Конституциялық реформада тіл төңірегіндегі талқы жалғасуда
Қазақстандағы Конституциялық реформа тек құқықтық өзгерістер жиынтығы емес, ол қоғамдағы терең тарихи және мәдени үдерістермен астасып жатыр. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Ерқанат Көпжасарұлының айтуынша, биылғы қаңтар айындағы ҰБТ-ны шамамен 139 мың талапкер тапсырған. Оның 76 пайызы тестті қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. Қазіргі жағдайда мемлекеттік тілдің мәртебесі әлсіреп жатыр деген пікірлер шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Оның пікірінше, тіл мәселесін эмоцияға емес, нақты құқықтық нормалар мен қоғамдағы шынайы өзгерістерге сүйеніп бағалау қажет.

– 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілгенде он адамның біреуі де қазақша білмейтін десек қателепейсіз. Ал қазір Астана ғана емес Алаш даласы ана тілінде еркін сөйлейді. Конституцияның жаңа ұсынылып отырған 9-бабының 1 тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ендеше осыны құдды бір тіліміз Конституциядан айрылып қалғандай шулату кімге қажет? Неге біз жаппай эмоцияға беріліп жатырмыз, – деді Ерқанат Көпжасарұлы.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



