Конституция жобасында білім мен ғылымға ерекше назар аударылған
Елімізде ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық дамуын айқындайтын маңызды тарихи кезеңдердің бірі. Жаңа жобада құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалу тетіктерін жетілдіруге бағытталған жүйелі ұстанымдар көрініс тапқан.

Конституциялық нормалардың жаңартылуы қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға, мемлекеттік институттардың өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және елдің тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Жоба құрылымында білім беру мен ғылым саласына ерекше мән берілуі — аса маңызды әрі стратегиялық шешім. Конституциялық деңгейде білім мен ғылымның басым бағыт ретінде айқындалуы мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға, инновациялық даму жолына түсуіне және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл, ең алдымен, сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуге, академиялық еркіндікті дамытуға және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға бағытталған.
Білім беру ұйымының басшысы ретінде жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымға ерекше назар аударылуын ел болашағына жасалған инвестиция ретінде қабылдаймын. Себебі кез келген мемлекеттің табысты дамуы – оның адами капиталына, кәсіби даярланған, саналы әрі жауапты азаматтарына тікелей байланысты. Конституциялық негіздердің нығаюы жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қоғам өміріне саналы түрде араласуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдары үшін тұрақты құқықтық орта қалыптастыру, инновациялық бастамаларды қолдау, заманауи технологияларды енгізу және сапалы кадр даярлау ісін жүйелі дамыту – жаңа конституциялық негіздермен сабақтас маңызды бағыттар.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның өркениетті, әділетті және білімге негізделген қоғам құру жолындағы маңызды қадамдарының бірі.
Нұрбибі СМАҒҰЛОВА
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінің директоры


