Ресми
Конституция жобасында білім беру саласына ерекше мән берілген
Жаңа Конституция жобасында білім беру саласына ерекше мән берілуі – өте маңызды әрі дұрыс шешім. Конституциялық деңгейде бастауыш және орта білімнің міндеттілігі мен оны мемлекеттік оқу орындарында тегін алу кепілдігінің бекітілуі – әрбір баланың білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының нақты көрінісі.

Білім – кез келген мемлекеттің дамуының негізгі тірегі. Сондықтан білімге қолжетімділікті Ата Заңда нақты бекіту – елдің болашағына жасалған стратегиялық инвестиция. Мұндай норма жастардың сапалы білім алып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жол ашады.
Сонымен қатар, білім беру жүйесінің басты тірегі – ұстаздар қауымы. Педагог мәртебесін арттыру, олардың еңбегін құрметтеу және тұрақты қолдау көрсету – қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру саласының Конституцияда нақты көрініс табуы ұстаз мамандығының маңызын арттырып, кадрлық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Сапалы білім алған ұрпақ – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, мемлекетіміздің тұрақты дамуына негіз болады. Сондықтан жаңа Конституция жобасында білім саласына қатысты нормалардың енгізілуі – зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп санаймын.
Жанұзақ МАКИШЕВ
Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінің халық шығармашылығы бойынша әдіскері



