Жаңалықтар

Конституциялық реформа: тарихи әділеттілік тамыры

Қызылордада өткен Құрылтай Президент жүктеген ауқымды саяси реформаларды нақты жүзеге асыру жолындағы шешуші кезеңнің басталғанын айқын көрсетті. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы осы міндетті орындауға бағытталып, елдің мемлекеттік құрылымын түбегейлі жаңартатын ұсыныстарды ашық әрі мазмұнды форматта талқылады. Бұл жиын конституциялық өзгерістердің формалды тұжырымдар шеңберінен шығып, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта айқындауға, басқару жүйесін жаңа қағидаттар негізінде құруға бет алғанын аңғартып отыр.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделіп, отырыстың барлық кезеңі жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілді. Модератор Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскенін мәлімдеді.

Айтуынша, барлық ұсыныстар біртұтас жинақталған кестеге енгізіліп, жүйелі түрде қаралып жатыр.

Отырыстағы негізгі баяндаманың бірін жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Президенттің конституциялық өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған ұсыныстарды таныстырды.

Ұсынысқа сәйкес, Конституцияда Президенттің Құрылтайдың келісімімен, оның депутаттарының жалпы санының көпшілігінің дауысымен белгілі лауазымдарға тағайындау құқығын бекіту көзделеді. Олар – Қазақстан Республикасының вице-президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Конституциялық соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі.

Министрдің айтуынша, егер Құрылтай Президент ұсынған кандидатураларға бір немесе бірнеше рет келісім беруден бас тартса, Мемлекет басшысына Құрылтайды тарату құқығы беріледі.

– Президент – мемлекеттің тұрақты жұмыс істеуі үшін негізгі жауапкершілікті арқалайтын ең жоғары лауазымды тұлға. Алайда, қазіргі заманғы конституциялық модель біржақты шешімге емес, саяси келісімге сүйенуі тиіс. Ұсынылған модель Президент пен Құрылтай арасында тепе-теңдік қалыптастырады және тараптарды жауапкершілікпен әрекет етуге ынталандырады, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Әділет министрі әкімшілік соттарға конституциялық құқықтық мәртебе беру мәселесіне де арнайы тоқталды. 2021 жылдан бастап, енгізілген мамандандырылған әкімшілік соттардың рөлі артып келеді.
– Конституцияда сот билігін әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асыратынын тікелей көрсету азаматтардың жария-құқықтық даулардағы құқықтарын қорғау кепілдігін күшейтеді әрі қоғамның сот билігіне деген сенімін арттырады, – деді министр.

Конституцияның 41-бабына өзгеріс енгізу ұсынылып, Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өткізілуі тиіс екені айтылды.

Сонымен қатар, Президент мерзімінен бұрын кеткен жағдайда заң аясындағы әрекеттер де назардан тыс қалмады. Президент қызметінен мерзімінен бұрын босаған, шеттетілген немесе қайтыс болған жағдайда, Құрылтай 7 күн ішінде Президент сайлауын жариялайды, ал, сайлау 2 ай ішінде өткізіледі.

– Бұл – саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған конституциялық кепілдік, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Бұдан бөлек, вице-президенттің мәртебесі де нақтыланды. Атап айтсақ, вице-президентке партия мүшесі болуға, депутат болуға, кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етеді және азаматтық қоғаммен байланыс орнатады.

Ал, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституцияға сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатаң шектеу енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Ұсынысқа сәйкес, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, соттылығы алынбаған немесе жойылмаған, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны сотта дәлелденген азаматтардың сайлану құқығы болмайды.

– Қоғам биліктен заңдылықты ғана емес, моральдық тазалықты талап етіп отыр. Бұл норма – демократияны шектеу емес, оны қорғау. Саясатқа деген сенімді қалпына келтіру үшін мұндай қадам қажет, – деді сенатор.
Нұрлан Бекназаров Құрылтайдың Үкіметке ықпалын күшейтуге бағытталған нормаларды таныстырды.

Ұсынысқа сәйкес, Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бюджет есебін бекітеді, есеп бекітілмесе, бұл Үкіметке сенімсіздік білдіру ретінде қаралады. Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірінің бастамасымен министрлердің есебі тыңдалып, Президентке оларды қызметтен босату туралы ұсыныс енгізіледі.

Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституцияның «Жалпы ережелер» деп аталатын бірінші бөлімін «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгерту ұсынысын айтты.

– Бұл атау бөлімдегі нормалардың иерархиялық маңызын айқындайды және бүкіл құқықтық жүйеге бағдар береді, – деді депутат.

Отырыста өзгеріссіз қалатын норма да белгілі болды. Әділет министрі Конституцияның 43-бабы, яғни Президент туыстарының мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салатын норма өзгеріссіз қалатынын нақтылады.

Жалпы, ұсынылған нормалардың түпкі тағдырын жалпыхалықтық референдум шешеді. Ал, Құрылтайдан басталған бұл үдеріс ел басқарудың жаңа кезеңіне қарай жасалған батыл қадам екенін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button