Конституциялық реформа: тарихи мүдде талабы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституцияның жаңа жобасын Республикалық референдумға шығару туралы» Жарлыққа қол қойып, алты айдан астам уақыт ашық талқыланған Ата Заңның жаңа жобасы қазақстандықтардың талғам таразысына ұсынылды. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жобаның мазмұны да, маңызы да, мақсаты да – мүлдем бөлек. Сонымен, Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет ашық талқыланып, алғашында 30 адамнан тұратын жұмыс тобы, соңғы бір айда 130-дан астам мүшесі бар Конституциялық комиссияның саралауынан өтіп, ел азаматтарының 10 мыңға жуық ұсыныс-тілегін сараптаған, «адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген тарихи қағида, адами құндылыққа негізделген «Халықтық Конституция» өзінің алғашқы қадамын жасады.
Міне, жаңа жобаның мән-мазмұнының тереңдігі оны талқылауға барша қазақстандықтардың қатысуында жатыр. Ата Заңымыздың өн бойында тарихи мүдде тұр. Яғни, біз 15 наурыз күні ресми биліктің немесе әлдебір мақсатқа ой жұмылдырған топтың мүддесі үшін емес, жарқын болашақ үшін дауыс береміз.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды»
Конституцияның жаңа жобасын талқылау барысында бастамашыл топ бұрынғы қателіктерге жол бермеуді көздеді. Кез келген қоғамда мемлекеттік құндылықтарға залал, ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін қателіктер тарихи қателік болып саналады. Дағдарыс жағдайындағы қауырт қамданыс, сыртқы саясаттың салқыны, геосаяси ахуалдың тұрақсыздығы секілді сын-қатерлер қоғамдық тәуекелдерді күрделендіретіні тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда, ел тарихындағы сәтсіз қадам, баянсыз бастамаларға кешіріммен қарауға болатын шығар… Ең маңыздысы – қателіктерді мезгілінде түзетіп, дәуір талабына бейімделу. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының құқықтық тұғырнамасы өзек болған Ата Заңымыздың жаңа жобасындағы барлық нормалар еліміздің мыңдаған жылдық тарихынан және құндылықтар сабақтастығынан бастау алады.
Сонда да, жаңа жобаның ең басты артықшылығы – оны талқылауға жаппай халықтың зор белсенділікпен қатысуы.
Үй ішіндегі жиһаздардың орнын ауыстырудың өзі отбасылық қызу талқының шешімімен жүзеге аспай ма? Оның өзінде эстетикалық талғам тұрғысынан отбасы мүшелерінің алуан түрлі көзқарас-пікірлері ескерілгенімен, бұл өзгерістің қолайлылық талаптарына жауап бере алатындай тиімділігі түпкі шешімнің мазмұнын құрайтыны белгілі. Ал, оның қасында тұтас бір мемлекеттің Конституциясын өзгертудің тарихи мәні мен құқықтық маңызы – айтпаса да, түсінікті процесс. Алайда, екеуінде де жалқы логикаға сүйенеміз. Ол – жаңа келбет қалыптастыру талабы. Үлкен мемлекет үшін де, «шағын мемлекет» (отбасы) үшін де бұл талаптың маңызы зор. Ал, жаңа келбет қалыптастыру бастамасы келелі кеңес, ашық диалог арқылы жүзеге асып жатса, реформаның өміршеңдігі – сол. Мұны қазақы ұғымдағы «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген қанатты қағидамен тұжырымдауға болады.
