АймақРесми

Конституциялық реформа: Ақиқатқа айналған арман

Қазақстандық қоғам дәл қазір тарихи жауапкершілікпен де, теңдессіз мүмкіндікпен де бетпе-бет келіп тұр. Жауапкершілік те, мүмкіндік те – ел ертеңі үшін маңызды факторлар. Бүгінгі қабылданған әр шешімнің болашақ алдында сұрауы болатыны жауапкершілікті меңзейді. Ал, мүмкіндік ше? Мүмкіндік, ол – жауапкершілік жүгін арқалаған әрбір тарихи шешімнің демократиялық принциптер негізінде қабылдануы.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Мәселен, ел Конституциясының жаңа жобасы халықтың қатысуымен талқыланып, тікелей Қазақстан азаматтарының талғамымен қабылдануы тарихи мүмкіндік емей немене?! Алдындағы жазбаларымның бірінде Конституциясы жоқ елдер бар екенін жазған едім. Шындығын айтқанда, ол кемшілік емес. Кемшіліктің көкесі ата Заңы болсын, басқа да мемлекеттік һәм тарихи маңызы зор шешімдерді «жабық есік» жағдайында қабылдайтын мемлекеттерде екен. Осы тұрғыдан қарағанда, 15 наурызға белгіленген Референдумның Қазақстан азаматтары үшін ой бостандығы мен таңдау еркіндігіне кепіл болар тарихи маңызын аңғарар едік.
Бізде мұндай мүмкіндік бұрын болды ма? Саралап көрелік…
Әлем елдері арасында мемлекет үшін аса маңызды тарихи шешімдерді билік пәрменімен қабылдай салуға мүдделі мемлекеттер аз емес. Мысалы, Украина, Молдова, Грузия, Өзбекстанда Конституция парламенттік жолмен қабылданса, Болгария, Румыния, Бразилия, Комбаджо, Колумбияның Конституциялары Құрылтай жиналысында қабылданады екен. Заң қабылдаудың бұл екі форматында да қарапайым халықтың ұсыныс-пікірі шектеулі болады.
Естеріңізде болар, тәуелсіз Қазақстанның да алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған. Әлем Конституцияларын зерттеуші мамандар небары 1,5 жыл ғана өмір сүрген алғашқы Ата Заңымыздың ғұмырының қысқа болуын 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының желісімен дайындалып, посткеңестік мүдде шеңберінде қалып қойғандығына жатқызады. Ал, мен айтар едім, тұңғыш Ата заңымыздың өміршең болмауының басты себебі – Ата Заң жобасын я талқылауға, я қабылдауға қарапайым халықтың қатыспауы. Жоғарғы Кеңестің шағын аппаратында әзірленіп, сессияда қабылданған басты заңымыз сесті бола алмады, ақыры…
Ал, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз жалпыхалықтық Референдумда қабылданды демесеңіз, оның да жобасын оншақты адамнан құралған жұмыс тобы жабық жағдайда әзірлеген. Әуел бастан кемел ойлап, кең пішілген дүние болмаған соң, кемдігі де, келтелігі де тез байқалады ғой. Айналасы 30 жылда 6 рет өзгертуіміздің себебін енді аңғарған боларсыз…
Менің бұл пікірім – өткеннің бәрін жоққа шығару емес, салдары ғасырларға жүк болатын тарихи қателіктердің себебіне көңіл аудару.
Иә, біз жаңаруға бет алып, жаңғыруға ниет еттік. Конституцияның жаңа жобасы алғашқы күннен-ақ ашық алаң талқысына шықты. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның барлық отырыстары тікелей эфир арқылы ел назарына ұсынылып, халықтан түскен 10 мыңнан астам талап-өтініш, тілек-ұсыныстың барлығы назарға алынды. Нәтижесінде, адами факторға бағдарланған, мемлекеттік құндылықтарға кепіл боларлық, кешегі Алаш көсемдерінің аманаты мен арманын арқалаған жоталы жоба әзірленді.
Қазақстан соңғы жылдары берік қалыптаса бастаған ашықтық принципі, яғни, түпкі шешім, соңғы сөзді халықтың өзіне қалдыру қағидатты еліміздің әлем алдындағы беделін еселеп келеді. Бұрнағы жылы АЭС құрылысы бойынша өткізген Референдум мен биылғы Конституциялық реформа Қазақстанның сәтті қадам, нақты мақсатын айқындап тұр.
Қазақстан үшін жарқын болашаққа бір-ақ қадам қалды. Ол – 15 наурызда өтетін Референдум. Сөз басында айтқан тарихи мүмкіндік – халықтың талғам таразысында. Азаматтық ұстаным мен биік парасатқа сүйеніп, терең білім, салмақты сабыр танытатын жеріміз – осы! Мүмкіндікті мүлт жібермейік, замандастар!

Ерсін МҰСАБЕК
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button