 36 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Бұрыннан диспансерлік есепте 190 мыңға жуық азамат тұр. Ал былтыр тұмау мен респираторлық аурулардан, пневмониядан көз жұмған қазақстандықтардың саны 7 мыңға жуықтаған. Әлемде тіркелген барлық өлімнің 16%-ы жүрек ауруларынан болса, Қазақстанда жүрек-қантамырлары ауруларынан зардап шегетін 2 миллионнан астам адам тіркелген. Жыл сайын инсульт алатын 40 мың адамды қосыңыз. Одан бөлек, жазатайым жарақат пен уланудан қайтыс болатындардың да артып келе жатқаны тағы бар. Былтыр мұндай жазатайым 12 мың өлім тіркелген.

Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті ұсынған мәлімет бойынша былтыр қан айналым жүйесінің аурулары 5,9%-ға өскен. Оның ішінде гипертониялық аурулар 10,2%-ға, жүректің ишемиялық ауруы 18,3%- ға, цереброваскулярлық аурулар 9,6%-ға артық. Сүйек-бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тін ауруларына шалдыққан науқастар саны 0,2%-ға өсті. Сондай-ақ, улану мен жарақаттану көрсеткіші 5,6% артқан.

Коронавирус қана емес, басқа дерт түрлері де өлім-жітім себебі бола алады. Елімізде 2020 жылы барлығы 161 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ал 2019 жылы, яғни коронавирусқа байланысты індет кезеңі басталмай тұрған уақытта 133 мыңнан астам адам көз жұмған. Салыстырып көрсек, елде адамдардың басым бөлігі соңғы 20 жылдан бері қалыптасқан жағдай бойынша, жүрек-қан тамырлары ауруынан қайтыс болады. Мәселен, былтыр жүрек-қан тамырлары ауруларынан 72 694 адам, 2019 жылы 66 550 адам көз жұмған. Бұдан кейінгі орында тыныс алу жүйелерінің аурулары тұр. Өкпе аурулары, тұмау, туберкулез, жедел респираторлық инфекциялар мен пневмонияны қосқанда, былтыр 33,7 мың адам, 2019 жылы 21 мыңнан астам адам дүниеден озыпты. Бұл ретте коронавируспен қатар, коронавирус белгілері бар пневмонияның да өршіп кеткенін ескерген жөн. Ал, індеттен ресми дерек бойынша 10 354 адам көз жұмған. Бүгінде облыстағы 46 ковид стационарының 9-ы консервацияланды.

Коронавирустан ауырған, тіпті, қайтыс болған медицина мамандары бар екенін білеміз. Кейде іздеген дәрігерің карантинде болады. Коронавирустың таралуы белең алғанда диспансерлік орталықтар, клиникалар мен қонақ үйлерге дейін ковидтік госпитальдарға айналып кетті. Емханалардың жаз бойы сақталған карантиндік режимі алынып, бұрынғыдай қабылдауға көшкені осы ғана. Бұған дейін медициналық көмектің басым бөлігі қашықтан жасалып келді. Онсыз да дертіне дауа таппай, қайда барарын білмей жүрген жандарға, өз учаскесінің үстіне бірнешеуі қосылған медициналық қызметкерлерге де оңай соқпады. Жалпы, коронавирус туралы айта беруден ел шаршады.

– Бұл мәселені біз, дәрігерлер бұрыннан айтып келеміз. Қазір медицинада басқа аурулардың белең алғаны байқалады. Онкологиялық аурулар оған мысал бола алады. Бір ғана коронавирусқа көңіл бөліп, басқаларын назардан тыс қалдыруға болмайды. Әлеуметтік маңызы бар аурулар, инфекциялық емес аурулар да бақылауда болуы керек. Әйтпесе, осыған дейін қол жеткізген дейңгейден түсіріп аламыз, – дейді №3 емхананың КВИ бөлімі меңгерушісі Ербол Дюсекенов.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button