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Жобаны талқылау барысында аса белсенділікпен, қызу эмоциямен таразыланған мәселенің бірі – Мемлекеттік тіл мәртебесі. Бұрынғы 7-баптан 9-бапқа ығысқан Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі біз даурығып жүргендей, рухы аласарып, халі мүшкіл болып қалған жоқ. Иә, көп этносты еліміздегі тіл саясаты – өте нәзік мәселе.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет құрушы ұлттың үлесі бар болғаны 40% ғана болып, қоғамдық ортадағы қолданыс аясы тар болғаны естеріңізде болар. Бүгінгі статистика қазақтардың үлесі 70%-ға жетіп, мемлекеттік тілді тұтынушы тараптың да саны өскенін мәлімдейді. Яғни, мемлекеттік тіл мәртебесі эволюциялық жолмен дамып, демографиялық ахуалға арқа сүйейді деген сөз. Сондай-ақ, өз қандастарымыздың да мемлекеттік тілге деген «құрметі» де – бұл мәселенің басты алғышарттарының бірі. Мысалға жүгінейік…
Қарағандыда орыс тілінде білім беретін Қ.Нұржанов атындағы гимназия бар. Сол гимназияда білім алатын 873 оқушының 256-сы – қазақ балалары. Сонымен қатар, 936 оқушысы бар Е.Бөкетов атындағы орыс мектебінің партасында 196 қазақ баласы отыр. №1 орыс тілді гимназиядағы бар болғаны 547 оқушының 171-і – қандастарымыз. Бірнеше мектептің ұлттық құрамына зерттеу жүргізіп көрдік, орыс сыныбында отырған балалардың 30-35%-ы – қазақтың қаракөздері. Аралас мектептердегі жағдай да – осындай. №23 жалпы білім беретін орта мектепте оқушы саны – 1547. Оның ішінде, қазақ тілді сыныптарда небары 526 оқушы оқиды. Ал, орыс сыныбында білім алып жүрген қазақ балалары – 535.
Республика бойынша да білім алудың орыс тілді форматын таңдайтын қазақ балаларының саны жыл сайын өсіп келе жатқандығы байқалады. Ресми дерек көздері 2020 жылы Қазақстанда шамамен 1,5 млн қазақ баласы орыс тілінде білім алса, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 2 миллионнан асқанын нақтылайды. Бұл – жай ғана мысал емес, ана тілінен саналы түрде бас тартқан қандастарымыздың көбейіп келе жатқандығын көрсететін көріксіз көрініс.
Сондықтан, Конституцияның жаңа жобасындағы «тең» немесе «қатар» сөздерінің мағынасына үңіліп, бір мәселені шиырлай бергенше, мемлекеттік тілге деген көзқарасымызды пысықтап алу керек шығар. Әрине, бұл пікіріме қарсы болып, әлеуметтік желі арқалы «сыбағамды» беретіндердің қарасы қалың болатынын сезіп те отырмын. Бәрібір, бұл – менің пікірім! Өз сөзім – өзімдікі. Ешкім мені мәжбүрлеп жаздырып отырмағанын қайталап айтамын!
Мен өз елімнің жарқын болашағы үшін таңдау жасап, өз ұрпағымның жайлы өмір, кемел келешегі үшін дауыс беремін!
Тіл мәселесіне мына бір аргументті назарларыңызға ұсына кетейін. Біз орыс тілі мемлекеттік тілмен тең тұр ма, қатар тұр ма деп даурығып жүрміз. Ал, әлемде бірнеше мемлекеттік һәм ресми тілі Конституцияларында бекітілген елдер бар. Мәселен, Швейцарияда – төрт (неміс, француз, итальян, романш), Бельгияда – үш (нидерланд, француз, неміс), Канадада – екі (ағылшын, француз), Финляндияда – екі (фин, швед) тіл мемлекеттік тіл ретінде қолданылады. Ал, Оңтүстік Африка Республикасында 11 тіл бар. Бірнеше тілдің мемлекеттік немесе ресми мәртебесі бар елдер өте сирек кездесетін құбылыс емес. Мұндай мемлекеттердің саны – 44.
Ана тіліміз – ең басты құндылығымыз. Оның биік мәртебесі мен қолданыстағы басымдығы – әрине, маңызды. Әр жүрекке «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген патриоттық рухты сіңіру үшін дау қоздатқан дабыра емес, салмақты сабыр керек!
…Қоғам талқысына, ел назарына ұсынылып отырған жаңа Конституцияның ел тарихы мен ертеңгі ұрпақ үшін маңызына көңіл бөлейік. Әлемдік сарапшыларға бас шайқатып, таңдай қақтырып отырған жаңа жобаның ұлттық құндылықтарды ұлы мұратқа жұмылдырған ұтқыр қадам, бай мазмұны назарларыңыздан тыс қалмаса екен. Алдағы референдумда Сіз назар аударар құндылықтар тізбегін бірге саралап, ортақ мүддеден оқшауландырмас орасан игіліктерді тамырынан талдайтын боламыз.
Бүгінгі дәуірдің тарихи талабы – осы.
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



