Ресми

Конституциясы жобасы ұлттық егемендіктің құрылымын елеулі жаңғыртуды көздейді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға ұсынылған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы ұлттық егемендіктің құрылымын елеулі жаңғыртуды көздейді. Бұл жаңғыру мемлекеттің сапалық тұрғыдан жаңа даму бағытына көшуін білдіреді. Сонымен қатар ол жаһандық сын-қатерлер жағдайында тұрақтылық пен тарихи сабақтастық қағидаттарын нығайтады.

Сурет автордан

Жобаның негізінде айқын тұжырымдалған қағида жатыр: «мемлекет адам үшін, адам мемлекет үшін емес». Құжатта жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығы нақты бекітіліп, адами капиталды дамыту стратегиялық инвестициялардың басты бағыты ретінде айқындалған. Яғни мемлекет әрбір азаматтың әлеуетін жүзеге асырудың кепілі ретінде қарастырылады. Сонымен бірге мемлекетіміздің негізгі іргетастары – Тәуелсіздік, Егемендік және аумақтық тұтастық өзгеріссіз сақталады. Унитарлық мемлекеттік құрылым мен президенттік басқару нысанының сақталуы еліміздің эволюциялық даму жолын қамтамасыз етіп, қоғамдық бірлік пен тұрақтылықты нығайтады.

Жоба ұлттық егемендікті нығайтуға бағытталған нақты қадамдарды да қамтиды. Халықаралық шарттардың іске асу тетігін қайта қарау, яғни олардың ұлттық заңнама арқылы реттелуі – қазіргі геосаяси жағдайда құқықтық жүйені сыртқы ықпалдан қорғаудың маңызды шарасы. Ғылыми және академиялық орта үшін құқықтық айқындық қағидаты, зияткерлік меншікті қорғау, дербес деректер қауіпсіздігі және академиялық еркіндік ерекше мәнге ие. Конституция жобасында білім берудің зайырлы сипатын бекітетін норма университеттер мен мектептердің ғылым мен білімнің таза ордасы болып қалуына кепілдік береді. Бұл білім беру кеңістігінің қандай да бір идеологиялық немесе діни ықпалдан қорғалуын қамтамасыз етеді.

Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновациялар ел дамуының басым бағыттары ретінде айқын көрсетілген. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында ғылым тек әлеуметтік институт қана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тірегіне айналып отыр. Сондықтан ғылыми қауымдастық үшін Конституция жобасында «Қазақстан Республикасы адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияларды дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде таниды» деген норманың бекітілуі айрықша маңызды. Бұл ғылымның мәртебесін арттыруға, білім мен өндірістің байланысын күшейтуге және ғалымдарды қолдауға жол ашады. Осы жаңа парадигмада университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың маңызды орталықтарына айналады. Олар ғылыми сараптама жасайтын, инновацияларды қалыптастыратын және қоғамдық диалогты дамытуға үлес қосатын алаңға айналады. Дәл осы ортада цифрлық дәуірдің талаптарына бейімделіп қана қоймай, оның даму бағытын айқындай алатын білімді, жаңашыл жастар қалыптасады.

Ұлы ғалым Әбілқас Сағыновтың есімін иеленген біздің университет үшін ғылым мен инновацияны стратегиялық басымдық ретінде конституциялық деңгейде мойындау – жай ғана құқықтық норма емес, университеттің даму бағытымен үндесетін маңызды бағдар. Техникалық білім берудің жетекші орталығы ретінде біз көптеген жылдар бойы тау-кен металлургиясы, энергетика, машина жасау және ақпараттық технологиялар салаларына инженерлік кадрлар даярлап, технологиялық шешімдер ұсынып келеміз. Жаңа Конституция жобасы осы әлеуетті салалық деңгейден ұлттық бәсекелік артықшылыққа айналдыруға құқықтық негіз қалыптастырады.

Конституциялық міндеттерді іске асыру аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті білім, ғылым және өндірісті біріктіретін маңызды платформа ретінде қызмет етеді. Бүгінде университетімізде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған инжинирингтік орталықтар мен ғылыми-зерттеу зертханалары жұмыс істейді. Инновациялардың стратегиялық бағыт ретінде танылуы бұл инфрақұрылымды одан әрі кеңейтіп, ұлттық деңгейдегі инжинирингтік орталықтарға айналдыруға мүмкіндік береді.

Ұлы Абай адамның ең жақсы қасиеттері ақыл, ғылым, жақсы тәрбие және дана ұстаз арқылы қалыптасатынын айтқан. Бүгінде Мемлекет басшысы атап өткендей, өркениетті елде заң әділ, билік білікті, ал азаматтар саналы әрі белсенді болуы тиіс. Елдің Негізгі заңының жобасы осы мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін маңызды құралдарды ұсынады. Алайда ең кемел заңның өзі өздігінен жұмыс істемейді. Ол тек адамдардың нақты іс-әрекеті арқылы жүзеге асады. Елімізді ешкім сырттан келіп дамытып бермейді. Сондықтан университеттерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар тек білікті мамандар даярлап қана қоймай, белсенді азаматтық ұстанымы бар, құқықтық мәдениеті жоғары, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жаңа буынды тәрбиелеуі тиіс.

Біз жаңа заманға бейімделіп қана қоймай, оның қалыптасуына үлес қосатын күшке айналуымыз керек. Жаңа Конституция жобасы – бүінгі күрделі заманда дұрыс бағыт көрсететін маңызды құжат. Ғылыми қауымдастық, академиялық орта және студент жастар мемлекет пен қоғаммен бірлесе отырып, осы құжатта көзделген даму мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды.

Сауле САГИНТАЕВА
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің
Басқарма төрағасы – ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button