Коронавируспен ауырған адамды емдеуге қанша қаражат жұмсалады?
Коронавирус індетіне шалдығып, инфекциялық стационарға жатқызылған науқасты емдеуге күніне қанша қаражат жұмсалады? Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен 55,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 14,7 млрд. теңгесі инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардағы науқастарды емдеуге бағытталған. Ал, диагностикалық зерттеулерге – 5,4 млрд. теңге, медициналық қызметкерлердің еңбекақысына үстеме төлеуге – 35,8 млрд. теңге жұмсалады.
Медициналық сақтандыру қоры карантиндік стационардағы науқас үшін күніне 10 413,96 теңге, провизорлық госпитальдегі науқас үшін 11 619, 80 теңге, ал, тәулік бойы жұмыс істейтін стационардық инфекциялық бөлімшедегі емделуші үшін 15 113,34 теңге төлейді. Бұл қаражат науқастарды емдейтін медициналық мекеменің шотына түседі.
«Бұл қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді және медициналық сақтандыру қоры арқылы медициналық ұйымдарға нақты көрсетілген қызметтер үшін төлем құжаттарының негізінде төленеді», – деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі.