Медицина

Коронавирус күшінде

1 ақпандағы дерек бойынша ел көлемінде 69 адамнан коронавирус, тағы үш адамнан коронавирусты пневмония анықталды. Одан тәулік бұрын 46 жағдай тіркелген болатын. Емделіп жатқандар санында да айтарлықтай өзгеріс жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 551 адам ем алуда. Оның 147-сі коронавирусты пневмониямен жатыр.

Сурет: h-clinic.ru

Республика бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Күнделікті 100-ге жуық адамда індет анықталады. Былтыр жылдың басында ел тұтас «қызыл» аймақта болып еді. Тәулігіне 3 мыңға жуық адамның ауырғанын жазып едік сол кезде. Десе де, әлемде әлі де коронавирустан келетін қатер жоғары.

Әлемде пандемия басталғалы 675 217 937 жұқтыру фактісі тіркеліпті. Жазылғандары – 647 632 276 адам, қайтыс болғандары 6 762 458. Бұл кеше күнгі дерек. Ауырғандар мен қайтыс болғандар саны әлі де жоғары. Әсіресе, Қытайда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген дерегі бойынша соңғы аптада әлемде коронавирустан қайтыс болған 40 мың адамның басым бөлігі Қытайда тіркелген.

Ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус басқа инфекциялық ауруларға қарағанда COVID-19-дан болатын өлімжітім санының жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді. Алайда, бұл көрсеткіш былтырғы апта сайынғы 70 мың адамның қайтыс болған кезінен әлдеқайда жақсы екенін атады.

Оның айтуынша, былтыр қазан айында коронавирустан болған өлім-жітімнің ең төменгі көрсеткіші – аптасына 10 мың жағдай тіркелген еді. Сол уақытта коронавирус пандемиясы аяқталуға жақын деп мәлімдеген де болатын. Алайда, желтоқсаннан бастап індет қайта кәріне мінді. Күні бүгінге дейін әлемде қауіп бұлты сейілмей тұр. ДДҰ-ның төтенше жағдайлар бойынша комитеті коронавирустың таралуына байланысы әлемдік денсаулық сақтау жүйесіндегі төтенше жағдай режимін тағы үш айға созды. Жиын өткізген комитет коронавирустың «билігін» әлсірету үшін адамзат баласында жоғары иммунитет қалыптасуы керек. Солай болған күннің өзінде де әлімдік сарапшылар вирус адам баласымен қатар өмір сүре беретініне сенімді.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button