Конституцияның жаңа редакциясы – мемлекет дамуының жаңа кезеңі
Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының қабылдануы елдің саяси-құқықтық жүйесінің эволюциялық дамуының кезекті кезеңі. Себебі, өмір бір орында тұрмайды, сол сияқты саяси жүйе мен қоғамдық құрылымдар, заң жүйесі де заман ағымына сай жаңаруды, дамуды қажет етеді. Бұл қоғамдық сұраныстың, институционалдық тепе-теңдіктің және мемлекеттік басқару моделінің трансформациясының айқын дәлелі.

Реформалардың негізгі бағыттары – өкілді органдардың рөлін арттыру, мемлекеттік құрылымдардың есептілігін күшейту және биліктің бөліну қағидатын одан әрі институционалдық тұрғыда бекіту.
Бүгінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Конституциялық кепілдіктерді кеңейту, сот арқылы қорғану тетіктерін нақтылау және Конституциялық Соттың мәртебесін күшейту азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізеді. Бұл өз алдына құқық қорғау институттарының маңызын арттыруға бағытталған әлемдік үрдістермен үндеседі.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту саласына да өзгерістер енетін болады. Өңірлердің өкілеттіктерін кеңейту, мәслихаттар мен әкімдіктердің құзыретін нақтылау аумақтардың дербестігін арттыруға және шешім қабылдау процесін азаматтарға жақындатуға бағытталған. Келешекте бұл басқарудың тиімділігін арттыруға және жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтуге ықпал етпек.
Ең бастысы, кез келген конституциялық реформа тек нормалардың мазмұнын өзгертумен шектеліп қалмауы тиіс. Олардың іс жүзінде лайықты дәрежеде жүзеге асыру қоғам үшін үлкен міндет. Бұны елдің әрбір азаматы жақсы түсініп, мемлекетімізді нығайтуға, заң мен тәртіптің үстемдің құруына атсалысуы керек.
Мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындауда конституциялық реформаларды қолдау айрықша маңызды.
Ойрат ЖҮКІБАЕВ
Қарқаралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы



