Ресми

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға азаматтардан шамамен 12 мың өтініш келіп түсті

Астанада дипломатиялық корпус үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен өткен Комиссия жұмысының брифингінде комиссия жұмысы барысында тікелей онлайн-трансляция форматында 12 отырыс өткізілді, олар жалпы саны шамамен 1 миллионға жуық қаралым жинағаны айтылды. 

Сурет Конституциялық Сот

Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының мәлімдеуінше, Комиссия Конституция жобасын халық назарына ұсыну үшін екі рет жариялады. Екінші редакция азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, пысықталған жоба болды. 13 ақпандағы жағдай бойынша Комиссияға азаматтардан шамамен 12 мың өтініш келіп түсті, олардың едәуір бөлігі мәтінді пысықтау барысында ескерілді.

Брифинг барысында атап өтілгендей, жаңа Конституцияның жобасы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде айқындайды. Меншік құқығын, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты, жеке өмір мен дербес деректерді қорғау кепілдіктері күшейтілді, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтары бекітілді. Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиян үшін мемлекеттің конституциялық жауапкершілігі енгізілді. Ратификацияланған барлық халықаралық шарттар мен қабылданған заңдарды міндетті түрде жариялау талабы белгіленді. Енді адам құқықтары мен бостандықтары тек заңдардың ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын өзге де нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық міндеттемелердің мәні мен мазмұнын айқындайды.

«Конституция жобасындағы Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару нысаны мызғымас құндылықтар болып қалады. Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдумның нәтижелері бойынша енгізілетіні тікелей көзделген. Мұндай тәсіл Егемендіктің иесі және мемлекеттік биліктің жалғыз көзі Қазақстан халқы екендігі туралы конституциялық ережені күшейтеді. 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум қазақстандықтардың еліміздің одан әрі даму жолын айқындайтын жауапты таңдау күні болмақ», – деп айтты брифинг барысында Эльвира Азимова.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button